Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Еңбек жолын ауылда бастайды

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің барлық дерлік өңірінде білікті мамандар жетіспейтіні айтылып та, жазылып та жүр. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай кадр тапшылығын реттеу мен азайтудың басты жолдарының бірі – республика аумағындағы медицина университеттері түлектерінің тиісті сұраныстарға сай жұмысқа орналасуына ықпал ету болып отыр.

Еңбек жолын ауылда бастайды

Осы орайда М.Оспанов атын­дағы Батыс Қазақстан мем­­­­­лекет­тік медициналық универ­ситетінің биылғы түлектерінің 40 пайызы еңбек жолын ауылдарда бастамақ. Олар еліміздің батыс өңіріндегі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының медициналық ұйымдары мен мекемелерінде қызмет атқармақ. Бүгінде аталған жоғары оқу орнында түлектерді тиісті жұмыс орындарына бөлу үдерістері аяқталған. Ендігі жерде осы көкейкесті мәселенің басты қо­ры­тындылары қандай болды деген сұрақтарға жауап бере кет­кенді жөн көреміз.

Ең алдымен айтарымыз, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде студенттердің кәсіби тәжірибесі мен түлектерді жұмысқа орналастыру мониторинг кафедрасы құрылғандығы. Бұл өмірдің бүгінгі қажеттілігі мен сұраныстарынан туындаған қадам екені кәміл. Өйткені дә­рі­герлік білім алған әр жас маман­ның ел-жұрттың қажетіне «бір кір­піш болып қалануының орны» айрықша деп білеміз. Аталған ка­федраның меңгерушісі Алтын Алмағамбетованың айтуынша, биыл университетті аяқтап, диплом алған 838 түлектің 583-і клинникалық интернатура және резидентура мамандықтары бо­йынша мемлекеттік білім грантымен оқығандар. Негізінен олар­дың бәрі де жалпы тәжірибе дәрі­герлері. Педиатрлар мен те­ра­певтер және акушер-гинеко­логтар мен хирургтар. Бүгін­гі күні ел өңірлерінде, оның ішін­­де аудандық ауруханалар­да дәл осындай сипаттағы жоға­ры білімді дәрігерлер жетісе бер­мей­тінін ескерсек, оларға аса қа­жет мамандар болып шығады. Өйт­кені оларға сұраныс көп екенін қайталап айт­қан­ның ар­тықшылығы бола қоймас.

Ел Үкіметінің қаулысына сәй­кес республикамыздағы дә­рігерлік білім беретін жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант бойынша аяқтаған түлектер мем­лекеттік медициналық мекеме­лерде кем дегенде үш жыл жұ­мыс істеуі тиіс. Сондықтан да меди­ци­налық білім беретін жоғары оқу орындары соңғы жылдары болашақ дәрігерлерді көп ке­шіктірмей, яғни қыркүйек айынан бастап жұмысқа орналастыру жолдарын белгілей бастады. Мұны тек оң ниеттен туған, дә­рі­герлер жетіспеушілігін азай­туға бағытталған іс-шара деп бағалағанымыз жөн. Бұл ба­ғытта бүгінгі әңгімеміздің бас­ты ар­қауына айналған университетте түлектерді жұмысқа орналастыру ісі жүйелі жолға қойылғаны қуанышты жайт. Соның нәтижесінде мұнда грант бойынша оқыған түлектердің 40 пайызы, яғни 185 жас дәрігер ауылдық аймақтарға жіберілген. Олар жоғарыда аталған 5 облыс­тың отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар мен ауруханаларында халық денсаулығын қорғау мен жақсартуға өз үлестерін қос­пақ. 40 пайыз дегеніміз айта қа­ларлықтай үлкен көрсеткіш болмауы да мүмкін. Әйтсе де мұның алдындағы жылдарда ауылдық жерге баратын медициналық жо­ғары оқу орындарын бітірген түлектердің саны оның ширегіне де жетпейтінін ескерсек, салыс­тырмалы түрде мұны төмен көр­сеткіш деуге болмайды.

Осы оқиғаға орайлас тағы бір деректі ортаға сала кетсек. Таяуда Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов еліміздегі меди­ци­налық жоғары оқу орын­да­рының түлектерімен онлайн ре­жімінде кездесу өткізгені мә­лім. Осы басқосу барысында ол «Дипломмен – ауылға!» мем­ле­кеттік бағдарламасы ең алдымен жас дәрігер мамандар үшін өте оңтайлы әрі тиімді екен­дігінде екпін түсірді.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған бағдарлама бойынша еңбек жолын бастаған медицина жоғары оқу орындарының тү­лектеріне барлық жағдай жа­салмақ. Оның алғашқысы – Үкі­мет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау. Сонымен бірге қосымша қаржыландыру көз­дері есебінен жас маман­дар тегін және жалдамалы­ тұрғын үймен қамтылмақ. Әрі оларға биылғы 2019 жылдан бастап несие жеңілдіктері қарастырылғаны да қалтқысыз көмектің бір көрінісі. Сондай-ақ алдағы уақытта ме­дициналық оқу орнын бітірген түлектерге берілетін өтемақы мен жалақы көлемі өсе­ді деп кү­тілуде. Мұның сыртында өзге де моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары қолға алынбақ.

Ойдан – ой туады. Айталық, ауыл тұрғындарына қалалардағы се­кілді сапалы медициналық қыз­мет көрсетілуі керектігі ешқандай талас туғызбайды. Әйтсе де бү­гінгі таңда екеуінің арасында айыр­машылық бар екені де құпия емес. Оның басты себебінің бірі – ауыл­дарда анестезиолог, реаниматолог, аутоаренготолог және офтальмолог секілді салалық мамандар мүлдем жетіспейтіндігі. Әрине, мұның бәрін аз уақытта шеше салу еш мүмкін емес. Де­генмен осындай санаттағы дәрігерлер орнын толтыру үшін М.Оспанов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік медицина университетінде кең ауқымды шаралар қолға алынғаны үлкен үміт күттіреді.

Бір мәселенің басы айқын. Бүгінгі күні медициналық оқу орындарының түлектеріне жасалып жатқан көмек пен қолдау аз емес. Оның бірқатар мыса­лы жоғарыда айтылды да. Медаль­дың екі жағы бар дегендей, ен­дігі кезекте түлектер осы қам­қорлыққа іспен жауап беріп, өз­деріне жүктелген жүк пен се­нім­нің салмағын терең сезінсе, ауыл медицинасы алатын асулар биіктей бермек.

 

АҚТӨБЕ