Қоғам • 13 Тамыз, 2019

Отбасы теңдігі – қоғам теңдігі

911 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ ер-азаматты шаңырақтың иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтеген. Ал отбасы ұғымы ер мен әйелдің бірлескен одағынан туады. Қай қоғамда да отбасы мемлекеттің негізгі бөлшегі. Басты қозғаушы күші. Оның әлеуметтік жағдайы, тыныштығы, берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі –қоғам алдындағы негізгі мәселелердің бірі.

Отбасы теңдігі – қоғам теңдігі

Қазақ қай заманда да әйелді отба­сының ұйытқысы санап, берекесі деп білген. Себебі ұлт­ты тәрбиелейтін осы қыз-ке­ліншектеріміз. Бірақ олардың ішкі қажеттіліктері мен жан дү­ниесінің қалауына ер-азамат­тарымыз қарсы келіп жатады. «Әйелдің орны ошақ қасы» деген сынды рухани кедергілер әлі де бар. Отбасындағы тең­дік бірінші сол әулеттегі әйел­ге көрсетілетін құрмет, сый­лас­тықтан басталуы тиіс. Әттеген-айы, көптеген отбасында әйелдің ішкі дүниесіндегі қа­жеттілікпен, көз­қара­сымен, ойы­мен санаспайды. Ер-азаматтар тарапы­нан психологиялық зәбір көретін келіншектердің саны да баршылық. Тіпті кейбір отбасыларда әйелін тек туыс-туғанымен ғана араластыратын жағдайлар кездеседі. Ойын айтуға тыйым салып, орнын көрсетумен келе жатқан азаматтар да, өкінішке қарай бар.

Одан кейінгі ең өзекті мә­­селе, ер-азаматтарымыздың тап­қан табысын әйелінің қолына ұс­татпауы. Бұл да отбасындағы түрлі ұрыс-керістің негізгі себебі. Әйелді кемсітудің бір түрі. Ақша кімде болса, билік те соның қо­лында деген шала қағиданы ұс­танатын ер-азаматтар бар. Соның салдарынан ажырасып жат­қан жас­­тар да жетерлік. Ғасырлар бойы үйдің асыраушысы – ер адам, ал ерінің тауып әкелгенін ұқсатып, іске асырушы, жаратушы – әйел адам деген түсінік қалыптасты. «Ер адам – түздікі, әйел адам – үйдікі» деген сөз соның айғағы.

Ене мен келін арасындағы бай­ланыс та маңызды. Қыз-ке­ліншектер енелері тарапынан да қолдау көрмей жатады. Ұлт­тық танымымызда ене мен келін арасындағы сыйластық ерекше орын алады. Күнделікті тұрмыста, бала тәрбиесінде қыз-келіншектерге ене­лерінің бағыт-бағдары керек-ақ. Ер-азаматты ғана емес, келіннің де мәр­тебесін арттырып, қолдауын көбейт­се әйелдеріміздің көңілі тыныш, еңбегі же­місті болар еді.

Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық зор­­лық-зомбылық. Мыңдаған қыздарымыз күнде зомбылық құрбаны болып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2017 жылғы мәліметтері бойынша әлемдегі әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Әйелдің табиғаты әлсіз. Түк істемеді дегеннің өзін­де ер адам жай ғана қол жұм­сай алады. Ал бұл әйелдің жа­нын жаралап, еңсесін басатынын ескермейміз. Өмірге көзқарасын өзгертіп, арманынан айырады.

Бүгінде заң, құқық тарапынан ер мен әйелдің арасында теңдік бар. Ол тұрғыда түрлі дүние жасалып та жатыр. Қыз-келіншектеріміздің сұрайтын теңдігі – ішкі, рухани, жан дүние­нің теңдігі, ер-азаматтардың әр істе «сенің қолыңнан келеді» деп қолдау көрсетуі. Өкінішке қа­рай, әйелдеріміз сол қолдауға зәру. Ерлердің санасы өзгеріп, қыз-келіншектерге танытар мә­дениеті өссе әйел тау қопаруға дайын. Жұмысына да, отбасының шаруасына да, бала тәрбиесіне де қыз-келіншектер үлгереді. «Әйел – қырық жанды» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Отбасын сақтауға келген кезде де әйелдердің төзімділігі, көмбістігі, шыдамдылығы жеңіп жатады.

Зерттеулер қыз-келін­шек­тердің бәсе­кеге қабілетті, жұмы­сына тиянақты, үнемі ізденіс үстінде жүретінін дәлел­деген. Әсіресе, нәзік жандылардың жаңа­­лыққа құмарлығы кәсіп­керліктің түрлі саласында оң нә­тиже беріп отыр. Соның нәти­жесінде елімізде бизнестегі әйелдер үлесі 50%-дан асты. Мекеме басшылары, жергілікті билік органдары қыздарымыздың еңбекке ұмтылысын баспай, кез келген сұрағына қолдау танытса қоғамда да өзгеріс болар еді. Себебі көп аналарымыз, ­әйелдеріміз жұмыс тарапы­нан, әлеуметтік мәселелері бо­йынша билік өкілдерінен жауап ала алмай жатады. Оларға әлсіз топ өкілі ретінде қарауды қойып, сұрақтарының жауабын табуға көмектессе әйелдің де қоғамдағы мәртебесі артып, беделі көтеріледі.

Отбасындағы берекенің орнауы, рухани теңдіктің көрініс табуы әйел мен ер-азаматтың ғана емес, ұрпақтың тәрбиесіне де оң әсер етеді. «Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» деген халық даналығы бар. Ал ізгілік отбасынан басталады. Отбасындағы мейірім, шаттық, жылылықты бойына сіңірген баланың бола­шағы жарқын, еліне берері мол болмақ. Ғабит Мүсірепов айт­қандай, «Қазақ әйелі аз ғана жәр­­­дем бергеніңді ұмытпайды, тезі­рек еселеп қайтаруға тырысады». Әйелге көрсетілген қолдау, күллі қоғамды өзгертуге септігін тигізері анық.

 

Қаракөз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері