Аталған көрменің ерекшелігі сол, жергілікті фотосуретшілер бір күн ішінде қарағандылықтардың күнделікті өмірі мен қаланың көрнекті жерлеріне жататын ғимараттар мен ескерткіштерді, көшелер мен гүлзарларды суретке түсірген болатын. Көрмені ұйымдастырушылар кеншілер астанасының 85 жылдық датасына орайластырып, әлгі суреттердің ішінен 85 туындыны таңдап алды.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл шара дәстүрлі «Біз – қарағандылықтармыз» фестивалінің бір бөлігіне жатады. Көрмеге қажетті қаражат қалалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінді.
– Бұл дегеніңіз бар болғаны біздің жерлестеріміздің өмірінен алынған бір күн. Мен оны тіпті былай деп те тұжырып айтар едім: егер фотоаппараттың әрбір кадры – бір секундтың алпыстан бір бөлігі болса, онда бұл көрме бір жарым-екі секундтың ішіне сыйып кетеді. Бірақ осы қас-қағым сәттің өзінде фотосуретшілер көп нәрсені көрсете алды. Олардың көзқарасы мен шеберлігінің арқасында көрермендер қаланың өмірін түрлі қырынан көруге мүмкіндік алды, – дейді TEFAEurasiaphoto шығармашылық бірлестігінің мүшесі Юрий Варыгин.
Аталған көрмені ұйымдастыруға Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы қолдау көрсетті. Олар сәтті басталған бұл жоба жыл сайын өтіп тұрса деген тілек айтты. Мысалы, «Біз – қарағандылықтармыз» жобасының жетекшісі, облыстық кәсіпкерлер қауымдастығы басшыларының бірі Гүлнәр Құрбанбаева көрмедегі суреттер арқылы кеншілер астанасының келбетін басқа қырынан көріп, ерекше әсер алғанын ризашылықпен жеткізді.
– Бұл суреттер арқылы мен Қарағандыны басқа қырынан таныдым. «Тоқтай тұр мезет, сен неткен ғажапсың!» деп бекер айтылмаған ғой. Осы көрмені тамашалаған қарағандылықтар туған қаласын одан әрі сүйе түсетініне сенімдімін. Өз басым «Қарағанды өмірінің бір күні» атты бұл көрменің жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналуына қуана дауыс берер едім, – деді ол ағынан жарылып.
«Қарағанды өмірінің бір күні» фотокөрмесі облыстық бейнелеу өнері мұражайында 12 тамызға дейін жалғасады.
ҚАРАҒАНДЫ