Спорт • 12 Тамыз, 2019

Президент кубогын бесінші мәрте жеңіп алды

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен апта Нұр-Сұлтан қаласындағы «Барыс Арена» мұзсарайында 10-шы рет ұйымдастырылған хоккейден Қазақстан Президенті кубогы өз мәресіне жетті. Елорданың «Барыс» клубы алғашқы үш ойынында қарсыластарынан басым түсіп, Президент кубогын бесінші рет жеңіп алды.

Президент кубогын бесінші мәрте жеңіп алды

Биылғы бәсекеде бес команда бақ сынады. Құрлықтық хоккей лигасына дайындық іспетті турнирге «Барыс» (Нұр-Сұлтан), «Ак Барс» (Қазан), «Нефтехимик» (Нижнекамск), «Ав­томобилист» (Екатеринбург) және «Салават Юлаев» (Уфа) клубтары қатысқан болатын. Тамыздың 7-11 тамыз аралығында өткен мұз үстін­дегі бәсекенің ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, «Барыс» және «Ак Барс» клубтары арасындағы ойынды тамашалады. Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) үш дүркін же­ңім­пазына қарсы өткен ойында жерлес­теріміз 6:1 есебімен басым түсті.

Кездесудегі алғашқы шайбаны «Барыс» сапынан 7-минутта Никита Михайлис соқты. Ал 11-минутта «Барыстың» экс-ойыншысы Мэтт Фрэттин таразы басын теңестірді. Бұл Қазан клубының матчта соғылған ең бірінші және ең соңғы шайбасы болды. Ойынның қалған бөлігінде «Барыс» хоккейшілері үстемдік құрды. Бірінші кезеңде Кирилл Паню­ков пен «Барыс» қатарына биыл қо­сылған канадалық Адам Хелевка шайба соқса, екінші 20 минутта Дастин Бойд пен Даррен Диц және Ба­тырлан Мұратов мергендігімен көзге түсті. Осылайша «Барыс» алғашқы кездесуде ірі есеппен жеңіске жетті.

Екінші ойынын «Нефтехимик» клубына қарсы өткізіп, камбэк жасады. Кездесудің бірінші кезеңінде 1:3 есебімен жеңіліп жатқан елорда командасы 5:3 есебімен жеңісті қарсыластан жұлып алды. Бас бапкер Андрей Скабелка «Ак Барсты» ірі есеппен жеңген соң, негізгі құрамның ойыншыларына демалыс берген болатын. Сондықтан ойынның басы қонақтардың басымдығымен өтті. 23-секундта Зак Митчелл есепті ашса, артынша Павел Порядин есепті 0:2-ге жеткізді. Дегенмен Никита Михайлис 14-минутта есепті бір шай­баға қысқартты. Екінші кезеңнің 25-минутында Александр Авцин «Нефтехимиктің» үшінші шайбасын соғып кетті. Осыдан кейін «Барыс» ойында өзгеріс жасап, ойын тізгінін өз қолына алды. Ярослав Евдокимов пен Дастин Бойд бір-бірден шайба соғып есепті теңестірсе, үшінші кезеңде Бойд дубль авторы атанды. Кездесудің нүктесін Никита Клещенко қойды.

Үшінші кездесуде «Автомобилист» командасын қабылдап, аса тартысты өткен матчта «Барыс» 3:2 есебімен басым түсті. Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолына алған алаң иелері бірінші кезеңде қарсылас қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Шайба авторлары – Дмитрий Шевченко мен Ииро Пакаринен. Екінші кезеңде Никита Михайлис «Барыстың» үшінші шайбасын соғып, командасының жеңісін нақтылай түсті. Үшінші кезеңде қонақтардың екі шайба салуға шамасы жетті.

Осылайша «Барыс» соңғы ойын-
ның нәтижесіне қарамай-ақ Қазақстан Президентінің кубогын кезекті мәр­те жеңіп алды. Өйткені турнир кесте­сінде «Барыстан» кейінгі орын­да тұрған екі команда да жерлес­тері­міз­ден жеңілген. «Барыс» төр­тін­ші кез­де­суде жеңілген күннің өзінде де, жеке кездесу бойынша алда тұр. Осы­лайша «Барыс» алдын ала жарыс жеңім­пазы атанды.

Айта кетейік, 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Президент кубогы бәсекесінде Санкт-Петербургтің СКА, Омбының «Авангард», Ново­куз­нецкінің «Металлург», Нижнекам­скінің «Нефтехимик» және Хабаровс­кі­­нің «Амур» клубтары бір реттен жарыс жеңімпазы атанған.