Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Отырар қайта ойрандала бастады ма?

1545 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзіне даңқы кеткен көне шаһарымыздың бірі – Отырар. Ескіше айтсақ, Түркістанда, жаңаша бағамдасақ, Орталық Азияның орта ғасырлық тарихында аса маңызды рөл атқарған қаланың дәл өзі осы «соры қайнаған» Отырар. (Неге соры қайнаған? Оған дабыл мақаланы оқу барысында көз жеткізесіз.) Басқасын былай қойғанда, Отырар ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны райында да дүние-ғаламға кең танымал. Көне деректер қаланың тарихтың бір кезеңдерінде күллі түріктің, Түркістан атты тарихи аймақтың астанасы болғанын айғақтайды.

Отырар қайта ойрандала бастады ма?

Алтын Орданың бас қала­сы­ның да бірі. Отырар – Қазақ­стан аумағында күміс, мыс тең­ге­лермен қатар, алтын ақша соққан орта ғасырдағы жалғыз қала. Алып жатқан аумағы жағынан Қазақстандағы мейлінше үлкен қалажұрт болып саналады.

 Отырардың аса құнды тарихи ес­керт­­кіш екенін, онда Жапония­ның мақ­сат­ты қорының «Көне Отырар қала­шы­­ғын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарын жүр­гізгені, нәтижесінде Қа­зақ­­стан үкіметі тарапынан ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізі­міне енгізуге ұсын­уы айғақтай түседі. Қазақ елі Отырардай сан рет бабалар мұратымен гүлдеген, гүл­деген де сан рет көздің құр­тына айналып күйреген көне өрке­ниеттік қазы­насымен мақ­та­на білуі керек-ақ. Әрине, мақ­таныштың жөні бір бөлек, мақтанудан алдымызға жан сал­май­тын халықпыз, шүкір. Бірақ мақтанудан бұрын осындай адамзаттық өркениетке үлес болып қосылған жәдігерімізді жәбірлемей, әбіржітпей сақтай білу – елдік парызымыз болса керек! Қаз, зертте, қалпына келтір, жаңғырт, қазына байлықты жаһан­ға жарлай насихатта, кейін­гі ұрпақты Отырар рухын­да тәрбиеле. Мақтан осындай сипатта болса ғана жарасады. Қазіргі заманғы басты мақсат – Отырарды болашақ үшін қаз-қалпында сақтап қалу! Бұл аса маңызды міндет, үлкен жауапкершілік! Сақтап қала алсақ қана ол тарих үшін де, тәрбие үшін де, шетелдік туризм үшін де сарқылмас қазына болып шыға келеді.

 Ортағасырлық Отырар қала­сының қирандысы бізге Отырар­төбе атты археологиялық ескерт­кіш болып арып-ашып, жадап-жүдеп жетті. Ол өңірдегі орта ғасырлық қалалар шоғырының қағбасы. Осы аймақтағы әр нысанда – төбе мен төбешіктерде, топырақ үйін­ділерінде, өртең, күл қалдықтары қабат­тарында қазақтың, қазақ қана емес, күллі түрік халықтарына қатысты құнды тарихи ақпар сақталған. Ішіне тыл­сым сыр бүккен ондай ескерткішті зерттеп, тану арқылы қазақ және түрік әле­мінің мәдениеті, ғылымы мен тұр­мыс-тіршілігі туралы білімімізді толықтырамыз. Сондықтан да көне Отырар құландыларын сақтап қалу мақ­са­тында 1979 жылы Отырар мемлекеттік архео­логиялық қорық-музейі ұйым­дас­тырылған еді. Археологиялық қорыққа кіретін ескерткіштердің қор­ғау аймақтары айқындалып (белгіленіп), онда (қирандыда) археологиялық қазба жұмыс­та­рынан басқа бөгде жұмыстарға тыйым салынды. Көп жылдар бойы осы қағида, обалы кәне, сақталып келді.

 Алайда соңғы уақытта аспан ас­тын­­дағы музей болып табылатын Оты­рар аумағында тарихи ескерткіш кел­бетіне нұқсан келетін жойдасыз жұмыстар жү­ріп кетті. Ешбір тарихи негіз­сіз Оты­рардың рабад бөлігінде ұзын­ды­ғы бірнеше жүздеген метрлік жасан­ды, қазіргі құ­ры­лыс материалдарынан соғыл­ған қорған көтеріліп, қақпа тұр­ғызыла бастады. Бұл жасанды құрылыс (Қақпа) Отырардың аса құнды мәдени қабаттарын бұзу арқылы салынғаны анық. Осыдан қалашықтың тарихи келбеті (ландшафт) адам танымастай өзгеріске душар болды. Оты­рарды қорғауға міндеттелген Оты­рар мемлекеттік археологиялық қо­рық-музей басшылығының заңға қайшы әрекеттерге нем­құ­райлы қарап, үнсіз отыруы таңғал­ды­рады. Қорғауға міндетті дейміз-ау, қорғау былай тұрсын, Отырарды ай-күннің аманын­да ойрандай бастаған сол музей сабаздары болса ше?! Жасанды қорған жасағаны аздай, енді олар әлгі жасанды қақпадан Отырардың орталық бөлігіне қарай мәдени қабаттарды сырып тастап, тасжол сала бастады. Жолды салу үрдісі рабад аймағынан асып Отырардың орталық бөлігіне сұғына еніп кеткен. Демек ішкі жағын да қамтып отыр. Демек Отырартөбенің ішкі ағзасына зақым келді. Бұл теңдессіз тарихи ескерткішке жасалып отырған көзсіз қиянат! Оқыған, мәдениет саласының адамы, Мәдениет және спорт министрлігінде вице-министрдің кеңесшісі (өз айтуы) болып істеген музей басшысының бұл тірлігін қалай сипаттауды білмей дағдарасың. Бәлкім, «вандализм!»

Отырардың «ойрандалуы» бір бұл емес.

1960 жылы Отырардың қолдан қи­ра­тылған кірпішін алған надандықты көріп, кө­ңілі құлазып қайтқан қазақ архео­логиясының атасы – академик Ә.Х.Марғұлан Отырардай та­рихи жәдігердің жойдасыз бұзылып жат­қа­нын, ол өрес­кел­дікке жергілікті үкімет орын­дарының араша түспей отыр­ға­нын ашына жазған еді. «...бұл қымбатты қазынаға Шәуілдір ауданының кейбір шаруашылық орындары осы соңғы 20 жылдың ішінде қол сұғып, оның ғасырлар бойы сыр болып келе жатқан мүлкін бұза бастады. Аудандық меке­ме­­лердің кейбіріне кіргенде оның еден­де­рі осы Отырар қаласынан алынған кір­піш­тен төселгенін көресіз», деді ашынып Әлкей Марғұлан.

1960 жылы «Өскен өркен» романдар желісін жазу мақсатында (1961 ж.) оңтүстікті аралап жүрген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те Отырарға атбасын бұрғанда көргені – қиранды төбені трактормен қайта қиратып, кір­пі­­шін алып жатқан пайымсыздар. «Оны не істейсіңдер?», «Шошқа базасын саламыз...» Алып жазушы мен әлгі надандардың арасындағы алым-берім тілдесу. Бет-аузы домбығып, қаракүреңденіп кеткен жазушы айтарға сөз таппай атбасын аудандық партия комитетіне қарай бұра тартып жүріп кеткен екен. Ол аз болса облыстың орыс басшысы Макаровқа (романда Карпов) кіріп мән-жайды жеткізе айтып, бабалар рухы алдындағы адам айтса нанғысыз надандыққа тосқауыл қойған.

Енді, бірсыпыра тыныстаудан соң, академик К.Ақышев бас­тап қазып, археологиялық мектебін қа­лып­­тастырып, әлем­дік ғылым-білім дүниесіне Отырарды кеңінен танытып үлгер­ген, «консервация», «реставрация» жетілген бүгінгі күні Отырарды қайта ойрандай бастағанымыз не бассыздық?! 

Бір қызығы, қақпа-қабырға тұр­ғызып, тасжол салып «Оты­рарды қайта ойрандау» жұ­мыстары сырттан шапқан жау­дың әрекеті емес, дүние-ғаламнан турист тартып, туризм жүйесі бойын­ша ауданға қомақты қаржы түсі­руді көксе­ген ауданның басшы-қос­шы­ла­ры­­ның «іскерлігі». Әмір аудан әкі­мі­­нен болғанда орындаушылары – Оты­рар­ды қорлауға емес, қорғауға тиісті «Отырар археологиялық қорық музейі» басшысы (Ерсін Тәжібаев). Жасанды қорғанды қалай алдырып тастауды білмей отырғанда «Қақпа арасынан туристер жүріп өтетін аяқжол салайық деген едік, ризашылық берсеңіздер!» – деп қолымызды сұрап, музейдің директоры жеткен. Түсі­нікті жайтты түсіндіре алмаған басшы қағазына қол қоюдан бас тарттық кезінде. Енді, міне, қолынан келгенде қонышынан басып отырысы. Бұл Отырарға турист тартып, оны әлемге таныту емес. Бұл – Отырарды қорлау! О заманда, бұ заман шетелдің әуесқой туристері қолдан жасалған жасанды қақпа және ескерткішке қиянат етіп салынған тасжол үшін келмек емес. Оларды адамзаттық құндылық болып саналатын көне өркениет құландысы қы­зық­тырады. Туристер қолдан жасалған жалған қақпа, әйтпесе бүгінгі технологиямен жасалған тасжолды (аяқжол) қызықтау үшін келмейді. Ортағасырлық Оты­рардай ғажап өркениет қи­ран­­ды­сын көруге, тарихтан сабақ алуға ке­ле­ді. Оларды жасанды қоспалар емес, шынайы тарихи ескерткіш, архео­ло­гия­лық қазба кезінде табылған та­рихи жәдігерлік қызықтырады. Адам­зат­тық ғажайыптарды қорғау ұйы­мына (ЮНЕСКО) сұранып тұрған Оты­­рар­дай таңғажайып ескерткіші бар елдерде турист жүретін аяқ­жол­ды тарихи жәді­гер­ге зиян келтірмейтіндей етіп, ағаш тақтайлардан төсейді. Сонда ескерткіш беті сырылмайды, тарихи орын қазылып бүлінуге ұшырамайды.

Қысқасы, өзіміздің білімсіз дүмбілез әрекетімізбен Оты­рардай таңғажайып ескерт­кіші­мізді өкпелеттік. Осындай өзім­білермен, орашолақ әреке­ті­мізбен аруақтар наласына ұшырасақ керек ендігі жерде. Осындай білімсіздікке қалай жол беріледі? Мұндай жойдасыз әрекеттерге (вандализм) жол берілетін себебі – соңғы жылдары тарихи-мәдени, архео­ло­гия­лық ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы қызметіне музей, тарихи-археология саласына ма­ман­­­данбаған (арнайы білімі жоқ) кез­­­дей­соқ азаматтардың тағайын­да­л­уы­н­ан деп білеміз. Отырардағы жа­ғым­сыз әрекет – «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы»  Заңына қайшы! Заңның 39-бабының 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұ­руына қауіп төндіруі мүмкін жұ­мыс­­тарды жүргізуге тыйым салынады» делінген. 42-бабында Қазақстан Рес­пуб­ликасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылған.

Біріміз археолог, біріміз арнайы му­зей­дің оқуын оқыған (дипломды) маман – профессорлар райында дабыл қағамыз! Жойдасыз әрекетімізбен ЮНЕСКО-ға ұсы­нылған Отырарға (Отырартөбе) жақ­сы­­лық жасап отырған жоқпыз. Жасап отыр­ған жасанды әре­ке­тіміз ЮНЕСКО тала­бына қайшы. Қазақстанның Заңына да қайшы! Отырарды ойрандау! Келешек ұрпақ алдында масқара болмай тұрғанда Отырардағы бассыздықты тоқтатуды талап етеміз!

 

Құлбек Ергөбек,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Мұхтар Қожа,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Түркістан облысы