Әлем • 12 Тамыз, 2019

Мерзімі өтпейтін қылмыстар

203 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Штуттгоф концлагерінің бұрынғы күзетшісі 17 қазан күні Гамбург сотында жауапқа тартылмақ. Оған 5 230 адамның өліміне қатысы бар деген айып тағылып отыр. Бүгінде 92-ге келген Д. Бруно есімді Германия азаматына 72 беттік қылмыстық акт дайындалған, енді ол заң алдында жауап береді.

Мерзімі өтпейтін қылмыстар

Айыпталушы 70 жыл бұрын өзі қызмет еткен Гданскідегі Штуттгоф лагерінен мыңдаған мүрде көргенін, камералардан азапталғандардың дауы­сын естігенін мойындады. Бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейді. Д. Бруноның ай­туын­ша, жұмыс істеп жүр­генде олардың біріне де қа­тыспапты. Жүрегі ауыратын бозбаланы майданға ал­­ма­ған, сондықтан тек ел ішін­­дегі қызметке жараған Д.Бруно лагерьге күзетші болып қызмет етеді. Оқиға кезінде 21-ге толмағандықтан, сот процесі кәмелет жасқа толмағандар ісімен айналысатын коллегияға тапсырылған. Германия прокуратурасы айып­талушы туралы деректерді ескі құжаттардан тапқанын мәлімдеді. Германия сотының өкілі Даниэль Штеннер мұндай мәліметтерді концлагерьдің тіркеу кітаптарынан табуға болатынын айтады.

Штуттгоф лагері Германия Польшаны басып алғаннан кейін ашылған. Лагерь жұ­мыс істеген 9 жылда 110 мың­ға жуық адам қамауға алын­ған, олардың 65 мыңы лагерьде көз жұмған. Бұл тек бір лагерьге қатысты ақпарат. Өйткені Аушвиц-Биркенау лагерінде кейбір дереккөздерге сәйкес  1,6 млн, ал енді бірі 2,5 млн адам өлтірілген. Штуттгоф – фашистік режім құрған алғашқы лагерь. 1945 жылы жұмысын тоқтатқаннан кейін, 1946 жылы Польша үкіметі лагерь қызметкерлеріне қа­тысты сот процесін бастады. Осылайша, лагерь коменданты Пауль Вернер Хоппе 9 жылға, Карл Отто Кнотт 3 жыл 3 айға сотталды. 1964 жылы тағы үш қызметкері жауапқа тартылып, Отто Хаупт есімді азамат 12 жылға, Бернхард Людтке 6 жылға сотталып, Карл Отто Кнотт ісі қайта қаралып, оны кінәсіз деп танып, босатты.

Ал Германия үкіметі ұлт­шылдарды жауапқа тарту­ды 2011 жылы бастады. Құ­қық қорғау органдары 2011 жылы концлагерьлердің бұ­рынғы қызметкерлері Джон (Иван) Демьянюкке қатысты қылмыстық іс қозғап, 5 жыл­ға бас бостандығынан айырды. Ал 2013 жылы Баден-Вюр­тенберг федералды аймағында лагерьлердің бұрынғы 49 қыз­меткері тіркелгені мәлім болды. Олардың 9-ы өмірден өткен, 30-ы жауапқа тартылатыны хабарланды. Бірақ сот процесінен ешқандай ақпарат берілмеді. Сол жылы шілде айында Германиядан қашып кеткен ұлтшылдарды іздеу науқаны басталды. «Соңғы мүмкіндік» деп аталған кампания кезінде Германия көшелеріне тұрғындар «кеш, бірақ тым кеш емес» деген плакаттар ұстап шықты. Бұл халықтың ұлтшылдардың қай уақытта да тиісті жазасын алғанын қолдайтынын көрсеткендей. Құқық қорғау органдарының өкілдері дәл осы қылмыстық іс бойынша заң алдында жауап бергендердің аз екенін, тергеудің тым кеш басталғанын жасырмады. Онымен қоса, концлагерьдің бұрынғы қызметкерлерінің көбі дүниеден озды, ал айып­талып жатқандар 90-нан ас­қан қариялар. Ұлтшылдарға қатысты сот процесінің бір ерекшелігі, айыпталушының кісі өліміне қандай қатысы барын, кімді өлтіргенін нақты анықтау қиын.

Германияның заң жүйесі ұлтшылдар иерархиясының төменгі шенділеріне қа­тыс­ты нақты шешім мен қол­данылатын шара қалып­тастыра алмай келеді. Өйт­кені концлагерьдің күзет­шілері әдетте кәмелеттік жас­­қа толмаған, денсаулығына бай­­ланысты соғысқа бара ал­мағандар. Дегенмен про­курорлардың лагерь қыз­мет­керлері адам өлімі туралы хабардар болды, тұтқындағы азаматтарға қашуға мүмкіндік бермеді деген тұжырымдары бұрынғы қызметкерлерді жазалауға себеп болып отыр. Бұл бір жағынан АҚШ-тың 2001 жылғы 11 қыркүйектегі әлемді дүр сілкіндірген тер­рактіге қатыстылардың бар­лығын жаппай соттаған дәлелсіз сот процесінің үл­гісіне негізделгендей көрінеді.

Екінші дүниежүзілік со­ғыстың аяқталуымен бірге «ұлт­шылдар қуғыншылары» деген ұғым пайда болды.­ Олар – бір кездері ұлт­шыл­­­дық принциптерінің себе­бінен басқа ұлт, этнос өкіл­деріне жәбір көрсет­кен­дерді өз еркімен тауып, тиіс­ті құжаттарды да­йындап, сотқа жеткізушілер. Осы­­­­­­лай­ша, адам құқықтары мен Холокостты зерттеумен ха­лық­аралық деңгейде айналысатын Симон Визенталь орталығы құрылды. Олар жыл сайын қылмыскерлерді іздеу мен жазалау туралы ақ­паратпен бөлісіп, мәлім­демелер дайындайды. 2011 жылғы мәлімдемесінде идео­логиялық шектеулер мен заң­ды негізге алып, әскери қыл­мыскерлерді жауапқа тартудан бас тартқан 9 елді атады. Бұл тізімде Аустрия, Канада, Латвия, Литва, Норвегия, Сирия, Швеция, Эстония мен Украина бар. Жоғарыда айтылғандай, Германия үкі­меті ұлтшылдарды жауапқа тартуды дәл осы мәлімдеме жарияламас бұрын бастаған еді.

Жалпы, геноцидке қа­тысты қылмысты қайта қа­рау Германияның әлем ал­дындағы жауапкершілігін мойындағанын білдіргендей. Германия үшін тарихын зерт­теудің өзі саяси жауап­кер­шілікті қажет етеді. Бір кездері Германияның Фе­дералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер «не­містер үшін өз тарихын зерттеу ұзақ әрі ауыр процесс» деген еді. Осы орайда мемлекет басшысы геноцид пен әскери қылмыстарды жасыруға тырысқандарды да сынаған. Нақты атын ата­мағанымен, бұл туралы деректер ашық айтылып, қажет жағ­дайда тиісті жазалар қолдануы керегін де жеткізді.

Германия армяндардың геноцидін мойындағанымен, холокостқа қатысты әзірге пікір айтпайды. Қайта кері­сінше, көп жылға дейін теріске шы­ғарып келді. Бірақ уақыт өте үкімет те бұл туралы үн­­де­мей қалуға болмайтынын түсінгендей. 2007 жылы Гер­мания Әділет министрі Хо­локост болмады дегендерді жаза­лауды ұсынған да еді.

Ендігі кезекте 93 жастағы тағы бір экс-күзетші сот алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Бірақ оның сот процесіне қатысу мүмкіндігі денсаулығына байланысты әзірге белгісіз. Дәл осыған ұқсас жағдай бірнеше жыл бұрын да болған еді. Сот Освенцим лагерінің экс-есеп­шісі Оскар Гренингке 4 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Айыпталушы түрмеде бірнеше күннен соң көз жұмды. Германия үкі­метінің ескі құжаттарды қайта қарап, асығыстық танытуы концлагерьлердің тірі жүрген саусақпен санарлық бұрынғы қызметкерлерін жазалап үлгеруге тырысуы ма дейсіз. Дегенмен жарты ғасыр өтсе де заң алдында жауапқа тартып, айыптыларды соттау кей қылмыстардың мерзімі болмайтынын көрсеткендей.