Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Мектепке 6 жастан бару міндетті емес

1035 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мектепке балаларды алты жастан беру міндетті емес. Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді.

Мектепке 6 жастан бару міндетті емес

Қазір Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Биыл республика бойынша мектепке баратын балалардың саны 3 млн-нан асады. Оның ішінде 1-сыныпқа 405 мыңнан астам бала барады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 мың балаға артық. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектепке балаларды 6 жастан беру міндетті емес. Қай жаста береміз десе де, таңдау ата-ананың өз еркінде болмақ.

− Балалары 6 жасқа толған көптеген ата-ана мектепке да­йын­дығымыз жоқ, санау білмейміз, оқи алмаймыз деп шағым айтып жатады. Ешқандай мектепте 1-сыныпқа барған бала міндетті түрде оқып, жазып, санай білуі ке­рек деген талап жоқ. Мектеп табалдырығын аттаған баланы оқытып, үйрететін арнайы бағ­дарлама бар. Сондықтан бірінші сыныпта олар әріптерді, санау­ды, жазуды, оқуды үйренеді, − деді министр. Оның айтуынша, баласы 6 жастан мектепке бар­мағаны үшін ата-ана мемлекетке айыппұл төлемейді, бұл – әркімнің өз таңдауы. Ата-ана баласының қа­білетін білгендіктен, оны қанша жастан мек­тепке беру керектігін өзі шеше­ді.

Сонымен қатар А.Айма­ғам­бетов қазақстандық мектептерде ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар 8 жасында да мектепке қабылданатынын еске салды. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында министр оқушылардың электронды оқулықтарды қол­дана алатынын, кітаптарды QR кодтар бойынша жүктей алатынын және мектепке планшетпен, электронды кітаппен немесе ноут­букпен бара алатынын айтты. Соған сай аталған ведомство өңірлерге арнайы нұсқау хат дайындаған.

− Менен электронды оқу­лық­тарды пайдалануға мұғалімдер рұқсат бере ме деп сұрайды. Біз оқу жылының басына арналған нұсқаулық-әдістемелік хатта осы жағдайды оқушының жеке таң­дауы екенін түсіндірдік. Электронды оқулықтың қара­па­йым оқулықтан еш айыр­ма­шы­лығы жоқ. Мектепке балалар планшетпен, электронды кітап­пен, ноутбукпен бара алады, басқа да құрылғыларды қолдануға болады. Бұл процеске қатаң талаптар қойылмаған, – деп түсіндірді А.Аймағамбетов. Ми­нистр электронды оқулық  мек­теп оқушыларының сөм­кесін жеңілдетуге арналған мүм­кін­діктердің бірі екенін айтты.