100 • 08 Тамыз, 2019

«Ұшқын» газеті: Әйелдер еркі дегенді абайлап, алды-артына қарап түсіндіру керек

798 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа айдардың кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. «Әйелдерге ерік» мақаласы 1920 жылы «Ұшқын» газетінің №21 санына шыққан. 

«Ұшқын» газеті: Әйелдер еркі дегенді абайлап, алды-артына қарап түсіндіру керек

Әйелдерге ерік

(Қостанайдан)

Ел ішінде әйелдер «әйелдерге ерік» дегенді бұрынғы еріңнен шығып, кім болса соған тиіп жүре бер деген деп түсінеді. Және айтушылар да болса анық еріктің не нәрсе екенін түсіндіріп жеткізбейді. Ерік олай біреуден шығып, екіншіге; екіншіден үшіншіге бару емес. Шын ерік – бұрынғыдай күңдік дәрежесінде езіліп жүрмей, адамгершілік міндетін алып, заманың келгенде тіршілігіңе лайық ерлермен бірге қол ұстасып, солардың істегеніндей, басқа халықтың бостандықта жүрген әйелдері қандай болса, сондай болып іске кірісу. Бұл кезде ел арасында жүрсеңіз ылғи жиын – әйелдің дауының үстінен шығасыз. Қаладағы қазақ кеңсесі болса, алдында бұрымы кесілген, шашы қиылған, қашып кеткен, тартып алынған әйелдердің толып отырғаны. Әйел неге қашады, кімнен кімге барады деген мәселені қарасақ, әйел бір нәрсенің парқын біліп қашқан емес. Қашқанда қашатын – жарлының әйелі дәулетті біреуге еріп жүре береді. Ал енді дәулетті байлар болса, о да қарап отырмайды, жеп үйренген ауыз, жуан білек. Қаншама үкімет жарлылар үшін тырысып жатса да, бұрынғыдай бір жағынан жарлыларды әурелеп, жақсы әйелдері болса, әйелдерін азғырып алуда. Сөздің майын тамызып, ханша қылып қоямын деген соң, жарлының әйелі тұра ма, еріп жүре береді. Егер бір мақсатпен, болмаса, теңін тапқан болып барса, жас әйелдер шалменен қашады. Бұл теңі ме?

Міне, қазіргі уақытта ел арасында өткен 1917-1918 жылдарда бүкіл Түркістанға болған ашаршылық ауру Ақмешіт, Қазалы үйездерінде де болып, бейшара жарлы қазақтар наны көп, тарысы көп жерге жетіп қалайық деп ауып келген елдер көп. Бір жағынан ауру қысқан соң, «жанымыз аман қалар ма екен, астығы мол әрі бай, оның үстіне қашаннан бұл үйездердің қазақтары араласып жатқан ғой, алдарына барып, көзімізді сүзіп жатсақ, аузымызға бірнәрсе тамызар» деген пікірмен келіп қалған. Жесірі кеткен, әйелдері қашқан осы елдерде көп ұшырайды. Аш кісіде ес бола ма, өздерін нанға тойғызған соң, әйелге жарымай жүрген отырықшы байқұс байлар азғырып, әйелдерін ала бастайды. «Күштінің құйрығы диірмен тартады» деген. Өзі аш, өзі ауып келген жұрт оларға не қылсын, екі қолын мұрнына тығып қала береді. Бұлардың сөзін сөйлейтін тура би де көрінбейді. Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін дегендей бәрі де байдың қошаметінде жүргені. Мұндай оқиға жалғыз Қостанай үйезінде емес, тағы да наны бар Ақтөбе үйезінде де кеңселерінің алдында толып отырған қатын көп көрінеді. Январь айының ішінде Ақтөбеде болған Жалпы қазақ конференциясына келген Түркістан делегаттарының алдынан шығып, ауып келген Түркістан жұрты жатақтардан көрмеген қорлығымыз жоқ, әйелімізден әйел қоймады, тартып алады деп те зарлаған. Міне, елдің әйелдер еркіне түсінуі.

Біреулердің айтуына қарағанда әйелдер теңін тауып кеткен болады-мыс. Шарқ әйелдерінің ерінен шығып, бала-шағасын тас­тау махаббаттың қысқандығы, теңін тапқандығы емес – ішінен адам азғырушыларына еріп, бұрынғы тұрмысымнан шығамын, байға тиіп, сегіз қарыс қара сабаға ие болып отырамын деушілік. Онымен орнына келе қойса жақсы, баяғы айқайға үйренген байекеңнің айқайын, сөккенін естіп, қамшының астында жүргені.

Соның үшін жаңаөспірім азаматтардан өтініш: әйелдер еркі дегенді абайлап, алды-артына қарап түсіндіру керек.

Қарт ақсақалдар қарттық ретін біліп, тамаққа, жақынға бұрмай, әр кісіге бірдей қарауы тиіс.

 

Ы. Д.