01 Наурыз, 2013

Джон Керри Мемлекеттік хатшы қызметіне қалай келді?

312 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Джон Керри Мемлекеттік хатшы қызметіне қалай келді?

Жұма, 1 наурыз 2013 7:43

Ең тәжірибелі сенаторлардың бірі, белгілі сая­саткер Джон Керридің АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметіне ресми түрде кіріскеніне үш аптадан астам уақыт өтті. Конгресте оның кандидатурасына демократтар да, республикашылар да түгелге жуық қолдау білдіріп, дауыс берді. Бұл бірнеше ғасырлық тарихы бар АҚШ Конгресінде өте сирек кездесетін жағдай еді.

 

Жұма, 1 наурыз 2013 7:43

Ең тәжірибелі сенаторлардың бірі, белгілі сая­саткер Джон Керридің АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қызметіне ресми түрде кіріскеніне үш аптадан астам уақыт өтті. Конгресте оның кандидатурасына демократтар да, республикашылар да түгелге жуық қолдау білдіріп, дауыс берді. Бұл бірнеше ғасырлық тарихы бар АҚШ Конгресінде өте сирек кездесетін жағдай еді.

Бүгінде сарапшылар жаңа Мемлекеттік хатшының бұл жоғары лауазымды қызметке осыдан төрт жыл бұрын, яғни Барак Обаманың президенттік сайлауда жеңіске жетіп, алғаш рет ел президенттігіне сайланған кезде келуіне мүмкіндігі болған деген пікірлер айтады. Өйткені, президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесі жария етілісімен, елдің сыртқы саясатына басшылық жасауға лайықты әрі негізгі үміткерлердің бірі ретінде осы Джон Керридің аты аталған екен. Бұл жерде оның ішкі және сыртқы саясаттағы мол тәжірибесі, өткір мәселелерді шешудегі белсенділігі басшылыққа алынса керек.

Бірақ Ақ үйдің жаңа басшысы өзінің командасына сенатор Джон Керриді емес, елдің экс-президентінің зайыбы, саясаткер Хиллари Клинтонды алуды жөн санаған. Бұған сенатордың кәдімгідей «көңілі қалған» сияқты. Өз кезегінде Президент бұдан ұтылған жоқ. Хиллари Клинтон Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған төрт жыл ішінде өзі басқарған құрылымды бұрынғыдан да салмақты, бұрынғыдан да беделді ете түсті. Өткен төрт жылда 100-ден астам мемлекетте сапарда болып, ұшақпен 1,5 миллион шақырым жол жүруі Хиллари Клинтонның өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын нағыз дипломат екенін көрсетіп берді.

Сарапшылардың жасаған болжамдарына қарағанда, Барак Обама сенатор Джон Керридің «көңілін» тағы бір мәрте қалдырған көрінеді. Ол осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрынғы сайлауалды науқанына қатысты. Президенттік сайлау науқанының бастапқы сатысында вице-президенттікке кандидаттардың тізімінде Джон Керридің де аты-жөні болған. Бұл жолы Барак Обама вице-президенттікке кандидат ретінде Сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің басшысы Джозеф Байденді таңдаған. Ал тізімнен «сызылып» қалған Джон Керриге осы аталған комитет басшысының орны бұйырған еді.

Конгрестің жоғарғы палатасы­ның іргелі бір комитетіне жетек­шілік етіп келген Джон Керри қазіргі Мемлекеттік хатшы лауазы­мына бірден ұсыныла қойған жоқ. Барак Обама АҚШ Президенті болып екінші мерзімге сайланған кезде Пентагон басшылығына Сенаттың халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің басшысы Джон Керридің, ал Мемлекеттік хатшы қызметіне АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сьюзан Райстың кандидатураларын ұсынуы мүмкін деген ақпараттар тараған болатын. Арада біраз уақыт өткенде жағдай басқаша тұрғыда өрбіді. Бұған Сьюзан Райстың ел президентіне өз кандидатурасын Мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынудан бас тартатындығы жөнінде хат жолдауы себеп болды.

Бастапқыда елдің сыртқы саясат ведомствосының басшылығынан бірден-бір үміткер әрі мүмкіндігі жоғары деп саналған С.Райс хатында Барак Обамадан өзінің кандидатурасын Мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынбауды өтіне келіп, Сенат оның кандидатурасын бекітулері екіталай екенінен хабардар етіпті. Сонымен қатар, ол бекіту үдерісі «ұзаққа» созылатынын және бұл сенаторлар арасында «талас» тудыратынын да ашық айтыпты. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, АҚШ президенті С.Райстың бұл шешіміне өкініш білдірген екен. Барак Обама оның жұмысын «Райс АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі қызметін өте тиімді және кәсібилікпен атқарып жүр» деп жоғары бағалаған.

Сьюзан Райс Мемлекеттік хатшы лауазымынан бұл қызметті атқара алмаймын деген оймен бас тартып отырған жоқ. Бұл жерде өткен жылдың 11 қыркүйегінде Бенгази қаласындағы АҚШ-тың консулдығы ғимаратына жасалған қарулы шабуыл еске түседі. Сол террорлық әрекет кезінде АҚШ елшісі Кристофер Стивенсон қаза тауып, дипломатиялық миссияның тағы үш қызметкері жараланған болатын. Осы террорлық әрекет­ке байланысты түсінік берген­ С.Райс «Елшілікке шабуыл­ «Мұсылмандар күнәсіздігі» фильмі­не қатысты стихиялы түрде жасалған. Ливиялықтар исламға қарсы фильмнен туындаған тәртіпсіздікті пайдаланды» деп мәлімдеген еді. Кейін оның осы мәлімдемесі болған оқиғаны жете зерттемей, асығыстықтан жасалған деп танылды.

Әсілі, сол 11 қыркүйек күні Бенгазиде қандай да бір қарсылық акциясы немесе шеру өтпеген екен. Ал дипломатиялық миссия ғимаратына жасалған шабуыл алдын ала ойластырылып, мұқият жоспарланған террорлық әрекет екені дәлелденді. Содан кейін-ақ С.Райс демократтар тарапынан да, республикашылар тарапынан да, тіпті саясаткерлер тарапынан да өткір сынға ұшырады. Осылайша, ол президентке өзінің кандидатурасын Мемлекеттік хатшылыққа ұсынбау жөнінде хат жолдап, өтініш білдіруге мәжбүр болды. АҚШ Конгресінің сенаторлары жауапты тұлғаның асығыстық танытып, шалыс басқан қадамын, дәлірек айтқанда, жіберген қателігін кешірмесе керек.

Мақаланың басында Джон Керридің кандидатурасына сенаторлардың барлығы дерлік қолдау көрсеткенін, бұл Конгресте сирек кездесетін жағдай екенін атап өткен едік. Мұны жаңа Мемлекеттік хатшыға сенаторлар тарапынан берілген жоғары баға, нық сенім деп қабылдаған жөн шығар. Оның үстіне Барак Обама Джон Керридің кандидатурасын Сенатқа ұсынған кезде «Джон бұл жұмысқа өмір бойы дайындалды» деп айтқаны көп нәрсені аңғартады.

Шынында да, «дипломатия» сөзі оған бала кезден таныс болған. Әкесі Ричард елуінші жылдардың басында Мемлекеттік департаментке қызметке қабылданып, онда он жылдан астам жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде ол отбасымен бірге көптеген елдерді аралапты. Ал Джон Керридің халықаралық қатынастар ісімен кәсіби түрде айналысқаны 1985 жылы сенатор болып сайланғаннан кейін басталған. Сол жылдың өзінде-ақ ол Никарагуаға сапармен барып, ел президенті Даниэль Ортегамен азамат соғысын тоқтатуға қатысты келіссөз жүргізеді. Келіссөз нәтижелі болмағанмен, оның осы сапары АҚШ-тың никарагуалық көтерілісшілерге қаржылай қолдау көрсетуді белгілі бір деңгейде төмендетуіне мүмкіндік береді.

Джон Керридің бұдан кейін де талай мәрте шет мемлекеттер лидерлерімен кездесуіне тура келіпті. Ал оның дипломатиялық қызметінің ерекше жарқырап танылған тұсы – Барак Обаманың алғашқы президенттік мерзімі кезеңі. Сарапшылардың пікірін­ше, сол кезде сенатор АҚШ пре­зидентінің ең қиын және өткір мәселелер тапсыратын ресми­ емес жеке елшісі болған. Сарап­шылардың бұл пікіріне қосылуға болады. Мысалы, 2009 жылы Б.Обама президенттік сайлаудың екінші турында жеңіліп қалудан сақтанып, Д.Керриді сайлауды өткізбеу туралы шешім қабылдауға ниеттенген Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен келіссөз жүргізуге тапсырмамен жібереді. Мәселеге байланысты Джон Керри төрт күн бойы Ауғанстан басшысымен өзара сұхбаттасып, ақырында мұндай қадам ауыр зардаптарға соқтыратынына оның көзін жеткізеді. Егер Карзай сайлау өткізбеу жөнінде шешім қабылдағанда, онсыз да тұрақсыз Ауғанстандағы саяси жағдай тіпті шиеленісе түсер еді.

Жаңа Мемлекеттік хатшының соңғы жылдары АҚШ-пен ара-­қатынасы нашарлаған Пәкс­тан билігімен де кезінде бел­гілі мәселелерге байланыс­ты істес болғаны айтылады. Мәселен, ол Пәкстан тарапымен келіссөз жүргізе отырып, Усама бен Ладеннің көзін жою операциясы барысында осы елдің аумағына заңсыз кіріп кетіп, атып түсірілген тікұшақтың сынықтарын қайтаруға күш салды. Сондай-ақ, адам өлтірді деп айыпталып, Пәкстанда тұтқынға алынған АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметкері Рэймонд Девисті бостандыққа шығарған да осы Джон Керри болатын.

Сенатор әрі саясаткер ретін­де Джон Керри ел ішінде де ықпалды тұлға болып танылды. Ол Ливияның әуе кеңістігіне әуе кемелерін ұшырмау аймағын енгізуді қолдап, соған орай мәселе көтерген сенатордың бірі болды. Сонымен қатар, ол – АҚШ пен Ресей арасындағы Стратегиялық шабуылдау қаруын қысқарту туралы жаңа шартқа қол қоюға Сенаттың келісім беруіне ерекше ықпал еткен саясаткер.

Джон Керридің әлемдегі іргелі мемлекеттің бірі – АҚШ-тың сыртқы саясат ведомствосы басшылығына келуі оның дипломат ретіндегі кезекті жеңісі деп бағалануда. Тіпті, оның кандидатурасы Конгреске ұсынылғанда, билікке жиі сын айтатын белсенді демократ, Аризона штатынан сенаторлыққа сайланған Джон Маккейннің өзі Керри жөнінде жақсы пікір білдірген еді. Бір жағынан бұл тәжірибелі екі сена­тордың достық қарым-қатынасын айғақтаса, екінші жағынан шетелдерде елдің мүддесін қорғайтын Мемлекеттік хатшы қызметіне Джон Керри сияқты нағыз лайықты тұлғаның келгенін мойындау десек, артық болмайды.

Осыдан біраз күн бұрын АҚШ­ президенті елдің Қорға­ныс министрі қызметіне Чак Хейгельдің кандидатурасын ұсынды. Бірақ оның кандидатурасы Конгресс мүшелері – сенаторлардан күткендегідей қолдау таппаған-ды. Оның әлі де мүмкіндігі бар. Егер Конгресс Чак Хейгельдің кандидатурасын Пентагон басшылығына бекітетін болса, жаңа Мемлекеттік хатшы мен жаңа Қорғаныс министрі бір-бірімен тығыз байланыс­та жұмыс істейтін «сәтті жұп» болмақ. Себебі, Джон Керри де, Чак Хейгель де кезінде Вьетнам соғысына қатысқан. Адам өмірінің қаншалықты қымбат екенін жақсы біледі. Соғыс атаулы адамзат баласына орасан зор шығын әкелетінін өте жақсы түсінеді.

Джон Керридің Мемлекеттік хатшы болып тағайындалуын ресми Мәскеу де оң бағалағанын айта кетейік. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының жазуларына қарағанда, Ресей Сыртқы істер министрлігі Джон Керридің кандидатурасына «анағұрлым қолайлы тұлға» деген баға берген. Ал Сьюзан Райсты «қаламағандары» бірден байқалады.

Ал жаңа Мемлекеттік хатшы қандай саясат ұстанады? Оның Барак Обаманың сыртқы саясаттағы ұстанымынан ауытқып кетпейтіні анық. Джон Керридің сенаторлар алдында жария еткен бағдарламасының негізгілерін атайтын болсақ, бірінші кезекте Иранның ядролық қаруды иеленуіне жол бермеуге қатысты дипломатия тұр. Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта, сондай-ақ Сирия президенті Башар Асадты биліктен кетіру мақсатында Ресеймен келіссөзді жалғастыруға, Қытаймен өзара сенімді нығайтуға, соңғы жылдары нашарлап кеткен Мәскеумен жақындасу үдерістерін қалпына келтіруге, Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздерді қайта жаңғыртуға және Кубамен қатынас орнатуға күш салмақ.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».