Кейбіреулер Қазақстан елордасы – Нұр-Сұлтанда алғаш болған кездерінде өздерін Орталық Азияда футуристикалық ғылыми-фантастикалық фильм түсіру алаңына тап болғандай сезінетіндерін жасырмайды. Әлем астаналарының ішінде бұл – ғарыштық заманауи кескін-келбеті бар қалалардың бірі. Орталықазиялық мемлекеттің солтүстік бөлігінің ортаңғы тұсына орналасқан қала өзінің ерекше архитектурасымен менмұндалайды және кәмелет жасына толмаған жасөспірімнің әсерін береді. Жиырма бір жасқа енді толған Нұр-Сұлтан, бұрынғы елорда, 1997 жылы астана ретінде Алматыны ауыстырған болатын. Міне, бүгін өзінің кемелденген кезеңіне жетіп отыр.
Нұр-Сұлтан батысқа қарай мыңдаған шақырым жердегі Женева секілді «Бейбітшілік қаласы» мәртебесіне ие. Бұл мәртебе қалаға ЮНЕСКО тарапынан 1999 жылы берілген болатын. Щвейцария және француз Альпісінің етегінде орналасқан Женевадан айырмашылығы, бұл – архитектурасы жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның бас жоспары шеңберінде «нөлден» жобаланған бұрынғы қарапайым қоныс, бүгінгі жедел өсіп келе жатқан заманауи аудандары бар елорда. Қала Есіл өзенінің қос қапталын алып жатқан жартылай шөлейтті ұлан далада асқақтап тұр. Басқасын айтпағанда, Қазақстан халқының саны бар-жоғы 18,5 миллион адамды құрайтын аумағы жөнінен планетамыздағы тоғызыншы ел болып саналады. Шығыс пен Батысты жалғаған көне Жібек жолы дәл осы жермен өткен.
Қалада көрген адамның көзін қызықтыратын «Бәйтерек» монументі секілді әсем ғимараттар мен құрылыстар көптеп саналады. Панорамалық шар түріндегі аспанмен таласқан «Бәйтеректен» қала алақандағыдай анық көрінеді. Бұл қатарға Норман Фостер жобалаған пирамида пішініндегі Бейбітшілік және келісім сарайын, Президент сарайының маңындағы саябақты, сол Фостер жобалаған әлемде теңдесі жоқ «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын қосуға болады. Сол тұста алтын күмбезі 40 метрлік, 63 метрлік 4 мұнарамен қоршалған көлемі жөнінен Орталық Азияда үшінші орын алатын сәулетті «Нұр-Астана» мешіті де орын тепкен.
Соған қарамастан, елорданың басты магистральдары көп жағдайда адамдардан бос болады. Ертеңгі және кешкі қарбалас уақыттарда ғана қарама-қарсы иін тірескен көлік кептелектерін көре аласыз. Ал Есіл өзенінің жағалауларында және қаланың ескі бөлігінде қай кезде де белсенді өмір қызып жатады.
Астана: ауыспалы атаулар қаласы
1830 жылы әуелде орыстар Ақмола ретінде негізін қалаған, кейін Сібір казактары үшін қорғаныс ғимараты ретінде қанат жайып, Акмолинск атанған қала түрлі өзгерістерді басынан өткерді. 1961 жылы Кеңес Одағы кезінде қала Целиноград атауын алды. «Тың қаласы» – тың әрі өте құнарлы жерлерді анықтау үшін қолданылатын термин. Отыз жыл өткен соң қалаға Ақмола атауы қайтарылса, 1997 жылы Алматыдан елдің әкімшілік орталығы көшірілген соң кезекті мәрте өзгертіліп, Астана («елорда») атауын иеленді.
Жақындағы өзгеріс баршаны бірдей қуанта қойған жоқ. Кейбіреулер Астананы қалыптасқан бренд деп санайды және сілтемелерді таяуда отставкаға кеткен Президенттің атына ауыстыру үшін көптеген шығын жұмсалатынына өздерінің наразылықтарын білдіреді. Көпшілік пікірталастар қоштала қоймайтын және көп тарамаған елде елорданы қайта атауға қарсылар да жоқ емес. Адамдар әлі де болса қаланы бұрынғы атымен атайды.
Еңселі ертеңіне сенімді өңірлік орталық болғанымен, Қазақстан астанасы шалғайда қалып келеді. Әзірше әлемде де баршаға бірдей танымал емес. Соған қарамастан, Лондоннан Нұр-Сұлтанға тікелей рейспен бар болғаны 6 сағат 50 минутта ұшып келуге болады. Франкфурттан 6 сағат 25 минутта жете аласыз. Еуропаның орталығынан Дубайға да шамамен осынша уақыт ұшасыз. Бұл Еуропадан Бейжіңге, Сингапур немесе Токиоға қарағанда анағұрлым жақын. Қаланың Ыстанбұлмен байланысы да жақсы жолға қойылған. Бірақ шетелдіктерді Нұр-Сұлтан – жай ғана жасанды орталық емес, саяси немесе экономикалық мүдделер тоғыстыратын, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық форумдар өткізуге қолайлы жер деп сендіру үшін де айтарлықтай күш-жігер жұмсауға тура келеді.
Көлемі бойынша Қазақстанның екінші қаласы әлеуеті өсіп келе жатқан елдің елордасы ретінде Азия мен Еуропаны жалғай отырып, географиялық тұрғыдан планетамыздың дәл кіндігінде орналасқан деуге болады. Мұндағы қонақүйлер салыстырмалы түрде алғанда қымбат емес, конференц-залдарының сапасы аса жоғары деңгейде, таксилері арзан, қаланың өзі қауіпсіз. Үкіметтің қаланың осы имиджін шешуші халықаралық хаб ретінде ұстап келе жатқаны еш күмән туғызбайды. Мәселен, екі жыл бұрын мұнда «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтті. Көрме елдер, үкіметтік емес ұйымдар, компаниялар мен жалпы жұртшылық арасында көмір қышқыл газдарының шығарылымын бір мезгілде қысқарту кезеңінде баршаға ортақ қауіпсіз және орнықты қуат көздеріне қолжетімділікті қалай қамтамасыз етуге болады деген тақырыпта жаһандық деңгейде пікірталас өткізуге ықпал етуді мақсат тұтты. Қазақтар бұл мәселені 2019 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін Климаттық саммитте көтеруге ниетті.
Мақсат – әлемдік аренада өзін таныту
Эстетикалық қала Алматы оңтүстікте орын тепкен. Кеңестік кезеңде Қазақстан астанасы болған оны ақбас таулар қоршап тұр. Алматы халықаралық ұйымдар картасында 1978 жылы, қалада маңызды конференция өткізілген кезде пайда болды. Сол жылғы алқалы басқосуда денсаулық сақтау саласының сарапшылары мен әлемдік көшбасшылар жалпыға ортақ денсаулық сақтауды қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады. Бірақ 2018 жылғы қазанда Нұр-Сұлтанға кезек келді. Қала ДДҰ және ЮНИСЕФ-пен бірге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша жаһандық конференция өткізіп, онда баршаны денсаулық сақтау қызметімен және Орнықты даму мақсаттарымен (ОДМ) қамтуды жүзеге асыруға бүкіл әлем ықыласты екені жария етілді.
Сол кезден бері Нұр-Сұлтан кең ауқымды дипломатиялық келіссөздер, Асад режімі мен оппозиция арасындағы сириялық бейбіт келіссөздер секілді аса маңызды жаһандық мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін орынға айналды. Сондай-ақ 2003 жылы Нұр-Сұлтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін қабылдай бастады. Әр үш жыл сайын түрлі діни көшбасшылар бас қосатын кездесудің мақсаты конфессияаралық келісімді насихаттау мен терроризм және экстремизмге қарсы күрес мәселелерін талқылау. Соңғы осындай кездесу 2018 жылғы қазанда өтті.
Мақсаттар қаласында әлі де болса түйткілдер бар
Алматыға қарағанда Нұр-Сұлтанда жер сілкіну қаупі жоқ. Жергілікті тұрғын, телевизиялық бағдарламалардың режиссері Алена Горбачева үшін Нұр-Сұлтан – тамаша қала. «Ұшқан құстың биіктігінен қарағанда, қала дұрыс геометрияға ие, симметриялық жағынан да ұтымды орналасқан және әдемі пейзаждарымен ерекшеленеді», деп түсіндіреді ол. Қала өмір сүруге өте қолайлы, қоғамдық көлік сияқты кейбір проблемаларына қарамастан, өміріңді еркін басқара аласың. Қала ретінде оның да мақсаттары бар.
Аумағы жағынан екі есе үлкен Алматыда ықшам, бірақ тиімді жерасты темір жол желісі тартылған, алайда Нұр-Сұлтанның геоморфологиялық құрылымы қауіпсіз метро құрылысын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Қазіргі кезде қалада қоғамдық көліктің негізгі түрі ретінде көбінесе автобустар мен таксилер, сондай-ақ сенімді даму үстіндегі велосипед көлігі пайдаланылады. Сонымен қатар әзірше толыққанды көлік жүйесі болудан алыс жатқан жүрдек темір жол қатынасының құрылысы жоспарланған. Оның шетелдіктер үшін аса тартымды болатыны аңғарылады. «Бірақ үлкен алаңдарда, ұзын бульварлар мен қоғамдық орындарда қатаң ауа райы жағдайына байланысты серуендеудің өзі қиын», деп мойындайды Горбачева.
Әлемдегі ең суық екінші астана
Мұнда жаз маусымы жанға жайлы болғанымен, қысы ұзақ әрі өте суық. Нұр-Сұлтан Моңғолияның астанасы Ұлан-Батордан кейінгі әлемдегі екінші ең суық астана саналады. Бұған дейін мұндай мәртебеге Канаданың астанасы – Оттава ие еді, ал қала Қазақстанның жаңа елордасы атанған кезде Оттава бір саты кейінге сырғыды. Сондықтан қыста Нұр-Сұлтанда қыдырудың өзі қиындық туғызады.
Соған қарамастан, Горбачева секілді адамдар, үкіметтің астананың көлік жүйесін жақсарту жөніндегі стратегиясы өз жемісін береді деп үміттенеді. «Тұтастай алғанда, Нұр-Сұлтан кез келген жас қалаға ұқсайды. Көптеген проблемасы да бар, қуанышқа қарай, олар халықаралық танымалдылыққа үлкен кедергі болып табылмайды», дейді ол. Оның сөзінше, «Астана – жұмыс істеуге, ал Алматы – өмір сүруге қолайлы». Сондай-ақ бұрынғы астанада мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жағынан қызығарлықтай атақ-бедел бар. Қаржы саласы, түнгі өмір және мейрамханалар туралы да осыны айтуға болады, бірақ қазіргі кезде мұндай оң үдерістерді оның туған қаласы – Нұр-Сұлтанда да жиі кездестіруге де болады екен.
Қазақстандық этностың орыс азшылығының өкілі ретінде Горбачева өз елінің сырттан инвестициялар тарту бойынша (оның ішінде Ресей де бар) күш-жігері үлкен нәтижелер әкеледі деп үміттенеді. Ол бес жыл бойы Мәскеуде оқыпты және үкіметтің студенттердің әлемнің үздік университеттерінде оқуларына жомарттықпен көмектесетінін айтады. Тек Қазақстанға қайта оралулары шарт. Көптеген студент осы бағдарлама бойынша Батыс Еуропаға немесе АҚШ-қа оқуға барады.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алса, орыс тілі мемлекеттік мекемелер мен мәжілістерде кеңінен қолданылады. Орыстар өмірдің барлық саласына белсене араласады. 1989 жылы қазақтар халықтың 39 пайызын құраса, бұл – шамамен 6,5 миллион адам, ал орыстар 38 пайыз еді. Бүгінде этностық қазақтар халықтың шамамен 68 пайызын құрайды, ал этностық орыстар шамамен 20 пайыз төңірегінде тұрақтап қалды. Тәуелсіздік жылдарында көптеген орыс елден көшсе, араларында қайтып оралып жатқандар да бар.
Әлемдік оқиғалар күнтізбесіне енудің жолдары
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан әлемдік оқиғалар күнтізбесінен берік орын алды деп үлкен сеніммен айтуға болады. Пәкістан мен Иранның және басқа да көрші елдердің Ауғанстан арқылы (қауіпсіздік ахуалына байланысты) темір жол қатынасын дамыту жөніндегі ағымдағы жоспарлары Үнді субконтинентімен, Таяу Шығыспен және тіпті Еуропамен байланысқа ұмтылыстан туған әрі бұл Қазақстан үшін де аса маңызды. Осы бағытты Нұр-Сұлтан да технологиялық хаб ретінде толықтай пайдаланғысы келеді. «Астана-хаб» технологиялық паркі қазірдің өзінде Беларусьтегі, Қырғызстандағы, Ресейдегі, Украинадағы және Өзбекстандағы инновациялық экожүйелермен байланыс орнатып үлгерген әрі Силикон алабы мен Швейцарияның Лозаннадағы EPFL инновациялық паркі құрамына енеді.
Өзінің жаһандық бітімгершілік миссиясына сәйкес, Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Женева тәжірибесінің ықпалымен де болуы ықтимал (ол 2011 жылғы наурыз бен 2013 жылғы қазан аралығында Женевада БҰҰ бөлімшесінің бас директоры лауазымында болды), 2019 жылғы 3 шілдеде ел «Ядролық қаруларға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Оңтүстік Африкадағы жағдай секілді Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан жария түрде бас тартып қана қоймай, оны толықтай аластады, сондай-ақ Семейдегі сынақ полигонын жапты.
Мадридте орналасқан БҰҰ-ның Бүкіләлемдік туристік ұйымы (ЮНВТО) және Нұр-Сұлтан қаласы 2019 жылғы 9-12 қазан күндері Қазақстан астанасында «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» тақырыбында қала туризмі бойынша 8-ші Жаһандық саммит ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 2020 жылғы маусымда өткізілетін Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші министрлік конференциясы да келесі бір маңызды оқиға болмақ. ЭКСПО орталығының директоры Дәулет Еркімбаевтың сөзіне қарағанда, қалаға ДСҰ-ға мүше 164 мемлекеттен сауда министрлері мен ұйымға байқаушы 20 елден өкіл, сондай-ақ 4000-нан астам қатысушы келеді деп күтілуде екен. Бұл Қазақстанды әлемдегі теңізге шығатын жолы жоқ аса ірі елге, осындай кең ауқымды конференция өткізетін Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекетке айналдырады.
Осы оқиғалардың көпшілігі жаһандық сауда-саттық өткірдің жүзінде тұрғанда, әсіресе әлемдегі аса ірі екі экономика – Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы текетірес сақталып отырған кезеңде жүзеге асқалы отыр. ДСҰ өкілі Кейт Роквеллдің сөзіне қарағанда, Қазақстан ұлттарды біріктіру және үлкен елдер перспективаларын түсіну тарихи қабілетіне ие. «Жібек жолы Қазақстан арқылы өткен және сауда-саттық елдің ДНК-сының тарихи бөлшегі болып табылады. Бірақ бұл оқиғаның сауда-саттық пен бизнес және инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, сонымен бірге осы тамаша қаланың мүмкіндігін көрсете алуы әбден ықтимал», деп атап өтті ол.
Бұл үдерістер осы жылдың шілде айында 450 000 адам қатысқан Қазақстан астанасының 21 жылдығын мерекелеу кезінде нақты реңк ала түсті. Мұны сондай-ақ бір ай бұрынғы өзінің инаугурациялық президенттік сөзінде Алматының тумасы Тоқаев та атап көрсеткен болатын. «Алдағы бірнеше жыл бедерінде заманымыздың ең басты сұрағы: қай елдер прогреске кіріге алады, қайсысы әлемдік дамудың шетінде қалатыны шешілетін болады», деген еді Президент. Елдің негізгі экономикалық және саяси «қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне» жауап беру қабілеті бар екенін атап көрсете келіп, ол Қазақстан адамдардың игілігі үшін «жасампаз өзгерістерді» дамытатынын, бизнес үшін ашық екенін қоса айтқан болатын. Бұл, ол атап өткендей, «прогресті оның түсінуі».
Қазақстан мен Нұр-Сұлтанның табыстарға қол жеткізуі көп жағдайда айтылған сөздерді іс жүзіне асыру мүмкіндігіне тікелей байланысты болмақ. 2019 жылғы мамырда Алматыда өткен Еуразиялық медиа-форум кезінде «Global Geneva»-мен әңгімесі барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың сөзіне сәйкес, «Қазақстан өзінің перспективасын тек өзінің географиясымен ғана шектеуге жол бере алмайды. Жаһандық әлем мен жаһандық тұрақтылық және жаһандық дамуға өзіміздің үлесімізді қоса отырып, біз жаһандық дамудың бөлшегі болғымыз келеді», деген еді ол.
Инвестициялау – әлемдік ықпалдастық әрі заман талабы
Қазақстан білім беру мен инфрақұрылымдарға айтарлықтай қаржы бөле отырып, қазіргі заманға кірігіп келеді. Ел сондай-ақ мектептерде ағылшын тіліне үлкен назар аударып, интернационализацияға ұмтылып отыр. Орыстардың үлкен өкінішіне қарай, ел сондай-ақ қазақ тілі үшін латын әліпбиін пайдалану арқылы кириллицадан бас тартуда. Сонымен бір мезгілде, ел мұнай-газ ресурстарына бай бола тұра – ол Орталық Азиядағы аса тиімді экономикасымен мақтана алады – артықшылықтарға ие болып отырғандар мен кедейлер арасында айтарлықтай алшақтық бар. Қазақстан сондай-ақ баспасөз бостандығы көрсеткіштері бойынша төмен орын алады және бақылаушы ұйымдар тарапынан діни кемсітушілікке жол беріледі деп айыпталады.
Иерусалимнің тумасы болып табылатын Қазақстанның Бас раввині Йешая Коэн 70 пайыз мұсылман және шамамен 26 пайыз христиан (бұған қоса бірнеше мың еврей бар) тұратын елде өзінің діндердің «өзара құрмет көрсетуіне» ықпал етуге ұмтылып отырғанын айтады. Мәселен, ел православиелік христиандар, католиктер мен дәстүрлі протестанттық конфессиялар үшін діни сенім-наным еркіндігін бере отырып, екінші жағынан кейбір евангелия христиан топтары мен Иеһова куәгерлеріне, сондай-ақ кейбір ислам топтарын сынға алып, оларға қатысты қатаң саясат ұстанады.
Соңғы деректерге қарағанда, елдегі адам құқығына байланысты жағдай да жақсара түскен. Кеңестік шекпеннен шыққан ұлт ретінде Қазақстан саяси қуғын-сүргін туралы жақсы біледі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті елді 30 жыл басқарса, 2019 жылғы сайлау салыстырмалы түрде алғанда еркін де әділетті болды. Мен адамдардың енді ашылып, кәсіподақтардың дамуына мүмкіндік беретін, тәуелсіз БАҚ-тардың көптігіне төзімділікпен қарайтын және түрлі ой-пайымдарға рұқсат беретін кездің келгенін түсінетінін ұқтым. Тек Қазақстан осылай ғана өңірлік бейбітшіліктің символы ретіндегі жаңа кеуделі рөлін айтарлықтай меңгере алмақ.
Питер КЕННИ,
«Global Geneva» басылымы,
2019 жылғы 30 шілде