Осы күнге дейін ауданда арқанның көмегімен үш жүзден астам бала дүниеге келген. Аналардың таңдауымен қолданылатын бұл тәсілдің пайдалы тұстары көп екенін дәлелдеп жүрген аурухана дәрігерлері енді суда босану әдісін де енгізуді жоспарлап отыр. Аурухананы заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтау жағы да ұмыт қалған емес. Биылдың өзінде жатыр мойны патологияларын анықтайтын «ATMOS iView» кольпоскопы, УДЗ, ЭКГ, травматологиялық оталарға электронды-оптикалық рентген, сүйектердің сыртқы фиксациясына арналған «Hoffmann» аппараттары, нәрестелерді жасанды тыныс алдыру құрылғылары, лабораториялық анализаторлар орнатылған. Жансақтау бөлімі медициналық көпфункционалды кереуеттермен толықтырылып, стоматологиялық орындықтар жаңартылыпты. Сонымен қатар облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы М.Егізбаевтың қолдауымен компьютерлік томограф аппараты сатып алынып, орнатылуда. Таяуда инсульт орталығы ашылмақ. Дегенмен заманауи медициналық құрылғылар орнатылған емдеу мекемесінде сапалы дәрігерлік қызмет көрсететін маманның алар орны ерекше екені анық. Бұл орайда, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрғали Молдахановтың айтуынша, дәрігерлердің еліміздегі өзге де әріптестерімен, шетелдік мамандармен жиі тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасайтын іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бір ғана мысал, ана мен бала өлімін төмендету мақсатында, «Тиімді перинатальдық технологиялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған. «Биыл Түркістан облысының үздік ауруханасы атанған медициналық ұйымда жұмыс істейтін 838 қызметкердің жалақысы 1 маусымнан бастап көбейіп, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның мемлекет ісіндегі сарабдал саясатын жалғастырушы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл игі бастамалары біз үшін үлкен демеу. Отандық медицинаға жасалған қамқорлық. Сондай-ақ жалақының өсуі біздің жауапкершілігімізді арттырады. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға жауабымыз халыққа сапалы дәрігерлік қызмет көрсету арқылы көрінуі тиіс», дейді бас дәрігер Нұрғали Молдаханов.
Дәрігерлерге бұдан басқа да қолдаулар көрсетіліп келеді. Бас дәрігердің айтуынша, былтыр шалғайдағы Шардара ауданында жұмысқа қабылданған 4 жас маманға материалдық көмек берілсе, 7 қызметкерге жаңа салынған екі қабатты үйден пәтерлердің кілті табыс етілген. Сонымен қатар дәрігерлік қызмет атқаруға ауылға келген мамандардың әрбіріне облыстық мәслихаттың шешімімен 1 млн теңгеден қайтарымсыз көмек көрсетіліп келсе, биыл мұндай қолдаудың көлемі 1,5 млн теңге болып отыр.
Түркістан облысы