12 Наурыз, 2013

Ядросыз әлем құру жалпыадамзаттық ұстанымға айналуы тиіс

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ядросыз әлем құру жалпыадамзаттық ұстанымға айналуы тиіс

Сейсенбі, 12 наурыз 2013 7:05

Осло қаласында Қазақстан Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, «Назарбаев орталығының» директоры Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация Норвегия үкіметі ұйымдастырған «Ядролық сынақты қолданудың гуманитарлық салдары» атты халықаралық конференцияға қатысты.

 

Сейсенбі, 12 наурыз 2013 7:05

Осло қаласында Қазақстан Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы, «Назарбаев орталығының» директоры Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация Норвегия үкіметі ұйымдастырған «Ядролық сынақты қолданудың гуманитарлық салдары» атты халықаралық конференцияға қатысты.

Конференцияға таратпау, қарусыздану, ядролық қаруды қолданудан жапа шеккендерге гуманитарлық қолдау көрсету саласындағы әлемнің 400-ден аса үкіметі мен халықаралық ұйымдарының өкілдері, ғылыми қызметкерлері мен сарапшылары келді.

Шара аясында «АТОМ» жобасының тұсаукесері өткізілді, сонымен бірге, «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім ғана бар: Кәріпбек Күйіков шығармашылығы» атты сурет көрмесі ашылды.

Конференцияда сөз сөйлеген Қанат Сау­дабаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Семей ядролық полигонын жабу және әлемде қуаты жөнінен төртінші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарту тура­лы шешімінің тарихи мәні мен маңызын атап көрсетті. «Әскери-өнеркәсіптік кешен мен кеңес басшылығының қатаң қарсылығына қарамастан, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенге дейін-ақ, яғни 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семейдегі әлемнің аса үлкен ядролық полигонын жапты, – деді ол. – Қазақ елінің еркімен іске асқан осы тарихи фактінің әлемдік өркениет үшін маңызы өте зор. Қазақстанның көрсеткен үлгісі мен халықаралық қоғамдастықтың белсенді әре­кет­терінің арқасында Жер шарындағы қал­ған полигондардың – Невада, Жаңа Жер, Лоб­нордың үні өшті. «Ядролық клуб» державалары ядролық сынақтар жүргізуге тыйым салатын және олардың жүргізілуіне мораторий қолданатын құжатқа қосылды».

Өз сөзінде «Назарбаев орталығының» директоры қатысушыларға Қазақстандағы ядролық сынақтардың гуманитарлық жағдайға, тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық жай-күйлеріне, қоршаған ортаға тигізетін тажалды әсері туралы айтып берді. «Ядролық сынақтардың салдары әлі күнге дейін полигонға жақын тұратын халықтың денсаулығына кері әсерін тигізіп келеді. Олардың 70 пайызға жуығы – сәулеленуге ұшыраған ата-анадан туған екінші және үшінші жапа шегуші ұрпақтар Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Қазақстан Үкіметі ядролық сынақ құрбандарын сауықтыру үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, жалпы, аймақ тұрғындарын экономикалық және әлеуметтік қолдауда барлық күшін жұмсап келеді. Осылайша, Үкімет Семей аймағындағы мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалар қабылдады, ал Қазақстан Парламенті ядролық сынақтардан зардап шегушілерді әлеуметтік қорғау туралы арнайы заң қабылдады», – деп атап көрсетті Қ.Саудабаев.

Ядролық сынақтардың салдарын жою­да, сондай-ақ, аймақтың экологиясы мен тұр­ғындарды сауықтыру мәселелерінде көрсеткен көмектері үшін халықаралық қоғамдастыққа алғыс білдірген Қанат Саудабаев Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, ядролық жарылыстардың салдарын жеңуге, Семей аймағының тұрақты дамуы мен экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі көмектің техникалық компонентімен қатар, гуманитарлық компоненттің де қажет­тілігіне назар аударды. «БҰҰ Бас Ассам­блеясының Семей аймағын қалпына келтіру қызметінде Қазақстанға қолдау білдіру туралы үндеуі халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерінің құлағына жетті, – деді Қанат Бекмырзаұлы. – Біздің конференциямыз әлемдегі ядролық сынақтардың құрбандары туралы кезекті рет еске салып, барлық елдердің үкіметтерін ядролық сы­нақтардан зардап шеккен аймақтың экологиясын қалпына келтіру, оларды сауықтыру проб­лемаларына аса гуманистік белсенділікпен айтарлықтай атсалысуға тағы да қозғау салады деген сенімімді білдіргім келеді».

«Біздер, ядролық соғыстың адамзат баласы ешқашан басынан кешірмеген осындай тозағынан өткен ядролық сынақтардан зардап шегушілер мүмкіндік бар кезде ядролық ессіздіктің нағыз алапатын саналы түрде жете түсінуге шақырамыз. Егер де әлемдегі миллиардтаған адам ядролық сынақтардың шын мәнінде бар екенін саналы түрде сезінетін болса, онда қоғамдық пікір ядролық қаруды жер бетінен жойып жоқ қып жіберерліктей жеткілікті моральдық күшке ие болар еді, – деді конференцияның қатысушыларына сөзін арнаған «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков. – Менің картиналарымда ядролық қарудан азат әлемге шақыруым бейнеленген, оларға мен жанымды салып, жүрегімнің бір бөлшегін бердім… Біздің сабырға келіп, тоқтауымыз керек».

Норвегияға сапары аясында Қ.Саудабаев ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану саласындағы норвегиялық және халықаралық сая­саткерлер, сарапшылармен бірқатар екі­жақты кездесулер өткізді. Қанат Бекмырзаұлы Норвегия Стортингінің (Парламентінің) вице-президенті Марит Нюбак, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін» халықаралық ұйымының жаһандық үйлестірушісі Алэн Варэ, сондай-ақ, танымал америкалық әртіс, ядролық қарусыздану үшін қозғалысының белсендісі Мартин Шинмен пікір алмасты.

Қазақстандық делегация мүшелерінің, сондай-ақ, Норвегия халықаралық қатынастар институтының (NUPI) директоры Ульф Свердруппен, Шотландия парламентінің мүшесі Билл Кид және басқалармен кездесуі өтті.

«Егемен-ақпарат».

Соңғы жаңалықтар