20 Сәуір, 2013

Құндылықтар құлдырауы әлеуметтік тұрақсыздыққа соқтыратын сын-қатер

342 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Құндылықтар құлдырауы әлеуметтік тұрақсыздыққа соқтыратын сын-қатер

Сенбі, 20 сәуір 2013 1:08

2008 жылы басталған қаржы-экономикалық дағдарыс бүкіл әлемді шарпып, оның соңы жаһандық рецессияға ұласқаны белгілі. Түптеп келгенде, бұл жойқын дүрбелеңге түрткі – АҚШ-та басталған ипотекалық шиеленіс. Оның алғашқы белгілері әлгі елде 2006 жылдың өзінде-ақ сыр берген-ді. Бірте-бірте оның зардабы бүкіл әлемге жайылып, үлкенді-кішілі экономикалардың құлдырағаны соншама, бүгінгі таңда әлемдегі жұмыссыздардың саны 200 миллионнан асып жығылады. Аталмыш дағдарыс пен рецессия тек қана АҚШ емес,

Сенбі, 20 сәуір 2013 1:08

2008 жылы басталған қаржы-экономикалық дағдарыс бүкіл әлемді шарпып, оның соңы жаһандық рецессияға ұласқаны белгілі. Түптеп келгенде, бұл жойқын дүрбелеңге түрткі – АҚШ-та басталған ипотекалық шиеленіс. Оның алғашқы белгілері әлгі елде 2006 жылдың өзінде-ақ сыр берген-ді. Бірте-бірте оның зардабы бүкіл әлемге жайылып, үлкенді-кішілі экономикалардың құлдырағаны соншама, бүгінгі таңда әлемдегі жұмыссыздардың саны 200 миллионнан асып жығылады. Аталмыш дағдарыс пен рецессия тек қана АҚШ емес, Еуропа елдерінің экономикасын да ойсыратып кеткендіктен Грекия, Испания сынды мемлекеттерде жұмыссыздардың саны 26 пайыздан асып, оның тең жартысынан астамын жоғары оқу орнын бітірген өрімдей жастар құрап отыр. Дағдарыстың салқыны Ирландия мен Италияға да тиіп, енді міне, Кипрге де келіп жетті.

Бүгінгі таңда жаһандық дағ­дарыс пен қаржы-экономикалық рецессияның себептерін Давостан бастап әлемнің әр түкпірінде, оның ішінде, біздің елде де жыл сайын өтіп жүрген экономикалық форумдар іздестіруде. Мұның сыртында кешенді зерттеулермен әлемнің айтулы ғалымдары да айналысып, өз ойларын ортаға салуда.

Бұл тұрғыдан келгенде, Нью-Йорктегі Колумбия уни­вер­ситетінің профессоры, белгілі экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің 1912 ж. ағылшын тілінде жарық көрген «Теңсіздіктің құны» (Joseph E.Stiglitz. The Price of Inequality) атты монографиясының орны ерекше. Туындының авторы кезінде АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшілер тобын басқарған өте білікті маман.
Ауруын жасырған өледі демекші, ғалым өзі туып-өскен қоғамның бүге-шігесін (саяси жүйесі мен экономикасын, жетістіктері мен кемістіктерін) айқара ашып, жаманын жасырмай, жақсысын асырмай, терең зерттеу­лер мен дәйекті сараптамалардың негізінде қорытындылар жасайды.
Автор, біріншіден, осы уақытқа дейін ешбір баламасы жоқ деп, кір жуытпай дәріптеліп келген нарықтық экономиканың сол үдеден шыға алмай қалғандығын және оның тұрақсыздығын ашып көрсетеді. Екіншіден, аталмыш экономиканың тізгінін ұстап отырған саяси жүйенің орын алған қателіктер мен олқылықтарды дер кезінде түзетуге шамасы келмей қалғандығын, үшіншіден, нарықтық экономика мен саяси жүйенің әділетсіз екендігіне және бұл үш фактордың бір-бірімен өте тығыз байланысты екеніне көзді анық жеткізеді. Кітап авторы, сонымен қатар, АҚШ-та, сол сияқты дамыған өзге мемлекеттердің саяси-экономикалық жүйелерін­дегі дағдарыстың себебі тек қана сол қоғамдарда орын алып отырған әлеуметтік теңсіздіктен туындайтынын, ал оның салдары әлгі экономикалық жүйені үне­мі тұрақсыздыққа әкеліп соқты­ра­тынын және өз кезегінде қоғамды қақ бөліп тұрған аталмыш теңсіздікті бұрынғыдан бетер үдете түсетінін айшықтап береді.
Джозеф Стиглиц «Теңсіздіктің құнын» жазуға кезінде Тунис пен Египетте басталып, көп ұзамай Африканың біраз елін шарпыған «араб көктемінің» Нью-Йорк, Лондон, Лиссабон, Мадрид секілді ірі қалаларындағы «батыс күзіне» ұласқан халық наразылығының түрткі болғанын жасырмайды.
Массачусетс технологиялық институтында ғылыммен айналысып жүрген кезінде Америкадағы теңсіздікті өзінің докторлық диссертациясына арқау етіп алған Джозеф Стиглиц бұл мәселеге деген көзқарасын былайша түйіндейді: дағдарыс кезінде байлар байи түседі, өте байлар одан бетер байиды. Ал кедейлердің саны тоқтаусыз өсіп, бұрынғыдан бетер кедейленеді. Орташалардың жағдайы да мүшкілденіп, табыстары мен жалақылары құлдырайды. Сөйтіп, тақыр кедейлерге айналғандар мен бай-бақуаттылардың арасын бөліп тұрған шыңырау құз бұрынғыдан бетер тереңдей түседі.
Ғалым келтірген деректерге ден қойсақ, соңғы 30 жылда Америка қоғамының 99 пайызын құрайтын төменгі жалақы алатындардың табысы тек 15 пайызға ғана өскен. Керісінше, әлгі қоғамның бір ғана пайызын құрайтын жоғары жалақы алатын алпауыттардың табысы 150 пайызға көбейген. Ал соңғылардың 0,1 пайызын құрайтын шектен тыс байлардың табысы 300 пайыздан да асып кеткен.
Бұл айтылғандардың құрғақ сөз емес екенін дәлелдеу үшін нақты мысал ретінде ғалым Уолл-Март (Wall-Mart) сауда империясының мұрагерлері болып табылатын Уолтондарды келтіреді. Бүгінгі таңда алты ағайынды Уолтондар жалпы құны 69,7 миллиард долларға теңесетін ұлан-ғайыр байлыққа иелік етіп отырған көрінеді. Бұл байлық бүкіл АҚШ қоғамының 30 пайызын құрайтын ең төменгі жалақы алатын кедей-кепшіктердің жиынтық табысынан да асып түседі екен.
Джозеф Стиглиц Америкадағы теңсіздік­тің тек бүгін ғана пайда болған құбылыс емес екендігіне назар аударады. Сонымен қатар, ол әлгі теңсіздіктің қолдан жасалатынын да жасырмайды. Сосын оның қалыптасуына нарық күштерінің – сұраныс пен ұсыныстың үлес қосатынын да және әмбебап экономикалық заңдылықтардың да үлкен рөл атқаратынын назардан тыс қалдырмайды. Бірақ солай бола тұрғанымен, қоғамдағы бүкіл байлықтың бір пайызға жетер-жетпес, ат төбеліндей ғана топтың уысына жинақталуын таза америкалық «жетістік» деген байлам жасайды. Әрине, ғалым «жетістік» деген сөзді бекер тырнақшаға алып отырған жоқ. Оның астарында мүлде қарама-қайшы ұғымды тұспалдап тұрған ащы шындық жатыр.
Ғалым АҚШ-та орын алып отырған бүгінгі дағдарыстың басым бөлігі үкіметтің жүргізіп отырған саясатының тікелей нәтижесі екенін де өте нанымды дәйектермен тиянақтайды. Әсіресе, қаржыны жоғарыдан төменге немесе керісінше, төменнен жоғары қарай бағыттауға келгенде, саяси биліктің, салықтық, монополистік немесе құқықтық, иә болмаса лицензиялық жеңілдіктерді ең алдымен, миллиар­дерлерге қарай бұрып, солардың мүдделерін қызғыштай қорғайтынын, демек, түптеп келгенде, байлардың кедейлер есебінен байитынын үлкен батылдықпен сынға алады.
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» демекші, Америкадағы тақыр кедейлер мен байлардың арасында пайда болған теңсіздіктің шарықтап кеткендігі соншама, халықтың бір пайызын ғана құрайтын миллиардерлер бүгінгі таңда қолдан жасалған теңсіздік құзының табанындағы кедейлердің қалай күн көріп жатқанын мүлде елестете алмайтынына назар аударады. Бұл уәждің растығына Джозеф Стиглицтің мына бір мысалдары көзді анық жеткізеді.
Мәселен, төрт адамнан тұратын екі балалы отбасында жалғыз адам ғана жұмыс істейтін болса, ол аптасына қырық сағаттық жүктеменің әр сағатына бар болғаны сегіз жарым доллар жалақы алады. Әлеуметтік салық және отбасы денсаулығын қамсыздандыруға кететін, сол сияқты басқа да міндетті төлемдерді шегеріп тастағанда, бір жылда оның қолына таза тиетіні 14240 долларды құрайды екен. Егер сәті түсіп, ай сайын 700 долларға түсетін екі бөлмелі пәтер жалдай алса, оның қолында бар болғаны 5840 доллар қалады екен. Ал кез келген америкалық көліксіз жүре алмайтынын ескерсек, жанармайды, қамсыздандыру жарнасын және өзге шығындарды қоса есептегенде тағы да 3000 доллар шығаруға тура келетіні айтпаса да түсінікті. Сонда отбасының бір жылдық тамағы мен киім-кешегіне бар болғаны 2840 доллар ғана келеді екен.
Рецессия кезінде ипотекалық несиеге үй алған америкалықтардың жағдайы да мүлде құлдыраған. Ай сайын банктерге қайтарылатын төлемдердің деңгейі 20 пайызға күрт көтеріліп кеткендіктен, миллиондаған адам пәтерлерінен бір сәтте айырылып, көше паналап, қаңғырып қалған. Мұның салдары 2007-2011 жылдар арасында 7,8 миллион адамның жұмыссыз қалуына және мыңдаған отбасының күйреуіне әкеліп соққан. Бүгінгі таңда бұл құбылыс тек Американы ғана емес, сонымен қатар Батыс Еуропа елдерінің көпшілігін жайлап алған.
Рецессия кезінде миллиардерлер мен банкирлерге қандай шығын келді дейтін мәселеге де Стиглицтің өз жауабы бар. Дағдарыстан бұрын қоғамда белгілі бір консенсус болғандықтан, ауқаттылардың мол табысы олардың маңдай терінің, яғни өз еңбегінің жемісі деген ұғым қалыптасқан болатын. Сондықтан қарапайым халық оларға түсіністікпен қарайтын. Ал қазіргі дағдарыс кезінде, ораза-намаз тоқтықта, иман кетер жоқтықта демекші, байлар мен банкирлер кедейлердің ашу-ызасын тудырмаса, құрметіне бөленіп отырған жоқ. Өйткені, аталмыш рецессияның салдарынан алпауыттар да белгілі бір шығындарға тап болғанымен, олардың үлкен бонустар алуы әлі тоқтаған жоқ. Анығырақ айтқанда, олардың мұртын қазір де балта кеспейді. Дағдарысты желеу етіп, банкирлер жүздеген қызметкерлерді жұмыстан босатып жіберді, есесіне, мұрттарын үнемделген қаржының есебінен майлап отыр.
Басқа дамыған елдермен салыстырғанда америкалық банкирлер мен ірі компания президенттерінің табысы қатардағы қызметкердің табысынан 200 есе асып түседі екен. Ал Жапонияда бұл көрсеткіш 16 есемен шектеледі. Бұл тұрғыдан келгенде, америкалықтар өзге елдерге жаман үлгі көрсетіп отырғанын Дж.Стиглиц ашып айтады. Айтса айтқандай-ақ, сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, әлгіндей үдеріс енді өзге елдерде де тарап кетсе, оған таңғалуға болмайды.
Жоғарыда Джозеф Стиглиц келтірген айғақтардың бұлтартпайтын дәлелдерін Нью-Йорктегі Уолл Стритте орналасқан Американың Goldman Sachs, Morgan Staneley, Merrill Lynch және Lazard Freres & Co. сынды ең айтулы инвестициялық банктерде табаны күректей 17 жыл қызмет атқарған, тәжірибелі банкир әрі қаламы қарымды журналист Уиллиам Коганның «Соңғы магнаттар: Лазард Фререс және Компанияның құпия тарихы» (William Cohan. The Last Tycoons: The Secret History of Lazard Freres & Co.) атты монографиясынан да кездестіреміз.
Автор келтірген деректерге қарағанда, жоғарыда аталған инвестициялық банктер арқылы жылына триллиондаған доллар өтіп, оларға миллиардтаған пайда келсе, банкирлердің қалтасына да ондаған миллион табыс түседі екен. Сондықтан да болар, Американың қаржы әлемі атынан ат үркетін әлгі банкирлерге «ұлы еркектер» деген айдар таққан. Өйткені, айтулы алпауыттардың ықпалы соншалықты шексіз болғандықтан, олардың ығына жығылмайтын пенде болмайтын көрінеді. Айтса, айтқандай-ақ, әлгі «ұлылардың» ішіндегі түкірігі жерге түспейтін, атағы жер жаратын бір банкирді автор ерекше атайды. Мәселен, бір жарым ғасырлық тарихы бар Lazard Freres & Co. инвестициялық банкін ұзақ жылдар бойы басқарған Феликс Рохатин (Felix Roһatyn) 1970 және 1975 жылдары Американың Уолл Стрит банктерін оларға төніп келген екі бірдей дағдарыстан аман алып қалыпты.
Бірақ сол Феликс Рохатиннің өзі де, Уолл Стриттің жоғарыда аталған өзге «ұлы еркектері» де бұл жолы, атап айтқанда, үстіміздегі ғасырдың 2008 жылы басталып, соңы әлемдік қаржы-экономикалық рецессияға ұласқан дағдарысқа мүлде тосқауыл қоя алмапты. Әрине, олардың бәрі де қолдарынан келгенінше тырысып баққан. Тіпті, билік те оларға барынша көмектескен. Мемлекет тарапынан банктерге триллиондаған ақша да бөлінген. Алайда осы мақаланың басында Джозеф Стиглиц атап көрсеткен капиталистік қоғамның кемшіліктері, яғни нарық тұрақсыздығы, билік пен саяси жүйенің олқылықтары мен әділетсіздігі өлшеусіз етек алғандықтан, жойқын дағдарыс пен қаржы-экономикалық рецессияға ешқандай күш тосқауыл бола алмаған.
Демек, бүгінгі дағдарыс пен рецессия – жоғарыда аталған үш фактор тудырған тең­сіздіктің құны. Оның түбірінде біз­дің Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында атап өтілген, ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне жатқызылған бүгінгі өркениет құндылықтарының құлдырауы мен әлеуметтік тұрақсыздықтың жатқаны ешбір күмән тудырмайды.
Ендеше, осы тұрғыдан келгенде, Елбасының бастамасымен Астанада жоғары деңгейде өткізіліп жүрген экономикалық форумдардың маңызы өте зор. Оның ішінде, әсіресе, бесінші форумда Президент Назарбаев жария еткен G-Global қағидасының келешегі үлкен. Өйткені, ақпарат құралдары шарықтап дамыған бүгінгі заманда әлемдік экономика мен қаржы саласын тығырыққа тіреп отырған жаһандық дағдарыстың себеп-салдарын тек оза дамыған елдердің басын қосатын G-8 немесе G-20 деп аталатын клубтарға мүше алпауыт елдердің тізгінін ұстағандар ғана шеше алмайтынына адамзаттың көзі анық жетті. Сосын, жаһандық сын-қатерлер мен дағдарысты бүкіл әлемнің ақыл-ойын бір арнаға тоғыстыратын G-Global секілді жаһандық үнқатысу алаңы ғана тоқтата алатынына сенім күннен-күнге артып келеді. Оның үстіне, сырт көз сыншы демекші, бұл пікірдің дұрыстығына осы мақалада назар аударылған шетелдік ғалымдардың ой-түйіндері де нақты дәлел бола алады.

Әділ АХМЕТОВ, 
сенатор, Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері.