Аймақтар • 10 Тамыз, 2019

Жас отбасылар Алакөл жағалауында жарысқа түсті

506 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жастар жылы» аясында Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Alakol TV» ақпараттық-танымдық телестудиясының ұйытқы болуымен Ақши ауылындағы «Аяжан» демалыс орнында «Alakol Life» реалити-шоуы өтті.

Жас отбасылар Алакөл жағалауында жарысқа түсті

Көңілді шараға Алматы, Талдықорған қалалары мен Алакөл, Сарқан аудандарынан келген жас отбасылар қатысты. Үш күнге созылған шараның әр тәулігі таңғы жаттығумен басталды. Жұптар арасындағы жарыс екі кезеңге бөлініп, қатысушылар алдымен демалыс орнының аумағында сайысқа түсті. Бұл жердегі додалар «Жұптар жарасымы», «Тәтті дәурен», «Терең тыныс», «Кім мерген?», «Ойлан тап», «Тапсырма хат» сынды арнайы бөлімдерден тұрды.

- Бұл шара «Жастар жылы» аясында кейінгі толқын өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты бекіту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаздың жайма-шуақ күндерін көңілді өткізу мақсатында ұйымдастырылды. Осыдан біраз уақыт бұрын «Alakol TV» ақпараттық-танымдық телестудиясын ашқан болатынбыз. Өңірдің, өлкенің жаңалығын интернет арқылы жариялаймыз. Енді қоғамдық шаралар өткізуді қолға алдық. Алдымызға Алакөл туризмінің дамуына үлес қоссақ деген мақсат қойдық. «Alakol Life» реалити-шоуы осылай басталды. Әрі өте қызықты өтті. Мәселен, «Жұптар жарасымы» бөліміне қатысушыларға серігі жайында сұрақтар қойылып, олардың өз жұптарын жіті танулары таразы басына түсті. Келесі төрт бөлім үміткерлердің көңілін көтеру мен жұптық жұмыстың маңызылығын көрсетуге бағытталды. Ал соңғы «Тапсырма хат» сынында қатысушылар қарсыластарына арнайы тапсырма беріп, олардың сол міндетті орындау шеберліктері сараланды. Екінші кезең көл бойындағы көңілді сайыстармен жалғасын тапты. Бұнда жас жұптар алдымен «Кім бірінші?» атты сында көлден су тасып, арнайы ыдысты толтырса, «Кім жүйрік?» кезеңінде катамарандарды тізгіндеген жастар белгіленген межеге дейін жарысып, мәреден бірінші көріну үшін барларын салды. Сонымен қатар «Селфи» кезеңінде қатысушылар арнайы уақыт ішінде демалушыларме ең көп селфи жасау бойынша тартысқа түсті. Ал бұл додалардың ең қызықтысы жұптар арасындағы арқан тартыс болды. Артынша жас жұптар су көліктеріне отырып, күннің қалған бөлігін көл бетінде өткізді, - дейді жас журналист, «Alakol TV» ақпараттық-танымдық телестудиясының жетекшісі Алмат Есенбеков.

Сайыс жеңімпаздарын Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Жайық Тазабекұлы құттықтап, бағалы сыйлық тапсырды.

 

Алматы облысы