Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Саф табиғаттағы саумал терапиясы

832 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелден келе жатқан ұлттық сусынымыз – қымызға не жетсін?! Ішсең сусын, емдік қасиеті мол қымыздың қадірі күн санап артып келе жатқаны сүйінішті. Жадыраған жаз маусымында тауларының құшағынан қырмызы гүл мен қымыздың иісі аңқып тұратын Кеген ауданында желіге бие байлап, күбісін пісіп, саба-саба сары қымызын жұртқа ұсынып отырғандардың қатары жетіп артылады.

Саф табиғаттағы саумал терапиясы

Теңіз деңгейінен 1500 метр биікте орналасқан, табиғаты тамаша таулы өлкеге жазғы демалыс маусымында арнайы келіп, саумалмен емделушілердің қатары көбейіп келе жатыр. Осыны көзімізбен көріп, көңіліміз қуанды. Бұл – ұлттық сусынымызды құрметтеу. Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабұлақ ауылының етек жағында «Береке» атты саумалмен емдейтін демалыс орны бар. Тегінде Қарабұлақ өңірі – жасыл шыршасы, бұрқыраған аршасы, таңғажайып табиғаты сән берген, әр берген таулы өңір. Әйгілі Көлсай көлдеріне баратын күре жолдың бойына орналасқан. Таудан төмен құлай ағып жатқан мөп-мөлдір бұлақтарын, жасыл құрақтарын айтсаңшы! Ауылдың етек жағындағы Диірмен деп аталатын жердегі саумалмен емдейтін демалыс орнының ашылғанына 5 жыл болған. Оның иесі ерлі-зайыпты Бақытжан мен Ұлдай Алдиярбаевтар. Бақытжанның ма­мандығы – агроном. Білімді, еңбек­қор азамат тоқсаныншы жылдары шаруа­шылықтар тараған кезде қол қусырып қарап отырмай, 1992 жылдан бастап осы өңір­ден 16 гектар жер алып, содан бері шаруа қожалығының іргесін кеңейтіп келеді.

 Қазіргі жағдайлары жаман емес. Ауылдан бір шақырымдай ғана жердегі демалыс орны бізге бірден ұнады. Бір жағында арынды тау өзені сарқырай ағып жатыр. Ерлі-зайыпты еңбекқор жандар қонақтар қона жатып демалатын бірнеше ғимарат тұрғызған. Мұнда жиырма адамның апталап саумалмен алаңсыз емделіп қайтуына толық мүмкіндік бар.

Ерлі-зайыпты еңбекқор жандар демалыс орнының айналасына түрлі жеміс ағаш­тарын егіп қойған екен. Алма, қара өрік, сары өрік, қырғыздың қарақаты жай­қалып тұр. Екі таудың аңғарына ор­на­ласқан демалыс орнының саф таза ауасы­ның өзі тәнге қуат беріп, жанды сергі­теді. Ынта-ықыласы ауғандар бір уақ өзен жағалап балық аулайды. Монша да бар.

– Былтыр «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, арнайы сертификат алдым. Қолға алған шаруамның іргесін кеңейту үшін облыс әкімінің грантына қатыстым. Сөйтіп 2 млн теңге гранттың иесі атандым. Бұл бізге үлкен қолдау болды. Жаңадан 10 адамға арналған демалыс орнын салдық. Қонақүйге арналған құрал-жабдықтар сатып алдық. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған, меймандарымыздың көңілдері толып, жақсы көңіл күймен қайтады, – дейді Ұлдай Алдиярбаева.

 Рас, тал-терегі, жасыл құрағы, тау өзені көрік берген өңірдің таңғы сал­қын саумал таза ауасының өзі демалушы­лардың жанын емдейді. Мұнда сонау Нұр-Сұлтаннан, Ақтау мен Оралдан, Алматы мен Талғар қалаларынан арнайы келетін тұрақты қонақтары да баршылық екен.

Бақытжан жетекшілік ететін «Бере­ке» шаруа қожалығында үйірлі жылқы, табын сиыр, біраз қой-ешкі бар. Жатып демалушыларға қажетті құрт, сары май, ірімшік, бәрі осы жерде дайындалады. Мұнда жұмыс таңғы 5-тен басталып, түннің бір уағына дейін толастамайды екен. Демалыс орнына жақын жердегі желіде 10 бие байлаулы. Жаңа сауылған саумалдың қышқылтым иісі бұрқыраған орынға арнайы барып, қымыз ішетіндер аз емес. Бал татыған дәмді де сапалы сары қымыз жаныңды жадыратып, аңсарыңды одан сайын аша түседі. Ерлі-зайыпты Бақытжан мен Ұлдайдың белді көмекшілері Бағландай ұлдары мен Пе­ри­заттай келіндері. Бәрі бесаспап. Бие, сиыр сауу сияқты жұмыстарды кезек­те­се атқара береді. Бір жарасым орнаған жер.

Ұлттық сусынымызды ұлықтаған, саумалдың емдік қасиетіне демалу­шы­ларының көзін жеткізіп, алғыс арқалап келе жатқан Бақытжан мен Ұлдайдың шаруашылығына дән риза болдық.

Жалпы, қымыздың жанға шипа, тәнге қуат беретін емдік қасиеті мол екені медицинада да, халқымыздың өмірлік тәжірибесінде де әбден дәлелденген. Біз тілге тиек етіп отырған шаруашылық ұлт­тық сусынымыздың қадірін арттырып, кәсіпке айналдырып, елге де, отбасы­на да пайдалы игі іспен шұғылданып отыр.

 

Қанат БІРЖАНСАЛ

 Алматы облысы