Руханият • 15 Тамыз, 2019

Ел үшін тер төккен ерен тұлға

652 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бар саналы ғұмырын Жамбыл өңірінің дамуына арнап, ел ішінде «Дала академигі» атанған Қаратай Адамбаевтың өмір жолы өнегеге толы. Ол тар жол, тайғақ кешулермен арпалыса жүріп өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азамат.

Ел үшін тер төккен ерен тұлға

Өткен ғасырдың басындағы түрлі нәубет Адамбаевтар әулеті­не де өзінің салқынын тигізді. Бірақ ата жолынан айныма­ған Әбдірахман Адамбайұлының Балтабай, Спатай, Жұматай, Қаратай сынды ұрпақтары бала күнінен ұлттың ұлағатын бойы­на сіңіріп өсті. Ал аяулы анасы Бибіш Жиенбайқызының қайсарлығы мен қайраткерлігі де бүгінгі күнге дейін ел аузында аңыз болып айтылады.

Қаратай Адамбаевтың ата қаны­нан, ана сүтінен келген қай­сар­лығы оның тұғырдан түс­пеуіне, тектілігін жоғалтпауына өз үлесін қосты. Ол еңбек жолын 1943 жылы Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы орта мектепте директордың хатшысы болып бастайды. Ал 1944 жы­лы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бөлім басшысы, хат­шы­сы, 1945 жылы Жамбыл облыс­тық комсомол комитетінде нұс­қау­шы болады. 1946 жылы Жам­был қаласындағы Абай атын­­дағы мұғалімдер дайындай­тын училищені сырттай оқып біті­ре­ді де, облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Ақ жол») газетінде корректор, меншікті тілші болып істейді. Ағасы Балтабайдың ақы­лы­мен ол ауылшаруашылығы сала­сы­на келіп, бұл салада да елеулі еңбек етті.

1952-1957 жылдары Алматы қа­ласындағы мал дәрігерлік инс­ти­тутын ойдағыдай бітіріп, 1957-1959 жылдары Талас ауда­ны­­ның шаруашылықтарында бас зоотехник, директордың орын­басары, 1959-1980 жылдары Мо­йын­құм ауданында ауыл ша­руа­шылығының әр саласында бас­шылық қызметтер атқарады. Сол кездегі аудандық партия ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Айт­бай Назарбековпен бірге ауданды дамытуға күш салды. Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел асфальт жолын, әр ауылға апаратын тас жолдар тартуға үлес қосты. Сонымен қатар мәдениет үйлерін, мектеп, балабақша, ауылшаруашылық кешендерін салу, электр жарығын тарту жолында да аянбай еңбек етті. Сол кездері шыққан Еңбек Ерлері Жазылбек Қуанышбаев, Ділдаш Итбасов, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев сынды майталман шопандардың рес­публика, Одақ деңгейінде таны­луына жол ашты. «Мал санын көбейту үшін Қаратай Адамбаев сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаровпен кеңесе отырып, Дінмұхамед Қонаев­тың қабылдауында да бол­ғаны бар. Соның арқасында «Заготскоттан» «Мойынқұм» сов­хозына 16000 қой беріліп, геоло­гия­лық барлау партиясы 150 метр тереңдіктен ауыз су тартып, Шу арқылы көпір де салынды» деп еске алады Мойынқұм ауда­ны­ның Құрметті азаматтары Н.Есілбаев, Ж.Қажамұратов, Ә.Тоқсанбаевтар.

Ал 1980 жылы Жамбыл об­лыс­тық ауылшаруашылық тәжі­рибе станциясының директоры болып тағайындалып, 1984 жылдан бастап Меркі аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық – өндірістік бірлестігі басшысы қызметінде болады. Қаратай Адамбаев әр жылдары «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен 12 медальдың иегері атанды. Бас­шылық қызметтер атқарып жүр­генімен, оның басылым бетін­де жазған естеліктері, күнде­лігін­дегі айшықты жазбалары қоғам өміріне белсене араласқан аза­маттың болмысын көрсетеді. Талай жыл бойы бұйығып жатқан Сарыарқа, Бетпақдаланың төсін­де төрт түлікті өргізген Қаратай Адамбаевты халық белгілі ғалым Кәрім Мыңбаев, Социалистік Еңбек Ері, академик Уфа Ахмед­сафиннен кейін өзіндік жол салған ғалым ретінде мойындады. Ол Меркіде қызмет атқарып жүргенде де ауылшаруашылық кешендерін салуға, малшылар мен диқандардың әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайларының жақ­сара түсуіне ықпал етті. Тіпті шалғай ауылдарға монша, медпункт, қонақүй, балалар оқи­тын интернат, пошта салды. Сорғобыға, тауда Ойранды арқы­лы Сандыққа дейін, одан әрі Қа­ра­қыстаққа жолдар салдырып, құдық­тар қаздырды. Әлі күнге де­йін меркілік шаруалардың ара­сында «Адамбаев келіп адам бол­дық» деген сөз бар. Алайда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қаратай Адамбаевтың тағдырын шарпып өтті. Ол облыстық партия комитетінің бірінші хатшы­сы Асанбай Асқаров пен Меркі аудандық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы Ермек Сауран­баевтың жақтасы деген желеумен біраз уақыт жазықсыз жапа шекті. Бірақ ол туған халқының адал перзенті екенін таныта білді. Ақиқаттың ақ таңының ата­ты­нына сенді. Жары Апуза Мү­тәй­қызы өткен ғасырдың елуін­ші жылдарының ортасында жо­ғары білімі бар санаулы қазақ қыз­дарының бірі ретінде ұрпақ тәр­биесіне елеулі еңбек сіңірді. Биыл Қаратай Адамбаев 90 жасқа то­лып отыр. Ел үшін, жер үшін еңбек еткен ерен тұлғалардың тұ­ғы­ры қашанда биік, мәртебесі асқақ бола бермек.

 

Жамбыл облысы