Нұр-Сұлтан қаласында өткен жайдарман ойындарының республикалық жастар жазғы фестиваліне еліміздің әр аймағынан өнер көрсетуге ниетті топтар саны жыл санап артып келеді. Биылғы сайысқа Жоғары лигада бақ сынап жатқан жайдарман жұлдыздары мен жас командалардан құралған 15 топ қатысты. Өнерлері мен тапқырлықтары тең түскен жайдарман топтарына Дана Нұржігіт, Бақтияр Артаев, Дәулет Кәрібек, Бақтияр Мәкен, Ерлан Аңдасбаев есімді тұлғалар қазылық етті.
Аталған ойында Қазақстан Теміржолы ұлттық компаниясының құрамасы, «Маңғыстау.kz», «Медиум» Тараз қаласы, «Квартал» Орал қаласы, «Қазақпыз ғой» Павлодар қаласы, «АҚ құрамасы» Семей қаласы, «Бренд» Қостанай қаласы, «Әуезов құрамасы» Семей қаласы, «Сарыарқа құрамасы» Нұр-Сұлтан қаласы, КазАТК – Алматы қаласы, «Грация» Нұр-Сұлтан қаласы, «Жарлыөзек» Алматы облысы, «Эконом класс» Ақтөбе қаласы, «Мед универ» Семей қаласы, «Дарын» Қостанай қаласы және «Қазалы» Қызылорда облысы командалары бақ сынап, көрермендердің көңіін көтеруге тырысты.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиетінің жастарынан құралған «Эконом класс» командасы иеленсе, күміс жүлде яғни екінші орын Елорданың «Сарыарқа құрамасына» бұйырды. Ал республикалық деңгейде алғаш рет сахна төріне шыққан Шығыс Қазақстандық «АҚ» командасы «Жазғы фестиваль жеңімпаздары» атанып, үлкен кубокті иеленді. Халықаралық жастар күніне арналған сайыс жоғары деңгейді өтіп, осылайша жас командалардың жайдарман әлеміндегі қанаттарының кеңге жайылуына мүмкіндік берді.