Экономика • 08 Тамыз, 2019

Сандық тәсілдер кеден ісіне серпін әкелді

373 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заман жылжып, уақыт сырғыған сайын адамзат баласының ақыл ойының жемісінен туған түрлі технологиялар өмір сүру сапасын барынша жақсартып, талай шаруаны жеңілдетіп отыр. Бүгінде барлық салаға дендеп енген сандық тәсілдер ел экономикасының күретамыры саналатын кеден саласына да соны серпін әкелді.

Сандық тәсілдер кеден ісіне серпін әкелді

Мемлекеттің тікелей қолдауымен жүзеге асқан Қазақстан – Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» автокөлік өткізу пункті соңғы жылдары Орталық Азияда іске асырылған аса ауқымды  жобалардың бірі. Ашылғанына небәрі бір жылға жуықтаған айтулы нысан Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда экономикалық байланыстардың кең өріс алуына, кәсіпкерлердің  жұмысын жеңілдетіп, жұртшылықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Автокөлік ағыны сегіз жолақ бойынша жылжып отыратын алып бекет күніне қос тарапты қоса есептегенде 2,5 мың көлік өткізуге қауқарлы. Цифрландырылған технологиялардың арқасында жүк тасымалдаушы автокөлік жүргізушілері бақылау бекетінен өту үшін 35-40 минуттай ғана уақыт жұмсайды. Бұл жаңа уақыт талабына жауап беретін автоматтандырылған жүйенің артықшылығын көрсетсе керек.

Бұл тұрғыда Мемлекеттік кірістер органдарының салық және кеден  саясатын оңтайландыру, экспорт және импорт үшін құжаттар нысанын қысқарту, бір терезе қағидатын енгізу, кедендік рәсімдеу уақытын үнемдеу мақсатында іске қосылған «Астана-1»  электронды жүйесін   айрықша атай кеткен жөн. Жаңашыл жүйе аз уақыт ішінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Аталмыш автоматтандырылған жоба қазіргі таңда біздің елімізден бөлек әлемнің 95 мемлекетінде іске қосылған. 

Жобаның басты артықшылығы сол –  сыртқы сауда айналымына қатысушылар бұрынғыдай  құжаттарын әкеліп қағаз жүзінде рәсімдеу жасамайды. Яғни, интернет торабы бар кез-келген жерде отырып қашықтықтан-ақ кедендік рәсімдеу жасап, өз жүгін автоматты түрде кедендік тазартудан өткізе алады. Кедендік БАЖ салығы сияқты басқа да міндетті төлемдердің электронды түрде төленуі жүйенің  барынша ашықтығын қамтамасыз етуде. Оңтайландырылған бағдарлама жүк алушы мен кеден қызметіндегі лауазымды тұлғалардың арасындағы байланысты үзу арқылы жемқорлық себептерін де төмендеткен. Осы жүйенің көмегімен ақпаратты  берген сәттен бастап, тауарларды рәсімдеп біткенге дейінгі барлық процесстерге автоматтандырылған бақылау орнатылған. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық әріптестер үшін қолайлы жағдай тудырып отыр. «Астана-1» жүйесі іске қосылғанға дейін рәсімдеу жұмыстарына бірнеше сағаттар жұмсалса, қазір құжаттар мен тауарлар барлық талаптарға сай болса аз ғана минуттар ішінде шаруа шешіледі. Дегенмен барлық жетістіктер уақыт пен тәжірибе арқылы келетінін ұмытпауымыз керек. Жақын өңірлердегі елдермен салыстырсақ Қазақстанның бұл бағыттағы бастамалары нәтижелі деп анық айта аламыз.

Кедендік бақылау жауапкершілігі мен қиындығы мол жұмыс. Қазақстанның кеден саласы тамырын тереңге жайған іргелі сала. Елмен елді байланыстыратын шекара шебінде сан алуан  адамдарды кездестіресіз. Адамдар ағыны бір сәтке де толастамайтын аумақта түрлі түйткілді мәселелердің орын алмай тұруы да мүмкін емес. Олардың барлығын жүйелі жолға қойып отыру үшін кеденшілердің білім-білігінің бәсі жоғары,  тәжірибесі озық болуы шарт. «Нұр жолы» өткізу бекеті салықтық түсімдер көлемін арттырып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан іргелі нысан. Осы уақыт аралығында «Нұр жолы» арқылы импортталған тауарларға салынған баж салығы есебінен республикалық бюджетке қомақты қаражат түсті. Ультразаманауи көлік-логистика орталығының көлемі 25 гектар аумақты алып жатыр. Онда кедендік рәсімдеу орталығы мен 200 жүк көлігіне арналған автотұрақ және бірнеше жүк сақтау қоймасы орналасқан. Нысан  техникалық жағынан соңғы үлгіге сай жарақтандырылған. Көлік өткізу жылдамдығы да заман талабына сай мобильді. Сондықтан жаңа заманауи көлік-логистика орталығының болашағы өте зор. Бірыңғай білікті мамандар жұмыс атқаратын үркердей ұжым нысанның жұмысын жандандырып, әлеуетін арттыруға барынша күш салып келеді.

Қазақстан әлемдегі алғашқы 20 елдің қатарында өзінің цифр­ландыру бағдарламасын қабылдаған мемлекеттердің бірі. Жоспарланған бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2021 жылы еліміздің сауда нарығындағы электронды сауда үлесі қазіргі 0,8 пайыздан 2,3 пайызға, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануда e-gov арқылы алған қызмет көрсеткіші қазіргі 35 пайыздан 80 пайызға артады деп күтілуде. Халықтың сандық сауаттылық деңгейі 75,5 пайыздан 81,5 пайызға көтеріліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 77 пайыздан 81 пайызға өседі деген болжам бар. Бір кездері біз үшін сиқырлы әлемдей болып көрінген цифрландыру ісіндегі отандық кеден саласының қазіргі ынта-жігері және ұмтылысы көптеген бағалаулар бойынша биік нәтижеге қол жеткізіп отыр. 

                                                                         

 Әлім ЖУСАНБАЙ,

«Нұр Жолы» кедендік өткізу бекеті бастығының орынбасары