Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы кезінде 1959 жылы, 1960-1961 жылдары Оңтүстік өлкесіне үш рет сапар шегіп, сол сапарында салқар Созақ сақарасын армансыз аралаған. Сол сапарында Мұхтар Әуезов Сауындық асуындағы талы, бұлағы, бейіті бар Балықшы әулиенің басына түнеп, өзі білетін аталарынан естіген тарихын айтып, қасындағы басшы-қосшыларына жөндеусіз жатқан әулиенің басы жөндеу көрмегенін, қасиетті жерді таза ұстау керектігін ескертіп асқан ұқыптылықпен қарауды тапсырады.
Сонда «Өскен өркен» романына енген «Оңтүстік сапарынан» жолжазбасында ғаламат жазушы төмендегідей дерек қалдырыпты: «Біз Кентауға Балықшыдағы шопандар демалыс үйінен шығып, Қаратаудың қалың қатпарын аралай отырып жеткен едік... Қаратаудың іші-тысын, бар жерін жақсы білетін «Созақ» совхозының агрономы Балтабайға осы өңірдегі Қаратаудың Кентауға дейін кездесетін көріністерін айтқызып едік. Ол санаған жер аттары бір шежіредей. Бұл жолда кезігетіндер: Көктөбе, Ақтөбе, Ақназар, Сананың сазы, Қызтөккен (бұл бір қыз, бір жігіттің өлімін аңызбен баяндайтын жер), содан әрі Балықшы әулие, Бөкенбай әулие, Құлметей әулие (аттарына қарағанда, бір дәуірде Қаратауды кернеген ишан-пірлердің, қожа-молданың карапайым қазақтан да қас әулиелер жасап жүргендерін танытады), тағы да жолдағы жерлер атауын атасақ, Бөжінің белі, Жамантас, Мұзбел, Қоғашық өзені, Көксарай (Қойтас) боп саналады да, содан әрі қарай Түркістан ауданына кететін еңіс, бөктерлер басталады. Ауданның жұмысшы қызметкерлерінің көпшілігі мал басындағы шопандар болғандықтан облыстық профсовет көмегімен аудандық партия комитеті, атқару комитеті зер салып жүріп, өткен жазда Қаратаудың қалың ортасындағы мол тоғайлы, жемісті «Балықшы әулие» атанған мөлдір бұлақ басына шопандардың демалыс үйін құрған. Ол да әлі көбінше киіз үйлі демалыс жайы болғандықтан, Созақтың жолдарындай ауыр қатынасындай, артезиан құдықтар қамындай көмек, тілек етеді.
Байтақ Созақ сахарасына сонау өткен ғасырларда сауда керуенін бастап келген мың сан саудагерлер, машайықтар, әулиелер мен ғұлама ғалымдар, діндарлар мен саяхатшылар, диуаналар мен жиһангерлер, бақсы-балгерлер, жыршылар мен әнші-күйшілер, сайқымазақтар Арқаның алтын қақпасы Суындық асуы арқылы келген... Сол себепті бұл асу кезінде тоғыз жолдың торабындағы сауда керуендері аялдайтын орталық болған. Осы Суындық асуынан Созақ өңіріне аяқ басқан, батысты бөктерлеп Ақсүмбе, Шиеліге қарай, шығысты бөктерлеп Бабаата, Құмкентке қарай, тіке Боқтыша (кейде Боқша) арқылы Шудың алқабына қарай сан тарау сүрлеуге түскен. Суындық асуында Бөкенбай әулие, Балықшы әулиелер сияқты белгілі, белгісіз бірнеше даналарымыз осы жерлерде мәңгілікке тыныс тапқан. Бұл асуға аяқ басқан соң, жазықты алаңқайларда көптеген даңқта адамдар жерленген киелі мекендердің нобайын байқауға болады. Былайша айтқанда ұлы дала пантеоны болған деседі.
Біз Суындық асуын қайта қалпына келтіріп, Сарыарқаның негізгі қақпасы ретінде бағалап, ұлттық саябақ болмысында ұлықтай білсек рухани жаңғыру жолындағы ұлағатты ісіміздің басы болар еді». Міне, ұлы Мұхаңның оңтүстік сапары кезінде қасында болған қазір көзі тірі, жасы тоқсаннан асқан белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов та, басқа да қаламгерлер шығармаларына әулие басындағы Әуезовті арқау еткен. Сонда қасындағыларға «Кезінде аталарымыз осында бие байлап, қымыз ішкен. Осы Суындықта жатқан Балықшы мен басқа да әулиелердің бәрі араб әскерлерінің қолбасылары, мұны мен кішкентай кезімде атам Омарханнан естігенмін», деген екен ғұлама жазушы қасындағы кісілерге.
Суындық асуында алыстан бой түзеген биік бәйтеректер көзге ерекше түседі. Ортасындағы ақшаңқан киіз үйлер әдемі кейіпте көрінеді. Жақындағанда аңғардық, өткен күзде бұлақ басындағы теректің бірі кесілгені білінеді. Жас ағашты кептіру үшін кескен бе деп те ойлайсыз. Асу басынан Көктөбе ауылына Байдалы ата кесенесін бағытқа алып Тасқораға қарай бет бұрғанымызда бұлақ басындағы теректер алыптығы байқалып еді. Енді киіз үй түбінде сұлап жатқан ағашты көріп анық аңғардық. Бұлақ басында шапшыған балықтар тынысы да бөлек дерсіз. Бір сәт бұл биік ағаштардың қияндағы Жаркент маңындағы алып ағаштармен не байланысы бар екен деп ойладық. Бұл сұрақты биология ғылымдарының докторы, профессор Жекен Мамұтовқа қойған болатынбыз. Ол кісі бұл жайттың ұқсастығын былай түсіндіріп берді:
– Ағаш түбінен бұрқылдай қайнап шығып жатқан бұлақтың, басты қасиеті де осында болса керек. Жарықтық, бұлақ та келген кісіге еркелей ойнақшып, бұлаңдай бой көрсетіп жатқан екі-үш қара-ала балық ойқастай секіріп, байырқалап қояды. Биология ғылымындағы өмірде өзін-өзі ақтаған тәжірибесіне қарағанда бір жерде бірдей жағдайда өсіп тұрған ағаштардың ішінен ойда жоқта жуандап кетуі сондағы клеткалардың бөлінуін тездететін камбий деген катализаторға байланысты екен. Ол қандай зат дейсіз ғой. Мұны түсіну үшін кез келген шыбықтың қабығын аршысаңыз, сол кезде балықтың қабығы сияқты шырыш пайда болады. Бұл сұйық шырыш ағаштардың өсуін, жуандауын, жерден нәр алатын тамырлардың тереңдеп кетуін тездетеді екен.
Биік бәйтеректер. Бұлақ маңында өскен бәрі дерлік төрт кісінің құшағы жетпейтін ағаштарға таңдай қаға таңғаласыз. Суындық асуындағы бұлақ басында Серік Нарымбет, Батырхан Сапарбай, Серік Дүйсекұлы Данияр ақсақалдың туған жер төсіндегі қызықты әңгімесін тыңдап қалды.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы