Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Мехнаттан құтылар күн бар ма?

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жол азабынан жаны қиналған жолаушының есіне бұрынғыдан қалған, астарына атан түйеге жүк болар сыр жасырған «бір жол бар, жақын да болса алыс» дейтін сөзі түсер еді. Ақмола облысының Сандықтау ауданы аумағындағы жергілікті маңыздағы жолмен жүріп өткен жолаушы енді қайтып бұл өңірге ат ізін салмастай болары анық.

Мехнаттан құтылар күн бар ма?

 Бір қарағанда, аудан орталығы Балкашиннен 108 шақырым қашық­тықтағы Мариновка елді мекені қа­зір­гі жүйрік көлікке бұйым емес тәрізді. Бірақ осы аз ғана жолдың на­шар­­лығынан бір тоқтап, бір жүріп, сағаттап сапар шегуге тура келеді. Жалғыз Мариновка ғана емес, жол бойында Романовка, Богославка, Ши­­роковский, Каменка, Васильевка, Ұлан, Мәдениет ауылдары бар. Күре жолдың бойындағы мың шұңқырды, опыра ойылып бір-біріне жалғасып жатқан, көрген адамның иманы қасым болатын қазан шұңқырларды айналып өту бұрын жүріп көрмеген адам үшін тіпті мүмкін еместей.

– Жол дегені аты ғана, әйтпесе жоқ деуге болады, – дейді жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкер Юрий Тумицкий, – мәселен, мен Көкшетаудан Мәдениет және Ұлан ауылдарына жолаушылар тасимын. Жолдың жоқтығынан көлігіміз жиі бұзылады. Әр жолаушы Мәдениет ауылына дейін 1900 теңге, ал Ұлан ауылына дейін 1600 теңге жолақысын төлейді. Қазір халықтың көпшілігі жекеменшік көліктерімен жүреді ғой. Автобусқа сирек отырады. Сондықтан бұл бағытта жолаушы тасымалдап, табысқа кенелу қиын. Селкілдеп отырған жолаушыны аяйсың. Әсіресе қариялар мен балаларға қиын. Күзгі қара жаңбыр басталғанда жол мүлдем жүруге жарамсыз болып қалады. Оның үстіне астық тасыған ауыр салмақты автомашиналар онсыз да қаусап тұрған жолды қиратып кетеді.

Астық демекші, бұл өлкедегі шаруашылықтар күзгі жиған дәнін Мариновка ауылының іргесіндегі Адыр астық қабылдау кәсіпорнына, одан әрі 60 шақырым жердегі Атбасар элеваторына тасиды. Ел ырыздығы алтын астықты тасушылардың да көрген күні осы. Қуатты техника қанша жаңа болғанымен, бірер жылда сау тамтығы қалмай сынып бітеді. Әрі әр минуты өлшеулі астық үшін арпалыс кезінде қаншама қолбөгеу.

Тас жолдың тақсыретін тартқан елді мекендердің тұрғындары жаз айларында сұлбасы қалған жолдан қашып, дала жолдарын пайдаланады. Онда да шекеңді шылқытатын ештеңе жоқ. Жауын суынан ойылған ойдым-ойдым қазан шұңқырлар. Әр көліктің соңында шұбатылған шаң. Бағытын анық білмейтін адамның адасып кетуі оп-оңай. Ал қыс – жергілікті тұрғындар үшін өте ауыр маусым. Арқаның ақ бораны онсыз да қирап біткен жолды жиі алып қалады. Қар қамауында қалған елді мекендердің тұрғындары аудан, облыс орталығына қатынай алмайды. Көктемде де көрген күн осы. Бұрынғы бейнет  бесбатпан болып ауырлана түседі. Сарқырама өзені тасыған сәтте Широковский және Дорогинка елді мекендеріне баратын жолды басып қалады. Қашан су қайтқанша қатынас үзіледі. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, азық-түлік табылады-ау, ауырып-сырқағандарға қиын.

– Сарқырама өзенінің үстінен өтетін үш көпірдің тозығы жеткен, – дейді облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Александр Рублевский, – әр көпірді жөндеуге жарты млрд теңгеге жуық қаражат қажет. 2007-2011 жыл­­дары аралығында бұл бағыттағы 70­ шақырым жерге ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Қазір Балкашин-Каменка бағытындағы  жолдың 38 шақырым бөлігіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд 610 млн теңге қаражат қажет. Біз министрлікке арнайы хат жаздық.

Каменка ауылынан Преображенка, Белгородское, Раздольное елді мекендеріне қатынайтын жол әбден тозған. Жол емес, бағыты ғана бар. Мәдениет ауылының маңайындағы жолдың бөлігі әбден тозып біткен. Осы елді мекеннен Ұлан ауылына қатынайтын тас жолдан өту тіпті мүмкін еместей. 

– Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде республикалық маңыз­дағы жеті мың шақырым жол жаң­ғыр­тылып, 11 мың  шақырым жол­ға күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізіледі, – дейді  облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасы басшысының орынбасары Александр Рублевский, – ал жергілікті маңыздағы 30 мың шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалмақ. 2025 жылға  дейін республикалық маңыздағы жолдар 100 пайыз, ал жергілікті маңыздағы жолдар 95 пайыз жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жет­кізіледі.

Ал кезегін күткен, әбден тозығы жеткен жергілікті маңыздағы жолдар аз емес. Бұл орайда Ерейментау – Павловка – Аршалы бағытындағы жалпы ұзындығы 120 шақырым, Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік орамындағы әбден тозығы жеткен 41 шақырым, Ақкөл ауданындағы Новый Колутон – Азат  –  Минск бағытындағы қашықтығы 70 шақырым тас жолды айта кетуге болады. 

Ал Сандықтау ауданының біз жоғарыда айтып өткен елді мекендер арасын жалғап жатқан тас жолдарға бұл жақсылықтың шарапаты тие ме, жоқ па, ол арасын кесіп айту қиын. Облыстық мәслихаттың осы ауданнан сайланған депутаты Ғалымбек Баймышевпен сөйлестік. Жол жа­йында жұмған аузын ашпады, хабарсыз екен. Депутат әкімдікке сілтейді. Ел сенім артып сайлағаннан кейін аттан салатын-ақ мәселе емес пе?!

 

Ақмола облысы