Полковник Мұқаш Шопанұлы Омаров 1925 жылы Қорғалжын ауданының Жосалы ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң аудандық тұтынушылар қоғамында қатардағы қызметші, содан соң мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жұмыс істейді. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Мұнда парашютист, радиооператор, пеленгаторшы, байланысшы сияқты кәсіпті игеру үшін арнайы бір жылдық әскери дайындықтан өтеді. Бұдан соң осы мамандықтар бойынша 4-ші гвардиялық әуе-десант бригадасында әскери міндетін атқарады. Кейін бұл құрылым 9-шы гвардиялық армия қарамағындағы 38-ші гвардиялық корпустың 147-ші атқыштар полкіне еніп, 1945 жылдың басында 3-ші Украин майданының құрамына тапсырылады.
Мұқаш Омаров артиллериялық дивизия басқармасының байланыс взводы бөлімшесінің командирі қызметін атқара жүріп, Венгрия мен Австрия елдерін неміс фашистерінен азат ету майданына қатысады. Соғыста жүріп ауыр жараланады, контузияға ұшырайды.
1945 жылы елге оралған соң Қорғалжын аудандық оқу бөлімінің әскери инспекторы болып істейді де содан 1946 жылы республикалық Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) Алматыдағы бір жылдық мектебін бітіріп, кейін КСРО ІІМ-нің Москвадағы арнаулы оқу орнын аяқтайды. Сөйтіп, ол бүкіл саналы өмірін зейнет демалысына шыққанға дейін әуелі ІІМ-де, сосын 1954 жылдан бастап қауіпсіздік органдарында қызмет істеуге арнайды.
Мұқаң Жезқазған облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі басшылық қызметіне терең білімімен, оперативті мәселелерді шешудегі іскерлігімен, ғажап сауаттылығымен өзі басқаратын мекемеде ғана емес, республика көлемінде бастықпын деп жүрген талайлардан шоқтығы биік тұратын. Артық айтқандық емес. Мұны жұрттың бәрі білетін, мойындайтын. Ішкі шаруашылыққа келсек, бағынышты қызметкерлерге керемет талап қоятын, тәртіпті қатаң бақылайтын. Алайда, тәжірибесі аздығынан жұмысты білмей жатқандарға, әсіресе жастарға, түсіністікпен қарап, оларды оқытып, үйретуден жалықпайтын.
Мұқаңның бір қасиеті оперативтік қызмет болсын немесе таза шаруашылық істер болсын, егер дұрыстығына көзі жетсе, оны кез келген деңгейде – Алматыда ғана емес, Москваның алдында дәлелдей алатын. Облыс басшыларымен тіл табысып, олармен тәп-тәуір қарым-қатынас орнатты. Соның нәтижесінде ұжымда шешілмей жатқан көп мәселелер ойдағыдай реттеліп отырды.
70-жылдардың орта кезінде автономия құрылмайтындығына көзі жеткен неміс ағайындар бұған наразылық есебінде көптеген жерлерде кеңестік төлқұжаттардан бас тартып, тарихи Отаны – Германияға жаппай қоныс аудару науқанын өрістетті. Кеңес өкіметі үшін мұның өзі қай жағынан болса да тиімсіз еді. Жер-жерлерде осындай ниет байқатқан неміс азаматтарын қудалау басталды. Жамбылда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Алматыда бір топ немістер сотталып, кейбіреулерін психиатриялық ауруханаға күштеп орналастыру фактілері орын алды.
Жезқазғанда тұратын неміс қауымы да қол қусырып отырмады. Олар Қарағанды, Тоқмақ, Алматымен байланыс жасады. Ресми орындарда тіркелмеген жеті адамнан комитет құрды. Оны ұйымдастырған дінбасылары Фризен мен Классен Қазақстанға келген шетелдіктер арқылы Германия елшілігіне тарихи Отанына көшкісі келетіндердің тізімін жасырын түрде жеткізді. Мұнымен бірге комитет басшылары тұрғындарға неміс колониясының тарихы туралы ақпар берді, Кеңес өкіметі тарапынан жасалып отырған қиянат туралы лақап таратады. Билікке қисынға келе қоймайтын, орындауға болмайтын талаптар қояды. Сөйтіп, шет елге жаппай қоныс аудару пиғылын қоздырып, өкіметке қарсы өшпенділікті арттыра түсуге әрекет жасайды. Формальді түрде осының бәрі, сайып келгенде, қылмыстық істің негізін құрайды. Ал республикалық МҚК сөз болып отырған оқиғаға қатысты адамдарды соттап, қамауға алуды талап етеді.
“Оларды түрмеге қамағанмен мәселе шешілмейді, сондықтан заңға сәйкес алдын алу шараларын жүргізу керек”, деген Мұқаңның сөзіне алматылық басшылар көнгісі келмейді. Бұдан соң ол обкомның бірінші хатшысы К.С.Лосевке барып, мән-жайды жайлап түсіндіреді.
Жазалау саясаты проблеманы түпкілікті реттей алмайды. Өйткені, ең алдымен немістер көтерген мәселені жөнге келтіріп алғанымыз жөн. Кезінде “жаппай жер аудару қателік болды, сондықтан кінәларың жоқ, ақталдыңдар” деген жарлық бар. Олай болса, бұрынғы автономия неге қалпына келтірілмейді? Сонда олар ұлт есебінде жойылып кетпес үшін тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақтау мақсатымен не істеуі керек? Сол үшін тарихи Отанына кетуге рұқсат беріңдер деген талап қажеттіліктен туындаған жоқ па?
Әрине, мұндай жағдайды кейбір экстремистер өз пайдасына шешкісі келеді. Оны ушықтырып, ұжымдық сипат, саяси астар беріп жүргендер де жоқ емес. Бірақ қалай болған күнде де көпшілігін соттап, түрмеге қамау нәтиже бермейді. Одан да тыныш отырған жұртты теріс жолға итеріп, оларға жанашырлық жасаған болып заңсыз жолға итермелеп, арандатып жүрген бір-екі адамға ғана ескерту жасаған дұрыс емес пе?
Белгіленген тәртіп бойынша қоныс аударғысы келгендерге Германияда ең жақын туыстары болса және олар “бізге келіңдер” деген шақыру қағазын жіберсе ғана рұқсат етілетін. Мемлекетаралық шарт бойынша өтініш тек жеке тұлғалардан алынады, ал ұжымдық түрде берілген арыз-шағым қаралмайды. Алайда, Фризен мен Классен неміс елшілігінен осындай мазмұнда хат алса да, оны қандастарынан жасырады, ұжымдық қозғалысқа, топ болып наразылық білдіруге шақырады. Неміс комитетіне басшы болып жүргендерді түрмеге жапқаннан гөрі олардың екіжүзді қылығын қандастарына паш еткен тиімді еді. Ал сот арқылы жауапқа тартылса, өкімет “жазықсыз жанды репрессияға ұшыратып жатыр” деп сыбайластары арқылы бүкіл әлемге жар салады, сөйтіп оп-оңай арзан абырой-беделге ие болады.
Болып жатқан осындай жағдайдың бәрін обкомның бірінші хатшысы К.С.Лосевке баяндағанда бұл пікірді облыс басшысы қолдады. Мұқаң белгілеген іс-шаралардың жүзеге асырылуы толық мақұлданды. Фризен мен Классенді немістердің өзі діни басшылықтан қуды, олар үшін жазаның ең үлкені де осы еді. Өйткені жұрт алдында өтірікшілігі әшкереленіп, абыройы айрандай төгіледі, масқара болады. Комитет таратылады, ал ежелгі Отаны – Германияға біржола көшуге құқығы бар азаматтарға заң шеңберінде рұқсат етіледі. Сөйтіп, мәселенің бәрі сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша у-шусыз, құқықтық арнаға түсіп, бірде-бір адам түрмеге жабылмайды.
* * *
Әділдік туын көтеріп, шындықты жақтайтын, қажетті жерде “ақты ақ, қараны қара” деп принциптік көрсете алатындардың жолы оңай болып көрген емес. Оны өмірден көріп жүрміз. Мұқаң сондай адамдардың қатарына жатады. Оның ар тазалығын қадірлегені, адамгершілік қасиетті жоғары ұстағаны үшін талай қиын жағдайларға ұшырағаны да бар. Бастыққа жағынамыз деп жарамсақтану, тәуір көрсеткіш, атақ-дәреже алу үшін заңды белінен басу, шындықты бұрмалау деген Мұқаңа мүлде жат.
Адам тағдырына Мұқаңның қандай жанашырлықпен қарайтындығын сезу үшін өзі айтқан бір оқиғаны баяндай кеткен жөн болар. Оның қысқаша мазмұны мынандай.
Бірде өзімен үзеңгілес жүрген қызметкердің ұзақ іссапарға кетуіне байланысты соның қарауындағы Шилов деген инженердің қылмыстық ісімен айналысқаны бар. Істі тапсырып жатып сол жолдасы: “Сен оны аяма. Үйінен ешкімді жолатпа, сәлемдеме бергізбе. Қайда барады дейсің, мойнына алады”, – дейді.
Сол кездегі (1948) заң бойынша айыпкерден “қылмыс жасадым” деген сөз аузынан шықса-ақ, басқа пәлендей дәлел болмаса да оны соттап жіберуге болатын. Сондықтан да тергеушілер көп жағдайда дәлел, деректерді іздеуден гөрі бар күшті айыпкерді мойындатуға жұмсайтын. Қорқытып, үркітуден, жан азабынан, басқа көрген қорлықтан әбден шаршап, қажыған адам ақырында жасамаған қылмысын мойындап, сотталып кете баратын. Ісін соттан өткізген тергеуші керемет бір шаруа тындырғандай көңілі көншитін. Мұның ешбір қызық-қуанышы болмаса да, өкінішке қарай, осындай жағдайдың сол уақытта елімізде етек алғаны ащы да болса шындық еді.
Ал жаңағы сөз болған істі қысқартып айтсақ, былай екен. Шилов 20-жылдардың аяғында Қиыр Шығыста Қызыл әскер қатарында жүрген кезінде контрреволюциялық үгіт-насихат жасағаны үшін РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы бойынша он жылға сотталыпты-мыс. Түрмеде жазасын өтеп жүрген кезде, 1930 жылы, лагерьден қашқан сияқты. Ресейдегі туысына барып, институт бітіргеннен кейін Семейдегі бір кеніште бас инженер болып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына қатысады. Көптеген орден, медальдарға ие болып, капитан шенінде елге оралады. Содан Алматыға келіп, Ішкі істер министрлігіне қарасты бір мекемеге өз мамандығы бойынша орналаспақшы екен. Бірақ арнайы тексеріс жүргізілген кезде оның қылмыскер есебінде Бүкілодақтық ізденісте жүргендігі белгілі болады. Осыған орай қайтадан қамауға алынып, бұрынғы айыбына лагерьден қашты деген сылтаумен бұған контрреволюциялық бүлік деген пәле (58-баптың 14-тармағы – саботаж) және қосылады.
Алайда, тергеушілер жан-жаққа қанша сұрау салса да айыпталушыға қатысты бұрынғы қылмыстық істі таба алмайды. Аты-жөнін, өмірбаяндық деректерін ешқандай өзгеріске ұшыратпаған Шилов болса “мен сотталған емеспін, сондықтан ешқандай лагерьден қашқан жоқпын” дегеннен бір таймайды.
Бірақ Шиловтың пайдасына шешілетін тағы бір жайлар бар еді. Ол Ресейдің батыс облысында туып-өскен, демек, түрмеден қашып кеткендігі және оны іздестіру жөніндегі материалдар, егер бар болса, сол туған жерінде сақталуы тиіс. Алайда, соғыс кезінде немістердің басып алу қаупі туған кезде құқық қорғау органдары ондай материалдарды жау қолына түспесін деген оймен өртеп жіберуі де ықтимал.
Қалай болған күнде де тиісті дәлел болмағандықтан тергеу тұйыққа тіреледі. Ал Шилов болса контрреволюцияға қатысы бар аса қауіпті қылмыскер есептелгендіктен оны босатуға жатпайтын. Тәртіп солай.
Мұқаң соңғы қозғалған қылмыстық істі тағы да мұқият оқып шықты. Айыпкер жасады деген қылмысқа дәлел жоқ. Соған қарамастан бұрынғы тергеуші оның өмірбаянына қатысты сауалды жаудыра берген. Жобасы сұрақ кезінде бірдеңеден шатасып қалса соны дерек есебінде пайдаланбақ болғанға ұқсайды. Ал Шилов “көргем жоқ, білгем жоқтан” басқа ештеңе айтпайды.
Жоқ жерден барды табу қиын. Екіншіден, Шилов лагерьден қашып кетті дегеннің өзіне 17 жыл өтті. Институт бітірді, жұмысын адал өтеді. Ұлы Отан соғысына қатысты, елін, жерін қорғады. Көптеген орден, медальдармен наградталды. Яғни, оны тап қазір қоғамға қауіп төндіретін адам деп айтуға болмайды. Олай болса, бас бостандығынан айырып, түрмеге отырғызудың қажеті бар ма? Және не үшін?
Міне, осы жағдайларды ескере келіп, Мұқаң Шиловты қамауға алуға негіз жоқ, оны босату керек деген шешім шығарады. Жас тергеушінің мұндай батыл қимылына тәжірибелі қызметкерлер, оны заңмен қабыстырып, дәлелін қалай табар екен дегендей таңдана қарағаны рас. Бірақ Мұқаңның бұл орынды пікірі басшылық тарапынан қолдау тауып, іс тоқтатылады, ал тоғыз ай абақтыға негізсіз қамалған Шиловты үйіне жібереді.
Проблема тұтқынға түскен бір адамда емес қой. Тергеушінің қателесуге құқығы жоқ. Өйткені, әр шешімнің артында тірі адам, оның қилы тағдыры болатындығын әрдайым есте ұстаған жөн. Мәселе принципте. Шиловты ақтауға байланысты оқиға сонау 40-жылдардың аяғында болса да, оның ұмытылмай Мұқаңның көз алдында бүгінгідей елестеп тұратындығы содан болса керек. Бұл жағдай оның өміріне өшпестей із қалдырды.
* * *
МҚК тарапынан елдің бірлігін сақтап, іші-сыртымыздың тыныш болуы мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, белгілі себептерге байланысты біраз уақыт құпия сақтау қажет болғандықтан жұрт оны кезінде ести бермейді. Осыған орай бір оқиғаны еске түсіріп көрейік.
Осыдан қырық жылдан астам бұрын ұлы көршіміз Қытай жерінде мәдени революцияның кең көлемде өріс алған кезеңінде Абдрашитов (аты өзгертіліп алынды – А.К.) деген біреу саяси сахнаға шығуға тырысып бақты. Ол түбі шыңжаңдық жерлес азаматтардың басын біріктіріп, қандастарын ұлыхандық езгіден соғыс жолымен азат ету керек деген желеумен бұрынғы КСРО аумағында әскер құруға әрекет жасапты. Осы мақсатпен ертеректе Шыңжаң өлкесінде өмір сүрген Шығыс Түркістанның Халықтық Революциялық партиясын (ШТХРП) тірілтпекші болады. Ынталы топтың атынан коммунистік және жұмысшы партияларының халықаралық кеңестерін өткізумен айналысып, Будапештегі консультативтік Комитетке хат жазып, одан ШТХРП-ны тануды, оның өкілдерін өткізілейін деп отырған әлемдік форумға шақыруын өтінеді. Сонымен бірге ол ұйғырлар арасында кеңес басшылығы Шыңжаң халқына екі рет – 30-жылдары гоминдандық Шэн-Шицай басшылық жасаған уақытта және 1950 жылы халықтық өкімет құрылған кезде сатқындық жасады деген хабар таратты. КСРО Шыңжаң есебінен осы жолы да қытайлармен сөз байласып, келісім жасауда деп қандастарын сендірмек болды.
Сол кезде Шыңжаңдағы саны аз халықтардың кейбір проблемалары шын мәнінде бар еді. Содан болар, Абдрашитовтың бұл ісі КСРО-да тұратын кейбір ұйғырлар тарапынан қолдау тапқаны да рас. Абдрашитов өзімен сыбайлас, пікірлес Ташкентте тұратын Файзолламен (аты өзгертілген – А.К.) Алматыда кездесті. Бұл жүздесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанды мекендейтін шыңжаңдық ұйғырлардың Мао Цзе Дун қолшоқпарларына қарсы күрес жүргізудегі ортақ бағытын айқындау көзделген еді. Алайда, қозғалыс басшылығы жөнінде пікір алшақтығы болғандықтан бұлар бірлескен тұжырымға келе алмады.
Абдрашитовтың бұл қимылы Мао Цзе Дун өкіметіне бағышталған күреске ешқандай қатысы жоқ болатын. Мұның өзі тек КСРО мен Қытай арасындағы онсыз да оңып тұрмаған қарым-қатынасты одан әрі шиеленістіре түсуге ықпал жасауы мүмкін еді. Сонымен бірге Қытай басшыларын Шыңжаң халықтарына қарсы қуғын-сүргінді күшейтуге итермелейтін нағыз арандатушылық әрекет деп бағалауға болады. Жоғары басшылық солай деп есептеді де. Сондықтан МҚК ұйғыр “көсемінің” осы қауіпті іс-әрекетіне тойтарыс беруі қажет еді. Ал осы жауапты іс-шараны дайындап, жүзеге асыру Мұқаңа тапсырылды.
Ең алдымен Абдрашитов жөніндегі қандай деректің бар-жоғы зерттелді. Жалпы осы оқиғаға байланысты материалдардың бәрі сұрыпталып, талдау жасалды. Сөйтсек, біраз дүние бар екен. Абдрашитов Шыңжаңда тұрған кезінде Дүрбілжінде астыртын жұмыс жүргізген өзінің бауырлас патриоттарын бірнеше жыл бойына гоминданның қарсы барлау органына ұстап беріп отырған. Кейін халықтық өкімет орнағанда да қоғамдық қауіпсіздік органдарымен байланыста болып, оның құпия хабары бойынша Қытайға қарсы бүлікшіл іспен айналысты деген айып тағылып, Құлжада бір топ ұйғыр жастары қуғын-сүргінге ұшыраған.
Абдрашитов 1944 жылы халық азаттық соғысында қаза болған Шыңжаңның халық Батыры, өзімен бірге туған Ризвангүлдің атақ-даңқын қарақан басының пайдасы үшін шеше білген. Өкіметтің сеніміне кіріп, провинциялық комсомол комитетінің хатшылығына сайланады. Ал 60-жылдардары оның билікке жағынып, қандастарына жасаған әрекеттері белгілі бола бастаған кезде ұйғыр халқының қаһарынан қорыққан ол, Қазақстанға қашып, бас сауғалайды. Олай болса, мұндай принципсіз, сынаптай құбылмалы адамнан не үміт, не қайыр. Бірақ оңайлықпен тоқтайтын ол жоқ. Халық сеніміне кіріп, тағы да ұйғырлар мен қытайлар арасына от жаққалы тұр. Үлкен сахнаға қайтадан шыққысы келген Абдрашитовтың саяси келбеті осылай болатын. Ендігі міндет жұрт біле бермейтін осынау шындықты ұйғырдың зиялы қауымына жеткізу керек еді. Солай жасалды да.
Ғалымдар мен жазушылар, өнер қайраткерлері, ұйғыр зиялыларының көрнекті өкілдері Абдрашитов жөніндегі сұмдық шындықты естігенде бомба жарылғандай әсер етті. Оған жұрт лағнет айтып, ал онымен сыбайлас, жақын жүргендердің өзінен теріс айналып, кездесе қалса, жиіркеніш сезімін білдіріп, маңайларына жолатпайтын болды. Абдрашитов пен Файзолла арасындағы ұрыс-керіс, өсек-аяң молайып, бітіспес күреске ұласты. Ақыры екеуі де беделден жұрдай болды. Сөйтіп, Абдрашитов қоздырған саяси зиянды ниет біртіндеп басылып, ең соңында мүлдем тынышталды.
* * *
Үлкен өмір өткелінен өткен Мұқаш ағамыздың еңбек жолы, шығармашылық қызметі жөнінде әңгіме болса, сөз жоқ, көз алдымызға Зейнеп жеңгеміз елестейді. Қадірлі ағамыздың Ұлы Отан соғысына қатысып ауыр жарақат алуы, сосын қауіпсіздік саласындағы ұзақ жылғы үзіліссіз қызметі үй ішіне жайлы болды деп айта алмаймыз. Таңның атысынан түн ортасына дейін жұмысбасты болған оған сенбі, жексенбі дегеннің қатысы шамалы болатын. Түннің бір уағында шырт ұйқыда жатқанда телефон безілдеп, қызметке кететін кездер аз болған жоқ. Міне, осының бәріне түсіністік көрсетіп, Мұқаң ағамыздың қас-қабағына қарап, оның Отан, ел алдындағы міндетін абыроймен атқаруға Зейнеп жеңгеміздің үлесі мол екендігін ерекше атап айтқымыз келеді.
Амантай КӘКЕН, отставкадағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық “Жалын” журналының Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлығының лауреаты. Астана.