Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Сазсырнайлар сиқыры баурайды

707 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық нақышпен әсемделген шағын музейдегі аспаптардың көптігіне қарап таңданысымызды жасыра алмадық. Мұнда уілдеуік, тастауық, үскірік, шыңырау, құссайрауық сияқты сазсырнайдың, жез, сыбызғы, қурай сыбызғы, қара қамыс сыбызғы тәрізді сыбызғының 200-ден астам түрлері топтастырылыпты. Музейдің оң жақ қабырғасында тарихы жүзжылдықтарға бойлайтын көне домбыра, қобыздар сәнімен тізілсе, терезе жақтауларына жапсарлас ілінген дауылпаз шеберлер экспедициясынан жинақталған құнды жәдігерлер. Баян Өлгейдің Сақсай,  Қалақша өңірінен әкелінген тарихы ғасырларға бойлайтын домбыралармен қатар атадан баласына мирас болып қалған Кәлек Құмақайұлы, Еңбек Абдоллаұлы, Еділ Құсайыновтың сыбызғысы да осыннан орын алған.

Сазсырнайлар сиқыры баурайды

Көлеміне қарай әртүрлі болып келетін музыка аспаптарының иесі - елімізге белгілі шеберлер, «Qazaq instruments» кәсіпорнының негізін қалаушылар Бақтияр Аманбаев пен Азамат, Әсет, Бекзат Шахмағанбетовтар. Ағайынды үш бауыр өндірістік жұмыстарды жүзеге асырса, Бақтияр дайын өнімдерді насихаттаудың шебері.

«Балалар музыка мектебінен тәлім алып, Жезқазғандағы колледжді бітіргеннен кейін білімімізді Алматыдағы  Құрманғазы атындағы консерваториясында жалғастырдық. Кәсіби музыка саласын меңгергенімізбен де ұлттық бағыттағы аспаптарды жасау ісіне ынтазарымыз ауып тұрғандықтан болар, сазсырнай жасау кәсібіне кірісіп кеттік», - дейді  Азамат Бейсенәліұлы. Аспап жасау ісін өздігінен меңгеріп, жасалу, пайда болу тарихын тереңнен зерттей келе осы өнерді дамыта отырып, табыс табудың көзіне айналдырып, ұлттық аспап жасау кәсібін бүгінде олар кәсіпорын деңгейіне жеткізіп отыр.

«Өз атам ұста болған екен» деген пікірімен бөлісе келе Азамат Бейсенәліұлы «Төменгі сыныптарда оқып жүргенде ел аузынан атам Бақия  Шахмағанбетұлының  ойыншықтар, тұрмыстық бұйымдар жасағаны туралы еститін едім. Атамнан дарыған болуы керек біздер де осы ата кәсіпті жалғастырып, ұлттық аспаптар жасаудың жолына түстік» дейді. Бүгінде сыбызғы, сазсырнай жасау саласының «монополистері» аталып кеткен шеберлер «Ізденген жетер мұратқа» дейді. Алғашқы ізденістерінде жөн сұрап, бағыт-бағдар, кеңес берген мамандардың барлығына да алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейтін өз ісінің кәсіпқойлары кәсіп бастаған тұста дем берген ақ жүректі, кең пейілді азаматтардың барлығын да ұстаз тұтамыз дейді.  Азамат Бақияның айтуынша, кәсіптің алғашқы жылдарында-ақ ұлт аспаптарына деген сұраныс артқан. Қытай, Монғолиядан, сондай-ақ өзге шетелдерден келгендер тұтынушы ретінде ғана емес, аспапты үйреніп кетуге де құлшыныс танытқан. «Бүгінде Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар ансамблі, «Хассақ», «Тұран» тобы, тіптен шетел ансамбльдерінде қазақтың сазсырнайлары мен сыбызғысын көргенде кеудемізді мақтаныш кернейді. Осы кәсіптің бар ауыртпалығын көтере жүріп, бүгінгі биігімізге жеттік»,- дейді өз ісінің кәсіпқойлары. Ал бірнеше жылдар қатарынан өткізілген «Сарын» байқауы кәсіпқойларды ынталандырып қана қоймай, ұлттық аспаптарды жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам іспетті. Байқау барысында жеңімпаздарға кәсіпорында жасалған аспаптар сыйға үлестіріліп, салаға қызығушылық білдіргендерге арнайы шеберлік сағаттары да өткізіліп тұрған.

Аспап жасау өндірісінің машақаты аз емес. Бүгінде отыздан астам аспаптың тілін еркін меңгерген кәсіпқойлар аспап жасау ісінде жергілікті шикізат түрлерін кәдеге асырып келеді.  Сазсырнай жасауға арнап Жезқазғанның сазы пайдаланылса, бұрынғы ата-бабаларымыз қолданған сүйек, жан-жануарлар терісі, ағаштардың да түр-түрлері шикізат қоры ретінде қолданылады. Десек те аспап жасауды заманауи үлгіде жүзеге асыру үшін еңбек пен ізденіс керек. Өндірістік жұмыстарды жеңілдету үшін жаңа құрал-жабдықтар алуды жоспарлап отырған кәсіпорын иелері алдағы уақытта бұл шаруада мемлекеттік бағдарламаларға қатыссақ деген ниетте.

 

 АЛМАТЫ