Әлем • 14 Тамыз, 2019

Экс-президентке ауыр айыптар тағылды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жағдайы қиындап барады. Атап айтқанда, елдің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев экс-президент мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған деп хабарлады. Бұл жөнінде АКИpress ақпарат агенттігі жазды.

Экс-президентке ауыр айыптар тағылды

Бішкекте өткен брифинг барысында комитет төрағасы О.Опумбаев бұрынғы прези­дент пен оның жақтастары әйелдер мен қарт кісілерге ақ­ша таратып, үйінің маңында ұстады деп мәлімдеді. Олардың әрқайсысына 3 мың сомнан ұстатып, полициямен арада қақтығыс жасауға тырысқан.

– Мен оның мемлекеттік төңкеріс жасауға даярланғанын ашық айта аламын. Ол ресми шақыртуға келмейтінін білдірген соң «Альфа» арнаулы жасағының күшін пайдаландық, – деді О.Опумбаев.

Комитет төрағасының айтуынша, А.Атамбевты ұс­таудың бес нұсқасы бірдей қа­растырылып, ең ұтымдысы таңдалған. О.Опумбаев бұ­рынғы президентке арнаулы қызмет жасағын қасақана өлтірді деген күдік тағылғанын да мәлім етті.

– 8 тамыз күні Атамбаев асқан қызуқандылықпен мәлімдеме жасады. Ол сөз арасында алты рет оқ атқанын айтып қалды. Тергеу барысында осы сөздер есепке алына отырып, шынымен де алты рет оқ атқаны анықталды, – деп мәлімдеді арнаулы қызмет бастығы.

Оқ қаза тапқан жасақ Үсен Ниязбековтің қақ жүрегіне тиген. Жалпы А.Атамбаевтың келешектегі жағдайы бойын­ша қазір болжамдар аз емес. Мәселен, осы елдің бел­гілі құқық қорғаушысы Рита Қа­расартованың айтуы­на қа­ра­ғанда, елдің экс-президенті қазіргі тағылған айыптар не­гізінде өмір бойына бас бос­тандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.

А.Атамбаев полицияға 8 тамыз күні өз еркімен берілген болатын. Кейінірек полиция Алатоо алаңына жиналған оның бірқатар жақтасын күшпен таратты. Экс-пре­зидентті ұс­тауға арналған екі күндік операция барысында 136 адам жараланып, бір сарбаз қаза тапты.