«Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін.
Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын! «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді», - делінген Бас мүфтидің құттықтауында.
Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы өзінің құттықтауында қасиетті мерке кезінде мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге шақырды.
«Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі», - деді Бас мүфти.