Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Ерте солған қызғалдақ

280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жарық дүние есігін ашқан әрбір оныншы сәби – 15 жасқа толмаған қыздардың перзенті. Көкшетау қаласында 2018 жылы 15 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектердің 2965-і жыныстық ауруларға шалдықса, 2019 жылы олардың саны 3528 адамға жетті. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 9214-ке жетіп отыр.

Ерте солған қызғалдақ

Облыс орталығындағы перина­тал­­­ды орталық дирек­то­ры­ның орын­­басары, акушер-гинеколог Айымгүл Маханованың айтуына қара­ған­­да, қазір бұл мәселенің әбден ушық­қаны сондай, әрбір оныншы бала­ны балалар өмірге әкеліп жатыр.

– Қазір не көп? Оң жақта отырып, жүк­ті болу оқиғасы жиілеп кетті, – дей­ді ұлағатты ұстаз Рауза Бәй­ке­но­ва, – бұл ең алдымен отба­сы­­лық құнды­лықтардың олқы түсуі­н­де. Шынын айтуымыз керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамымыздағы осындай мәселелерді жойып, ұлтымыздың ұлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртып, сауықтыруға ар­нал­ған деп түсінемін. Сан ға­сыр бойы жақсы мінезін бойына жи­наған ұлтымызда отбасылық құн­ды­­лықтарды дәріптейтін институт болды ғой. Қызға қырық үйден ты­йым салдық. Ар-ұят дегенді үйреттік. Обал-сауапты білгіздік. Сол мұра ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отырды. Қайын енелерімізден сіңген қағиданы біз қылтиып бойжетіп келе жатқан жас толқынға үйреттік. Бүгінде осы сабақтастықтың тіні үзіліп қалды. Олқылықтың орнын толтыратын –  отбасындағы тәрбие. Одан қалды білім ошақтарындағы тәрбие сағаттары. Мен өзім қырық жыл ұстаз болған адаммын. Сондықтан екпін түсіре айтуға хақым бар деп ойлаймын. Әне­бір жылдары білім ошақтарында этнопедагогика дейтін факультативтік сабақ жүргізілді ғой. Пайдасы зор еді. Енді не істеуіміз керек? Елбасының өзі нұсқап отырған жолға түссек, жаңыл­май­мыз. Әрідегі қазақ арлы еді. Егер өз руының, әйтпесе тайпасының бір қызы жаңылыс басса, тәмам ел айыпты болатын. Сүйекке түскен таңба-тұғын. Мұндай сұмдық оқиға орын алған аталас, әйтпесе рулас ағайын ел ішіндегі айт пен тойға бара алмай, бетінен басатын. Қазір ше? Ағайын арланудың орнына күңкілдеп ауылдасын табалайды. Бір кезде осы Көкшетауда мұсылман әйелдер лигасы дейтін ұжым құрдық, тәп-тәуір жұмыс істелді. Уақыт тозаңының астында қалған қаншама асылымызды аршып алдық. Отбасы мен білім ошақтарында олқы түсіп жатқан кемшілікті жоюға атсалыстық. Қазір сондай жұмыстарды қайта жаңғырту керек. Әйтпесе көп ретте ата-ананы емес, мұғалімді кінәлайтын әдет пайда болды. Мұғалім қазір бір емес, екі күнделік толтырып әуре. Тәрбие беруінен қағазбастылығы басым.

Ұлағатты ұстаздың пікірін теріс дей алмасақ керек-ті. Отбасылық құндылықтардың ойсырай жүдеуінің әсері көзге ұрып тұр. Таратып айталық. Статистикалық деректер бойынша бүгінде бой жетпеген қыздардың 5,6 пайызы, ер жетпеген балалардың 19,5 пайызы жыныстық қарым-қатынасқа түседі екен. Ал олардың 17 жасқа жеткендерінің 75 пайызы жыныстық ауруларға душар болған. Дабыл қаға­тын-ақ мәселе емес пе?!

Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 15 пен 18 жас аралы­ғын­дағы 79 қыз бала жүктілігі себепті дәрігерлер бақылауына алынған. Жаза басқандардың былтырғы саны – 69. Бір дәтке қуаты – жасанды түсік жасаушылар азайған.

– Бәлкім олар басқа қалаларға көшіп кеткен болар, әйтпесе жеке­мен­шік клиникаларда да жасанды тү­сік жасатып жатыр ғой, – дейді Айымгүл Маханова, – сондықтан ста­тис­­тикалық көрсеткіштер кей сәтте қалыптасып отырған жағдайды дәл көр­сете алмайды.

Бұл мәселеге жеткілікті көңіл ауда­рыл­мағандықтан аурудың тым көбейіп кеткені алаңдатады.

– Саралап көрелік, – дейді ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігері Гүл­бар­шын Жақсылықова, – қазір ВИЧ ауруымен ауыратындардың саны күрт өсіп кетті. 2014 жылы облыс бойынша 66 адам болса, 2018 жылы 148 адамға жетті. 2014 жылы бұл аурумен 26 әйел ауырса, 2018 жылы 52 әйел ауырды. 2014 жылы 14 жастан 29 жасқа дейінгі адамдардың 15-і осы ауруға шалдықса, 2018 жылы 18 адамға жетіп отыр. 2014 жылы осы ауруға шалдыққан бір сәби дүниеге келсе, 2018 жылы 3 бірдей сәби сырқат күйінде жарық дүние есігін ашты. Біз қазір бейкүнә балалардың осындай дауа­сыз дертпен дүниеге келуінен қорқа­тын болдық. Кей сәтте дәрі де, дәрігер де дәрменсіз.

Тұлымы желбіреген, жаза басқан жас қыздардың барар жер, басар тауы да жоқ. Мұндайда шарапаты мол «Ана үйінің» жанашырлығын көруде. Бірақ оның өзі жетіскеннен болып жатқан іс емес.

– Жаза басқаннан кейін отбасын­да­ғы ахуал белгілі ғой, – дейді аналар үйінің директоры Құралай Жұма­бе­ко­ва, – сондықтан тағдырмен жалғыз арпа­лыспас үшін қоғамдағы дертке қарсы біз де күресіп жатырмыз. Байғұс­тардың өздері де әлі бала ғой. Не сәбилі боларын, не перзентінен бас тарта­рын білмейді. Аналар үйі осы кеселмен күресуге бағытталып отырған жоба. Жобаның ұйымдастырушылары отыз жасқа дейінгі аналарға сәбилі болғаннан соң 18 айға дейін көмек көрсетеді.

Жан ауыртарлық жағдайдың негіз­гі себебі, біздің қоғамға сырттан ке­лер әсерге сүзгі қойылмауынан. Жақсы әдет пе, жаман әдет пе – үздіксіз тоғы­ты­лып жатыр.

– Әсіресе батыстың ықпалы көп, – дейді ел ағасы Қадырбай Жұмабаев, – бұл жайында мың рет айтылып, жүз рет жазылды. Әнебір жылдары эко­номикалық байланыстар ыдырап, ел дағдарып қалғанда, тәрбие жұ­мы­сында да бос кеңістік пайда болды. Оның орнын шетелдің зиянды тәрбиесі басты. Енді сол кеселді ұлт бойы­нан сылып тастай алмай жатырмыз. Олқылықтың орнын толтыратын жалғыз-ақ дүние – ұлттық намыс. Егер біз кері кетіп бара жатқан кейбір жастың санасындағы сәулесін жағып, намысын қамшылай алсақ қана тығырықтан шығамыз.

Көпті көрген ақсақалдың пайымы осы. Ал сіз қалай ойлайсыз?!.

 

КӨКШЕТАУ