Қоғам • 13 Тамыз, 2019

Хат қоржын (13.08.2019)

7257 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Хат қоржын (13.08.2019)

...ризашылығын жеткізеді

Азаматтарға алғысымыз шексіз

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аянбай тер төгіп жүрген абзал жанды азаматтарымыз – Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Жаңа Қима ауылының «Золотая Нива» ЖШС басшысы Бағдат Әубәкіров және Қостанай қаласының тұрғыны Базыл Жақыповтар зор үлесін қосты дей аламыз. Жақсы ауданы Терісаққан ауылындағы Баубек батыр мұражайын жаңғыртуға және жаңадан жиhаздар алуға Бағдат Төлегенұлы 325 мың теңге бөлді. Бүгінгі күні Баубек батыр мұражайы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

 Өзі туып-өскен, өсіп-өнген қасиетті туған жерін мақтан тұту – әр пенденің парызы һәм міндеті деп білемін. Осы міндеттерді орындау мақсатында біздің жерлесіміз, Қостанай қаласының тұрғыны Базыл Шамқанұлы өзінің туып-өскен жерін көркейтуге, Терісаққан мектебіне 999 мың теңге көлемінде қаражат бөліп, оқушыларға қысқы мезгілде хоккей ойнайтын корт, жаз мезгілінде футбол ойнайтын алаңды және жарықтандыруды құруға атсалысты.

 Міне, осындай іскер азаматтарымыздың елеулі еңбегінің арқасында елімізге, әсіресе Терісаққан жеріне қосып отырған үлестері өте сүбелі. Бұл кісілер басқарып отырған мекемелеріне үлкен жетістіктер тілейміз, жасап жатқан жақсылықтары алдарынан еселеп шығуына Алла тағалам нәсіп етсін!

 

Шазизат УАИСОВА

 Ақмола облысы,

Жақсы ауданы

 

...ой қозғайды

Шапанның қадірі кетіп барады

 Қазір қазақтың қай тойына, қай қуанышына бара қалсаң – көретінің, жабыла шапан жабу жарысы дер едім.

 Менің білуімше, қазақ шапанды өзінің аса сыйлы әрі қадірлі туған құдасының ғана иығына жапқан. Ал қазір ше, 40, 50, 60, 70, т.б. жасқа келгендерге шапан жабу бұлжымайтын заңға айналып бара жатқандай әсер етеді.

Қайталап айтамын, қазақ шапанды өзінің туған құдасының ғана иығына жапқан. Ал қазір қазақ шапанын – қазақты қойып, барша мұсылмандарға да, барша кәпірлерге де, ағылшындарға да, қытайларға да жаба беретін болған. Тіпті басқаларды айтпағанның өзінде, қазақ шапанын кез келген жастағыларға да жаба беретін болыппыз. Біз бұл дарақылықпен қазақ шапанының қадірін арттырып емес, керісінше кері кетіріп отырмыз.

 Қазақ шапанды аса әспеттеп, құрмет тұтқан! Қасиетті қазақ шапанын –дінімізді, тілімізді, ұлттық дәстүрімізді білмейтін, білгісі де келмейтін, менсінбейтін кім көрінген, қайдағы бір кірмелердің иығына жауып, не барқадам таппақпыз?

 Қорыта айтқанда, қазақ шапанының қадірін кетірмейік, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» (Абай) – деп ойымды түйіндегім келеді.

 

Жұмаш КӨКБӨРІ

 

...әсерімен бөліседі

Аңшылықтың қыр-сыры айтылды

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай Ұштаған ауылында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қыры және аңшылық» атты кездесу өтті.

Ауыл жастарымен кездесу үшін өлкеге белгілі аңшы, ауданның Құрметті азаматы Алдаберді Ақшабаев арнайы келді. Кездесуде жастар аңшыға өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кездесуді журналист А.Қонарбаев жүргізіп отырды.

Кездесуде А.Ақшабаев аңшылық пен оның қыр-сыры жайында және аң қақпаны, мылтықтары жайында жан-жақты айтып берді.

Алдаберді Ақшабаев – өлкеге танымал ауылшаруашылық қызметкері, Ленин атындағы совхозда шопан, зоотехник, ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Түбектегі байырғы аңшылардың бірі. Атақты аңшы Нұрдың тікелей шәкірті.

«Мен осы күнге дейін қанша қасқырды аулағанымды білмеймін, бірақ соңғы үш жылда 100 қасқырды аулап, қақпанға түсірдім. Ең бірінші аулаған аңым қарақұйрық. Ол кезде 4-сыныпта оқимын. Әкем Атырауға кеткенде өзім Ұштаған ауылы маңында қарақұйрық аулап, аңға шыққаным есімде. Жастарды аңшылықпен шұғылдануға шақырамын. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында аңшылық деген арнайы бөлім бар, оның өзі біздер үшін зор қолдау дегім келеді», дейді А.Ақшабаев.

 

 Алдаш ШОҢАЙ

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы

 

...алғыс айтады

Ақылшы абызымыз

 Ғасырға жуық өмір кешіп отырған Сапар Дүйсенов – абыз ақсақал. Жастарға айтар ғибраты мол, кеудесі қазына сандық. Ақбас Алатау секілді заңғар биікке адамдықтың асыл қасиетін кірлетпей, ардың жібін аттамаған күйі адал жетті. Әкесі Дүйсен өз заманында діни сауатты, ел-жұртына сыйлы болған.

 Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер, бүгінгі ардагер Алматыда тұрса да, туған жері Қызылжарға ат басын жиі бұрып тұрады. Әр келген сайын саналы ғұмырының көп бөлігін өткерген ыстық ұясы прокуратураға соқпай кетпейді. Түрлі кездесулерден де бас тартқан емес. «Басымыздан небір қилы шақтар өтті. Бұғанамыз қатпай жатып от пен оқтың ортасына аттандық. Аман-есен елге оралған соң түрлі жауапты қызметтер атқардық. Тәуелсіздіктің арайлы таңының куәгері болғаныма шүкіршілік етемін», дейді Сапар ақсақал.

 Абыз ақсақалдың бар тілеуі – елдің тыныштығы, халықтың амандығы. Одан асқан бақыт та, байлық та жоқ деп есептейді. Жас буын тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, ата-бабамыз аманат еткен ұлан-байтақ ел мен жердің иесі, қожасы бола білсе деген тілекте.

 Азаматты ісінен таны, деген жазылмаған қағида бар. Еңбек жолын тергеушіліктен бастап, облыс прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілген қарияның өмірден түйгені мол, кейінгі ұрпаққа айтары көп. Ел-жұртына жасаған жақсылығын қанша санамаласақ та тауысу қиын. Туған ауылы Тауағашқа екіқабатты мектеп үйін салдыртып беруінің өзі неге тұрады. Табанынан таусылып жүріп, дарынды балаларға мамандандырылған қазақ мектеп-интернаты жанына Ә.Досмұхамбетовтың ескерткішін тұрғызуға ұйытқы болды. Жасының шау тартқанына қарамастан нағашысы жерленген Украинадағы бауыр­ластар зиратына барып, тағзым етіп қайтты.

 

Айгүл ЫСҚАҚОВА

 Солтүстік Қазақстан облысы