Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Селдің қаупі сейілді

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының Наурызбай ауданындағы Таусамалы, Қарағайлы елді мекендері арқылы өтетін арнадағы судың тасқыны тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салып, дүрбелең туғызды. Қаланың төтенше жағдайлар қызметі сел жүру қаупін бұдан бұрын анықтағандықтан бұл аумақтарда қауіпсіздік шараларын күшейтіп,  эквакуациялық пункттер жасақталды. Ауданда газ, жарық жүйесінің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Селдің қаупі сейілді

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің  Баспасөз қызметінен хабарлағанындай,  бүгін таңғы  сағат 6-дан  20 минут кеткенде Қарғалы өзені бассейнінің №1 көлі қолданыстағы жерасты-мореналық каналдар арқылы босатылған. Су ағысының болжамды  жылдамдығы секундына 5 текше метрді құрап, көлдегі су деңгейі 5 куб метрге дейін төмендеген. Ал ағынды сулардың алдын ала болжам көлемі 20 мың текше метрді құрады.

Қарғалы шатқалының тұрғындары сиреналық-дыбыстық құрылғылар арқылы жедел арада хабарландырылып (СДҚ- локальды, тек шатқалда ғана іске қосылады), Наурызбай ауданының өрт сөндіру бөлімшелері, жол-патрульдік экипаждары іске қосылған. Тұрғындарды қабылдау пункттері әзірленіп, Бостандық ауданындағы мектептер эвакуацияға дайындалды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жедел штаб құрылып, Азаматтық қорғаныс Қызметтері Алматы қаласы ТЖД-ің  жағдай және дағдарыс орталығына жиналды.   Алматы  қаласының құтқару Қызметі, ҚазАвиаҚұтқару Борты және Ұлттық Гвардияның жеке құрамы төтенше жағдайға  дайын.

Биылғы жылы көлді босату бойынша алдын алу жұмыстары 6 маусымда басталған. Осы мақсатта өнімділігі жоғары сорғылар, пластикалық құбырлардан сифон жіптері тартылып, сондай-ақ транзиттік ағын суларға эвакуациялық канал төселді. Жалпы алғанда,  жұмыс басталғаннан бері бастапқы  көлемі 77,2 мың текше метр болған судың 1,6 миллион текше метр мөлшері азайтылған.  Тасқын қаупі болуы мүмкін 8 аудан алдын ала анықталып, төтенше жағдайда 59 бірлік техника мен 216 бірлікте адам күші мен қосымша жарақтар іске қосылды.

Қазіргі уақытта көлден аққан су тоқтатылды. Қарғалы өзенінің арнасында судың тасуы байқалмайды. Жалпы, Қарғалы өзенінің арнасы тұрақтанды және секундына 20 текше метрге дейін су ағып өтеді. Ағыстың жылдамдығы қазіргі уақытта 4,86 куб / м құрайды.