Қоғам • 13 Тамыз, 2019

ҚТЖ қызметкерлері Арыста зардап шеккендерге 166 миллионнан астам теңге жинады

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Басым көпшілігі теміржолшылар болып келетін Арыс тұрғындарына көмек көрсету үшін  «ҚТЖ» ҰК»АҚ қызметкерлері 166 миллионнан астам теңге жинады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

ҚТЖ қызметкерлері Арыста зардап шеккендерге 166 миллионнан астам теңге жинады

Баспанасыз қалған 27 қызметкер қазақстандық шипажайларға жіберілді. Теміржолшы балаларына сауықтыру лагерлеріне тегін жолдамалар табысталды.

Сондай-ақ салалық кәсіподақпен Арыстағы қызметкерлердің 50 баласына Нұр – Сұлтан қаласына саяхаттау-оңалту туры ұйымдастырылды. Тур барысында балаларға қолдау көрсету үшін психологтар және өзге де мамандар жұмыс істейтін болады.

Компания қызметкерлерінің арасында «Қамкоршы - теміржолшы» әлеуметтік қозғалысы да кең қолдауға ие. ҚТЖ қызметкерлері үлкен көлемде шаруашылық тауарларын, төсек керек-жарақтарын, азық түлік пен киім-кешек жинады және оларды Арысқа жөнелтті.

 Бұдан басқа, жапа шеккендерге көмек көрсету үшін Түркістан облысы әкімдігі жанындағы «Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қорына 70 миллион теңге аударылды.

 Жас теміржолшылар бастамасымен «Балаларды мектепке дайындаймыз» қайырымдылық жобасы іске қосылды. Білім күні қарсаңында кенселік тауарлар мен мектеп керек-жарақтары Арыс қаласындағы теміржолшылар балаларына жеткізілетін болады. Аталған акция жалғасын табады.