Жуырда «Қымызфест» фестивалі аясында осы ойын бойынша ашық біріншілік ұйымдастырылып, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл қалаларынан және өңір аудандарынан өкілдер қатысты.
«Ботай» ұлттық ойынының авторы, «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджанов бастапқыда ұмыт болған ұлттық спорт түрі – сақа ойынын жаңғыртуды мақсат етіп, бірнеше жыл бойы өз бетінше ізденген. Ауыл ақсақалдарына жолығып, ақпарат жинастырған. Ақыры сақа ойыны негізінде бірқатар өзгерістер енгізе отырып «Ботай» ойынының ережесін құрастырып шыққан. Мәселен, оны кез келген жерде ойнай беруге болады. Жылқы мен ірі қара малының топай сүйектері болса жеткілікті. Сосын тек ер адамдар ғана қатысады. «Асық ату» алаңы шеңберлерден құралса, мұнда тік төртбұрыштардан тұрады. Әзірге өңірге танымал ұлттық бренд саналғанымен, республикалық деңгейде жаңғыртудың мүмкіндіктері мол. Тіпті ол ЮНЕСКО тізіміне енгізуді де жоспарлап қойыпты.
«Қамбар ата түлігі алғаш рет қолға үйретілген Айыртау ауданындағы Ботай тұрағын қазір әлем ғалымдары мен археологтары жақсы біледі. Қазба жұмыстары барысында жылқы малының топай сүйектері мен тілерсектері көптеп табылған. Соған қарағанда олармен түрлі ойындар ойналған болу керек деген болжам бар. Асауға алғаш бұғалық салынған жердің құрметіне «Ботай» деген атау беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барынша ұлттық бояуға қанықтырып, жаңаша қырынан дамытуды, құндылықтарымызды барынша насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Өзіміз бала кезімізде шаңға көміліп ойнайтынбыз. Бізден кейінгі толқынның сақаға әуестенгенін көрмеппін. Мектептерде үйірмелер ашып, ойынның ережесін, әдіс-тәсілдерін оқушыларға үйретеміз. Осыдан бір ай бұрын өңірімізде асық атудан республикалық чемпионат өтіп, біздің бастамамыз асық ату федерациясы басшылығы тарапынан қолдау тапқан болатын», дейді бұдан өзге игі істерге де қозғау салып жүрген Ерлік бауырымыз.
Жарыстың бас төрешісі Қуат Хайрулиннің айтуынша, «Ботай» ойыны күш-жігерді, қырағылықты арттырып, ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа баулиды. Ойыншы үнемі қимыл-қозғалыста жүргендіктен қан айналымы жақсарады, денесі шынығады. Жарыстың ережесі бойынша әр ойыншының екі диі, бір сақасы болады. Ойын алаңында қаз-қатар тізілген дилерді сақамен көздеп атып, сызықтан ұшырып шығару керек. Петропавлдық Әсет Демесінов үш партияның екеуінде қарсыласынан басым түсіп, қорытынды есепте бірінші орынға көтерілді. Екінші орын көкшетаулық Самат Әукеновке бұйырды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ескендір Рахметов үшінші орынды місе тұтты.
Бұдан бөлек «Үздік сұрмерген», «Көрермендер көзайымы», «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» аталымдарының жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Солтүстік Қазақстан облысы