Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Алматыны дамыту – айрықша назарда

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел аумағындағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтып отырған Алматы – отандық экономиканың ірі орталығы. Күн санап аумағы артқан алып шаһар тың тыныс алып, жаңа тұрпатта дамып келеді. Премьер-Министр Асқар Мамин Алматыға жұмыс сапары барысында мегаполистегі ау­қымды инфрақұрылым нысандарының құрылысымен танысып, Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын дамыту мәселелері жөнінде алқалы кеңес өткізді.

Алматыны дамыту – айрықша назарда

Алматы қаласын дамытуға бағытталған кеңесте талқыланған негізгі мәселелер қатарында қолжетімді тұрғын үй және әлеу­­меттік нысандар санын көбей­ту, жұртшылықты тұрақты жұ­мыс­пен қамту, көлік және жол инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту мен туристік саланың әлеуетін арттыру сынды маңызды тақырыптар сараланды. Үкімет басшысы қала мен облыстағы халық саны өсуінің жоғары қарқынына байланысты дамудың өзекті түйткілдерін шешіп, сол арқылы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айрықша атап өтті. Ол бірлескен жобаларды іске асыру және алға жылжыту үшін Алматы мен Алматы облысының жобалық офисін құруды тапсырды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алтын бесігіне баланатын Алматы қаласының дамуына үлкен көңіл бөліп отырғанын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала инфрақұрылымының сапасын жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, көлік жүйесін, медицина мен білім беруді дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін тілге тиек еткен Үкімет басшысы, мемлекеттік органдарға Алматының ел экономикасындағы маңыздылығын атап өтіп, миллиондарды тоғыстырған мегаполистің дамуын ұдайы бақылауда ұстайтынын жеткізді. Басқосу барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы дамыту жобалары туралы баяндады.

Премьер-Министр Алматы қаласының шеткері аудандары мен Алматы облысының іргелес аумағын дамыту күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе екенін баса айтты. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың барлығы ел игілігі мен тұрғындардың жайлы өмірі үшін жасалған мемлекет қолдауы екенін ескерген жөн. Еске салсақ, 2019 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ірі қалалардың шеткері аймақтарының мәселелерін шешуге жыл сайын 30 млрд теңге, оның ішінде Алматы қаласының шеткері аймақтарына 10 млрд теңге бөлінген болатын.

«Агломерация тұрғын­дары­ның тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асы­ру қала мен облыстың 730 мыңнан астам тұрғынын тиісті инфра­құрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді А.Мамин.

Премьер-Министр кеңес қоры­тындысы бойынша Қаржы және Ұлттық экономика ми­нистрліктеріне мүдделі мем­лекеттік органдармен, Алматы және Алматы облысының әкім­дік­терімен бір­лесіп, қала ма­ңын­дағы аудандарды, ірге­лес аумақтарды дамыту бойынша іс-ша­ра­ларды уақтылы жүзеге асы­рудың қа­жетті шараларын қабылдап, қаржылан­дыру мәсе­лелерін пысықтауды тапсырды.

Ел Үкіметінің басшысы «Ур­ба­нистика орталығы» мен №405 авиа жөндеу зауытында болып, Алматы қаласы құры­лы­­сының жаңа жобасымен, қала­ның құрылыс индустриясын дамы­ту жоспарларымен танысты, сон­дай-ақ Құрылысшылар күніне ар­нал­ған салтанатты жиынға қатысты.

Сондай-ақ Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Пре­мьер-Министр әйгілі Алма-Арасан бөктеріндегі Аюсай шатқалын тазартуға арналған экологиялық сенбілікке қатысып, табиғат тазалығы мен экологияға енжар қарай алмайтын ел тұрғындарына жақсы үлгі көрсетті. Қала жұртшылығын жұдырықтай жұмылдырған шараға мыңға тарта адам атсалысты. Елі­міздің әр аймағында жаппай қолдау тауып жатқан «Бірге – таза Қазақстан!» эколо­гиялық жобасы Үкімет басшысының тіке­лей бас­тамасымен жүзеге асқан болатын.

 

АЛМАТЫ