Қайырымды болу әлеуметтік жауапкершіліктен
Сейсенбі, 4 маусым 2013 2:04
«Бизнес және қайырымдылық» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры мен «Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен және «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен кеше Астанада болып өтті.
Сейсенбі, 4 маусым 2013 2:04
«Бизнес және қайырымдылық» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры мен «Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен және «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен кеше Астанада болып өтті.
Мемлекеттің айтарлықтай қолдау білдіруіне қарамастан, әлеуметтік салада әлі де шешімін күткен мәселелер баршылық. Осы ретте мемлекет тарапынан қолдауға ие болып жүрген кәсіпкерлердің ойға оралатыны заңды. Әлеуметтік мәселелердің басым бөлігі қайырымдылық мәдениетінің деңгейі жоғары болғанда ғана шешімін табатыны тағы анық. Қазақстанда ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік қаншалықты дамыған? Оның жүйесі қандай болғаны дұрыс? Тиімділігі немен өлшенуі тиіс?
Халықаралық іс-шара барысында осы мәселелер жан-жақты талқыға түсті. Оның жұмысына арнайы келіп қатысқан «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз сөзінде былай деді: «Бүгінгі таңда елімізде бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Экономикалық базис ретінде біздің бизнес орнығып қалыптасты деп айтуға болады. Ендігі күні біздің бизнесте белсенді, мүмкіндігі бар азаматтарымыздың көмекке зәру жандарға қолұшын бергені маңызды».
Әріптестерін қайырымдылық жасауға шақырған «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов өздерінің 15 жылдан бері қайырымдылық шараларымен айналысып келе жатқандықтарын алға тартты. Соның бір жарқын көрінісі ретінде Ақтөбе облысы Қобда ауылында құны 300 миллион теңге болатын 150 орындық бала-бақша салып беріп жатқандықтарын көлденең тартты. Аталған нысан қыркүйекте бүлдіршіндерге есігін айқара ашады деп күтілуде.
Негізінен шара еліміздегі ұжымдық қайырымдылықтың, оның ішінде бизнес тарапынан жасалатын қолдаулардың дамуына серпін беру мақсатында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл еліміз әлеуметтік саясат бағытында отандық және халықаралық деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасу алаңына айналды дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, шара барысында қайырымдылық қадамдарына қатысты заңнамалық тетіктерді жетілдіруді көздейтін көптеген ойлар да ортаға салынды. Заңнаманы жетілдіру бойынша пікірлерімен Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева бөлісті. Ал «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова қайырымдылықпен айналысушылар өз жұмыстарын ашық, жариялы түрде жүргізгені жөн дегенді ерекше айтты. Оның сөзіне қарағанда, келесі конференция жұмысы мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара жұмыс ырғағына құрылатын болады.
Жүйелі ұжымдық қайырымдылықтың дамуына серпін беруге арналған шараға осы саладағы отандық және шетелдік мамандар қатысса, олардың қатарында Дэвид Кроутер, Джейк Хейман (Ұлыбритания), Ростислав Куринько (Украина), Әсел Арыстанбекова (Қырғызстан) және тағы басқалар болды. Олар өздерінің ұстанымдарын білдірумен қатар, отандық бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне арнап, тренингтер өткізді. Конференция барысында «Бауыржан» қайырымдылық қорының «Қайырымдылық қорын қалай ашып, қызметін қалай ұйымдастыруға болады?» атты кітабының тұсаукесері жасалды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».