Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Тендер тентіретіп тұр

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстанда 142 білім беру нысанын қал­пына келтіру белгіленген болатын. Бұған дейін жөндеу жұмыстарына әрі кетсе жыл сайын 400-500 миллион теңге бөлініп келсе, осы жолы 5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

Тендер тентіретіп тұр

Қолдағы деректерге сү­йенсек, Петропавл қаласында 30 бі­лім ошағы жаңартылмақ.

17 мек­тептің терезелері ауыстырылып, аумақтары қоршалып, шатырлары, спортзалдар, ғима­рат қасбеттері әрленген. №7 мек­тепте 142 терезенің  128-і, жер­төледегі 4 құбыр ауыстырылған. Бұл мақсатта 62 миллион теңге жұм­салмақ.

Алайда, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанына қарамастан, жалпы жөндеу жұмыстарының үштен бірі ғана орындалған. Оған мердігерлердің салғырттығы кері әсер етіп отырғаны байқалады. Мысалы, облыс орталығындағы №10 мектеп «Еңбек-Өскемен» құрылыс компаниясымен 1 мау­сымда келісімшарт жасасқан. Десе де әлі күнге дейін тендер өткізілмеген. Шығыстан ырға­лып-жырғалып, артынып-тартынып келгенше  уақыт зымырап өте шыққан.  Мектеп дирек­торы Татьяна Анцибор жанын шү­бе­рек­ке түйген күйі қанша жазба­ша сұрау салса да, әлі күнге дейін жауап жоқ. 136 терезеден  36-ның ғана қойылуы есектің мимырт жү­рісін елестетеді. Қалалық клас­си­калық гимназияның басшысы Күлтай Мұқанова осы ком­панияның директоры атына  та­лап-хат жазып, майшаммен ізде­гендей күй кешкен. №8 мектепте 140 терезе  ауыстыруды күтіп тұр. 

Әлдеқашан апаттық деп таныл­ған Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің жағ­дайы тіпті дабыл қағарлық. Білім бө­лімінің басшылығы жаңа ғи­ма­ратқа көшесіңдер деген уәде­лерінен тайқып кетіп, екі оттың ортасында қалдырған. Солақай шешімнің қабылдануынан-ақ қазақ мектептеріне деген көз­қарастың қандай дәрежеде екенін ба­ғамдай беруге болады. 22 ка­бинеттің  7-уі ғана да­йын. Дә­ліз­дерге кірудің өзі қор­қы­ныш­ты. Күрделі жөндеуге бөлін­ген қара­жаттың жұғын болатын түрі байқалмайды. 

 

Солтүстік Қазақстан облысы