Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Он бес күмбезді көне мешіт

937 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарт Қаратаудың баурайында, бүгінгі Талас ауданы, Үшарал ауылының орталығында Абдолла ишан мешіті бар. Бұл көне мешіт әлі күнге дейін жергілікті тұрғындардың ғибадат орны болып келеді. Құлшылық үйінің жалпы құрылысы төртбұрышты, ал қабырғасы күйдірілген кесектен өріліп, төбесі көп күмбезді болып жабылған.

Он бес күмбезді көне мешіт

Сонымен қатар ғибадат үйінің орта­лық залы үлкен күмбезді, қал­ған бөл­ме­лер мен жанындағы үш айван ша­ғын­­дау он бес күмбезді болып келген. Бір кереметі, айванның сыртқы қап­тал­дарының аркалы күмбездер тү­рін­де асқан шеберлікпен өрілгенін көруге бо­лады. Ал негізгі орталық бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында михраб қуысы мен эпиграфиялық мәнерде жазылған жазудың іздері болған. Өкінішке қарай ол жазудың қандай жазу екені бізге белгісіз.

Көне тарихи орындардың өзіндік тылсымы бар. Абдолла ишан мешіті туралы деректер көп болмағанымен, жазба деректерде ғибадат үйін 1945 жылы археолог Г.Пациевичтің зерт­те­гені айтылады. Бүгінде мешіттің үл­кен күмбездері шетінен мүжіліп, айван­ның солтүстік және батыс жақтары қи­раған. Ескерткіште 1947-2004 жылдар аралығында бірнеше рет мешітті қал­пына келтіру жұмыстарының жүр­гі­зілгені жазылған. Ал кейінгі жылдары мешіт қабырғасының жекелеген бө­лік­те­рі қайта тұрғызылыпты.

 Ал Абдолла ишан кім десек, жер­гі­лікті көзі ашық, көкірегі ояу тұр­ғын­дар Абдолла ишан Саиди 1836 және 1914 жылдар аралығында өмір сүрген тақуа болғанын айтады. Ол жергілікті өңірде діндар Сайтбаттала хазірет отбасында дүниеге келген екен. Алайда 9 жасқа келген Абдолла ишан тағдыр тауқыметіне ұшырап, жетім қалады. Нағашы атасының тәрбиесінде болып, медреседе білім алады. Тіпті ол 1853 жылы генерал В.Перовскийдің әске­рінде борышын өтеп, Сырдария жоры­ғы­на қатысқан делінеді. Кейіннен діни білімін жетілдіру мақсатында Бұхара, Хорезм, Ыстанбұл қалаларында болады. Сонымен қатар ол Бұхарада жүр­ген кезінде шәкірттерді оқыту мақ­са­тында медресе ашып, жібек өңдеумен айналысқан дейді. Міне, көненің көзі саналған бұл мешіт осы Абдолла ишан­ның құрметіне салынған екен. Арада талай жыл өтсе де, жұрттың Жаратқанға жалбарынатын қасиетті орыны ретінде өз міндетін атқарып келеді.

Жақсы дүние жас ұрпақтың жақ­­сы­лыққа насихат­шысы болады. Аб­дол­ла ишан мешіті бүгінде Жам­был облысының республикалық дәре­же­дегі мемлекеттік тарих және мә­де­ни­ет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­лама­сы аясында «Қазақстанның кие­лі жер­ле­рінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Енді болашақта тарихи мешіттің әрбір құндылығын көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттау міндеті тұр.

 

Жамбыл облысы