Дәрігерлердің айтуынша, гепатиттің алдын алуға да, емдеуге де болады, ал С гепатиті толық жазылады. Бірақ гепатитпен ауыратын адамдардың 80 пайызына алдын алу, тексерілу және емдеу шаралары қолжетімсіз. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда былтыр осы сырқат бойынша диспансерлік есепте 67 мыңнан астам адам тіркелген, олардың 5717-сіне диагноз алғаш рет қойылған екен. Гепатитпен ауыратын науқастардың басым бөлігі Алматы (8943), Нұр-Сұлтан (8088) қалаларында, Түркістан облысы (6592) мен Шымкентте (6369) тұрады.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, вирусты гепатит A, B, C, D және E вирусты гепатитінің бірін тудыратын бауыр қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл вирустар түрлі жолмен беріледі. Мәселен, А және Е гепатиті – вируспен ластанған азық-түлік пен су арқылы, сондай-ақ тұрмыстық байланыс кезінде адамнан адамға жұқса, В және С гепатиті – қан арқылы, жыныстық қатынас кезінде жұғады және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. Ал D гепатиті жеке өзі жұқпағанымен, В гепатиті болған кезде дамиды екен. Аталған вирустардың бәрі жіті гепатитті тудырады, яғни соның салдарынан тәбет жоғалады, дене қызуы көтеріліп, терінің сарғаюы және шелдің пайда болуы сияқты белгілер дами бастайды. Ал В және С гепатиттері созылмалы түрге ауысып, бауыр циррозы мен обырына әкелуі мүмкін. Гепатиттің созылмалы инфекцияларының 57 пайызы жағдайында бауыр циррозы және 78 пайызы жағдайында бастапқы бауыр обыры пайда болуы ықтимал.
Қазақстандағы сырқаттанушылықтың көпжылдық динамикасының талдауына сүйенсек, А және В жіті вирустық гепатиттеріне қарсы жоспарлы иммундаудың нәтижесінде соңғы 20 жылда жіті вирустық гепатиттермен сырқаттанудың тұрақты төмендеуі байқалады. Жыл сайын республикада жіті вирустық гепатиттің шамамен 1 мың жағдайы және созылмалы вирусты гепатиттің 5-6 мың жағдайы тіркеледі.
Вирусты гепатиттер жөніндегі жоғары санатты инфекционист-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешеваның айтуынша, бауыр жасушаларының вирустармен зақымдалуынан болатын гепатитті тудыратын бірнеше вирус бар. Бұл екі топқа бөлінеді: энтеральды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парэнтеральды гепатиттер (В, С, дельта, тета, т.б. вирустар). А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұғатын болса, парэнтеральды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар маникюр, педикюр, денеге татуировка салатын жерлерде де жұғуы мүмкін). А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парэнтеральды гепатит жыл бойы кездесе береді. Энтеральды, парэнтеральды гепатиттердің өзінің клиникалық белгілері, даму кезеңі бар. Мысалы, А гепатитіне келсек, оның дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – инкубациялық кезең. Бұл 5-45 күнге дейін созылса, одан кейін 4-7 күнге созылатын программалды кезең (немесе сарғаю алды деп те атайды) басталады. Одан әрі сарғаю, жазылу кезеңдері. Ал парэнтеральды, В, С гепатиттерінің инкубациялық кезеңі 6 айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі, қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады, дейді Динагүл Аяпбекқызы.
Мамандар А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында түрлі белгілер байқалатынын айтады. Мысалы, тұмау тиіп қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін немесе ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы кәдік. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды. Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді. Ал В, С гепатиті біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Науқас ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда дәрігерлер анализдік талдау жасап, эпидемиологиялық анамнездерін міндетті түрде сұрауы керек. Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, бір аурумен ауырып қан құйған болса, гепатитті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауға негіз бар. А гепатиті жедел түрде өтеді. Сондықтан бұл аурудың созылмалы түріне айналмайды, толық емделсе жазылып кетеді. Е гепатиті әсіресе жүкті әйелдерге өте қауіпті. Ал В, С, дельта гепатиті секілді қан арқылы жұғатын гепатиттердің 30-40 пайызы созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін. Жедел емделмесе, цирроз ауруына, тіпті әрі қарай бауыр обырына апарып соғуы мүмкін.
Емделгеннен кейін міндетті түрде бауырға ерекше күтім қажет. Сондықтан, біріншіден, дәрігер айтқан тағамды ғана тұтынған жөн. Тағаммен бірге режім сақтау, ауыр жүк көтермеу маңызды. Гепатитпен ауырған науқастардың барлығы диспансерлік бақылауда тұрады. Биохимиялық зерттеуден өткізіп, бауыр жасушаларының жұмыс атқаратын күшін дәрігерлер бақылап отырады. Сондықтан жоғарыдағы режімдерді міндетті түрде ұстануы тиісті. Сондай-ақ қуырылған және жартылай дайын тамақтарды, шикізаттарды, ұзақ сақталатын консерванттар қосылған тағамдардан аулақ болу керек. Ішімдік, кока-кола сияқты газдалған, химиялық заттар қосылған сусындар ішуге болмайды. Сонымен қатар дәрілік заттардың да бауырға әсері аз түрін қарастыру керек. Әсіресе өздері ауырып, ана болуға дайындалатын қыз-келіншектер денсаулықтарын күтуі тиіс. Екпені уақытында алып, скринингтен өтіп тұрғанын абзал, дейді Д.Баешева.
Жалпы, бұл аурудың тырнағына кез келген адам ілігуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тұрмысы бақуатты, дамыған елдерде тұратын азаматтар ағзасы керісінше вирусты тез қабылдауы ықтимал. Сондықтан қауіпсіздіктің қарапайым ғана ережелерін есте сақтау қажет. Әйелдер маникюр жасағанда өз жиынтығын пайдаланғаны дұрыс немесе құралдарын мұқият зарарсыздандыратын сенімді маман тауып алуы керек. Жалпы, өткір, кесетін құралдармен қызмет көрсететін кез келген жерде (стоматологиялық клиника, барбер-шоп, тату салоны) абай болған абзал. Бірақ кейде гепатит адами факторға қатысы жоқ беймәлім жағдайларда да таралуы әбден мүмкін. Мәселен, 1988 жылы азық-түлік пен ауыз судың ластануы салдарынан 300 мың адам сары ауру жұқтырған Шанхай оқиғасы тарихтан белгілі.
Ең бастысы, иммундау шарасынан тыс қалмау керек. ДДСҰ дерегінше иммундау шаралары жыл сайын 2-3 млн адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді. Ал елімізде жаппай екпе егу арқылы соңғы ширек ғасырда В гепатитінің таралу көрсеткіші балалар арасында 1234,5 есе, ересектер арасында 311,5 есе азайды.