Аймақтар • 09 Тамыз, 2019

Түркістан: көпбалалы отбасыларға 1345 грант бөлінді

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға Ұлттық қор қаражатынан тағайындалған 5 мың гранттың 1345-і  Түркістан облысына бөлінген.

Түркістан: көпбалалы отбасыларға 1345 грант бөлінді

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық адами əлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова мәлімдеді.  «ҚР Ұлттық қорынан 2019-2020 оқу жылына арналған нысаналы трансферт есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін жоғары білімді мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырыспен жоғары оқу орындары белгіленіп отыр. Белгіленген жоғары оқу орындарының ішінде «Қазақ Ұлттық аграрлық университеті» АҚ, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Сырдария университеті, «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ бар», – деді А. Садықова. Грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі. Олар өздерінің қажеттілігін ескере нақты мамандықтар тізбесін анықтап, грант береді. Конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жатқанымен қатар, ҰБТ-ның шекті балын жинауы қажет.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Ө.Үмбетовтің айтуынша, университетке 294 грант бөлінген. Осыған сəйкес қазіргі таңда 21 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлерден құжаттар қабылдануда. Жалпы, өңірге бөлінген гранттарға ие болу үшін үміткерлер жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ балына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды. Барлық нысаналы грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949  теңге көлеміндегі шәкіртақы тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына 2 рет жол өтемақысы төленеді.

 

Түркістан облысы