Аймақтар • 10 Тамыз, 2019

Жетісулықтар құрылысшылар күнін атап өтті

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Жетісулықтар құрылысшылар күнін атап өтті

Жиында облыс әкімі Амандық Баталов сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, үздік құрылысшыларға марапат тапсырды. Облыс әкімі өз сөзінде аймақтағы оң көрсеткіштерге тоқтала келе, өңір құрылысшыларының жаңадан құрылған Райымбек ауданын көркейтуге, Арыс қаласын қалпына келтіру ісіне өз үлестерін қосып жатқандарын да тілге тиек етіп, барша құрылысшыларға мықты денсаулық, толағай табыс, еңбекте жетістіктер тіледі.

Жалпы, облыста биылғы жылы құрылыс саласына 101,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 784,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, соның 364,8 мың шаршы метрі бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілді. Ал республикалық және жергілікті бюджеттен қаржылай қолдаудың арқасында биылғы жылы 8 білім беру мекемесі, 10 денсаулық сақтау нысаны, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ішкі істер органдарының 18 нысаны пайдалануға берілетін болады. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында айтылған студент жастарды жатақханамен қамту тапсырмасына сәйкес облыста 1930 орындық құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, облыста орталықтандырылған сумен қамту деңгейі биылғы жылдың соңында 91 процентке жеткізіледі. Ал газдандыру жұмыстары 20 ауданның 15-інде жүруде. Соның ішінде облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жұмыс 2020 жылы аяқталып, 55 мың абонент көгілдір отынға қосылады. 

Мерекелік шарада бірқатар мемлекеттік мекемелердің, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттары табысталды.

 

Алматы облысы