Экономика • 16 Тамыз, 2019

Ұлттық қор: Алтынның үлесін арттыру маңызды

716 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сарапшылар еліміздің эко­но­микалық саясатындағы ашық­тықты қаржы саласынан, Ұлттық қордың жұмысынан бас­тау керек деген пікірде. Оны ке­шік­тіруге болмайтынын да айтып отыр.

Ұлттық қор:  Алтынның үлесін арттыру маңызды

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. «Ұлттық қор қара­жа­тын қалыптастыру және пайдалану тұжы­рым­дамасына» сәйкес Қор портфелі қайта қаралмақ. «Жинақ қоржынының актив­терін стратегиялық бөлу активтерді әртарап­тандыру саясатын жалғастыруға және ұзақ мерзімді күтілетін кірістілікті арттыруға бағытталған консервативті бөлуден (облигациялар – 80%, акциялар – 20%) теңгерімді бөлуге (облигациялар – 60%, акциялар – 30%, баламалы құралдар – 5%-ға дейін және алтын – 5%-ға дейін) өтуді көздейді. Алтынның бір бөлігі Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен аударылады», делінген құжатта.

Ұлттық банктің сайтында бұрын  жинақ портфелінің активтері мынадай пропорция­да бөлінгені анық жазылған: Облигация – 60%, акциялар – 35% және баламалы құралдар 5%-ға дейін.

Жалпы, көпшілік алтын-валюта резерві еліміздің Ұлттық банкінде сақталуда деп ойлайды.  Шын мәнісінде, олай емес  екенін қаржыгер  Ілияс Исаев бізге түсіндіріп  берді. Оның айтуынша, біздің алтын  резервіміз Англияның Орталық банкінде сақтаулы. Ең  сенімді алтын нарығы осы елде.  Лондон алтынның тазалығын кепілдендіріп, сертификат берсе, бағалы металл  кез келген нарықта ақша орнына еркін айналымда бола алады. «Алтын нарығы – Англия. Әлем нарығын ұстап тұрған валюта мен алтынды АҚШ пен Англия басқарып отыр», дейді қаржыгер.

Сарапшы Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыруға геосаяси факторлар себеп болып отырғанын айтады.

«Бұған  тек ішкі емес, сыртқы факторлар да әсер етіп отыр. Ресей мен АҚШ, Батыс елдері, АҚШ  пен Қытай арасындағы текетірестен кейін әлемнің назары  АҚШ долларына емес, алтынға ауа бастады», дейді І.Исаев.   

АҚШ-тың долларға қатысты саясаты өзгерді

Мамандар АҚШ-тың  экономикаға ақша салуды азайту арқылы доллардың құнын өсіруді көздейтін саясаты өзін өзі ақтағанын айтады. Әлем алдағы уақытта АҚШ долларының жетегінде жүре бергісі келмейтінін АҚШ-тың өзі аңғарды. Бірақ оған балама болатын  фактор туралы біржақты шешімге келген жоқ. Ұлттық қордағы қазынасының 60 пайызын АҚШ долларымен сақтайтын Ресей қазір оны
20 %-ға дейін азайтты.

Сарапшылар мұндай жағдай әлемдік экономиканың баяулауына және дү­ние жүзінің долларға деген тәуелділігінің ар­туына әкеліп соғады деп отыр. Эконо­микасының 60%-ы АҚШ долларына тәуелді Қазақстан үшін мұның қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Қазынадағы  алтын-валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасы құнсызданатыны белгілі жайт.  Сондықтан сарапшылар Президент Жарлығы теңгені құнсызданудан қашанға дейін сақтай алатынын дөп басып айта алмай отыр.

Экономиканы доллардың құрсауынан құтқарудың қажеттілігі туралы әңгіменің үкіметтік деңгейде көтеріле бастағанына екі-үш жыл болған. Банк депозиттерін­дегі салымдардың басым бөлігі АҚШ доллары немесе басқа да шетелдік валюта түрінде сақталды. Мұндай жағ­дайда Ұлттық банктің монетарлық, қар­жы-несиелік саясатының тиімділігі аз. Төмендеп кетуі де мүмкін. АҚШ долларын баспадан басып шығару құзыреті Ұлт­тық банкте жоқ. Сондықтан Ұлттық банк теңгенің пайыздық мөлшерлемесін жоғарылату, АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы ішкі нарықтың беталысына әсер ете алмады. Қалай болса да ендігі үміт Президент қол қойған құжатқа байланып тұрғандай. 

Соңғы жылдары теңгенің тұрақ­ты­лығына төнген қауіп іште де, сыртта да еселеніп кетті. Сарапшылар бұл ретте ішкі қауіп бізге қатер төндіріп тұрғанын айтады. Мамандардың пікірінше, Ұлт­тық банк қазіргі жағдайдан табыс тауып қалуға тырысып жатқандарға тосқауыл қоюы керек. Біздің қаржылық жағдайымыз, экономикамыз Ресейге байланып тұрған жоқ. Рубльге қатысты доллар бағамы 42-44 рубльге түсіп кетсе ғана алаңдауға болады. Бізде алтын-валюта қоры жеткілікті. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыру туралы шешімі Ұлттық қорға аз уақытқа болса да қосымша ты­ныс, күш алуға мүмкіндік береді. Қол­ма-қол ақша айырбасы алғашқы жар­тыжылдықпен салыстырғанда 4 пайызға қысқарды. Сон­дықтан алаңдауға себеп те, негіз де жоқ. Дол­ларға деген қажет­тілік байыпты жолмен өтелсе, жұрт саба­сына түседі деген үміт бар.

Қаржыгер І.Исаевтың пайымдауынша, мемлекеттік құнды қағаздардың қай елде болса да бағасы төмен. Шет мем­ле­кеттердің құнды қағаздарына салынған валютамыздың жылдық өсімі 2-3 пайыздан айналады екен.

«Нарықтың жалпы ережесі бойынша әр елдің алтын-валюталық резервінің көлемі 3 айлық импортқа тең болуы тиіс. Қазақстан айына 10 млрд долларға импорт тартатын болса, алтын-валюта резерві 30 млрд доллардан кем болмауы тиіс. Эко­номика өскен сайын экспорт пен импорт та өседі. Алтын-валюта резервіміз өске­ніне сеніп қалуға болмайды. Бұл тек муль­ти­пликативті ғана әсер етуі мүмкін», дейді ол.

Сыртқы экономикаға тәуелділік ІЖӨ өсімін шектейді

...Мұндай құбылыс тек біздің елде емес, Қытайда да байқалған. Бірақ соған қарамастан, Қытай бүгінде экономика жағынан әлемде екінші орынға шықты. Көрші елді осындай дәрежеге жеткізген 52 трансұлттық компания, оның 70 %-ы америкалық корпорациялар. Қазір Қытай аумағын сол корпорациялар активтерін алып кетіп жатыр. Қытай юаньді еркін айналымға жіберу арқылы экспорттан түскен қаржыны ішкі экономиканы дамытуға салу керек деген шешімге келіп, АҚШ-тың мемлекеттік құнды қаға­зына салуды тоқтата бастады. Ресейдің де рубльді еркін айналымға жіберуді барынша жеделдетуінің себебі осында. Ресей нарығын да импорт басып барады, ал отандық өнеркәсіп пен өндіріс өнімдеріне серпін беру үшін осындай батыл қадам керек-ақ. Ресейлік бұл қадам Қазақстан, Беларусь, Украина секілді елдердің тауарына тосқауыл жасауы да мүмкін.

Ал қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бізге қаржы саласында құрылымдық өзге­ріс­тер керек деген пікірін айтты. Прези­денттің жалғыз шешімі өзгерістерге себеп бола ал­майды. Бұл шетел валютасына деген тәуел­ділікті азайтуға бағытталған ке­зекті қадам. Біздің елде мұнайдан түс­кен тү­сімге байланысты «айтылмайтын әң­гімелер» өте көп. Осыдан келіп ол қа­жетті нүктелерге жұмсалмай ма деген қауіп бар. Индустрияландыру, экономи­каны әр­тараптандыру мәселесінде жетістіктерге жеттік деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Ұлттық банкте, тым болмаса, ішкі нарықтағы қаржы бағамын реттетудің 5-10 жылдық тәжірибесі болса, жағдай бұлай ушығып кетпейтін еді.

Қаржылық саясат түзу, айқын болса, ішкі нарық валюта бағамындағы құ­был­малыққа бейімделеді. Б.Зиябековтің па­йымдауынша, бізде ондай тәжірибе болмады. Ұлттық банктің қазіргі әрекеті қолдан реттеуден әрі аса алмайтын буферлік ұстанымға көбірек ұқсап барады. Мұндай ұстаным арқылы ол екі тарапқа да қызмет көрсетіп отыр. «Қаржы нарығындағы трейдерлер барлық елдерде бар. Бірақ басқа елдерде олар өзінің орнын біледі. Ұлттық банк алдағы уақытта оларды бақылауға алмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Алдағы уақытта қаперге алып жүретін фактор осы. Сондықтан экономикалық сая­­сат­­тағы ашықтықты қаржы саласынан, Ұлттық қордың жұмысынан бас­та­йық. Мұ­ны кешіктіруге болмайды. Егер мұ­най бағасы алдағы бес-алты жылда көте­ріл­месе, жағдай қиындайды», дейді Б.Зия­беков.

 2020 жылға қарай әлемдік нарықтағы мұнай бағасының бір баррелі 40 долларға дейін құлдырауы мүмкін. Жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне және мұнайға деген сұраныстың азаюына әкеліп соқтыруда. Бұл туралы Б.Зия­бе­ков: «Бә­секе көбейіп, тұтынушыға талас бастал­ды да, мұнайдың бағасы төмен­де­ді. Алдағы уа­қытта да мұнайдың бағасы тө­мендей бере­ді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуанарлық жағдай емес», дейді.

Экономикамыз қалыпты болуы үшін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы бар­реліне 60 доллардан төмендемеу керек. Шикізат құны 50-60 АҚШ доллары арасында құбылып тұрғаны тиімсіз. «Мұнай бағамына қатысты ұзақ мерзімге болжам жасау қиын. Өндірістің жаңа технологиялары пайда болуда. Наноматериалдарды синтездеу арқылы көмір мен ағаштан мұнай алу тәсілін Норвегия қолданысқа енгізді. Қазақстанды қиындықтар кү­тіп тұруы мүмкін. Рубль мен теңге жұ­бын­да қазір құнсыздану басым. Теңгені құн­сыз­данудан отандық өнім өндірушілерді қолдау ғана құтқарады. Осы уақытқа дейін біз отандық өнім өндіру саласына мән бермедік. Соның зардабын енді сезіп жүрміз», деді Б.Зиябеков.

 Қаржы трейдерлерінен теңгені қорғау керек

Қазақстанда қоғамның АҚШ долларына деген ықыласы АҚШ долларына қосымша дем беріп отыр. Халық ұзақ мерзімдегі депозитін теңгемен емес, шетел валютасымен сақтауға бейіл.  Экономикада шетелдік валютамен берілетін несиеге сұраныс болмаған соң оны айналымға шығара алмайды. Бұл теңге үшін де, банктер үшін де жағымсыз тренд тудыратын фактор. Сарапшы Б.Зиябеков осы ретте теңге алыпсатарлардан – қаржы трей­дер­лерінен қысым көріп жатқанын тілге тиек етті. Себебі валюта айырбастау нысандары АҚШ долларын Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып сатады. Сол үшін ірі валюта алыпсатарларынан теңгені қор­ғау керек. ТМД елдерінде, шет мемлекет­тер­де отырып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр­ған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті.

«1929 жылы АҚШ-та «қаралы бей­сен­бі» орын алды. Сол кезде АҚШ-тағы валю­та алыпсатарлары биржадағы акция­лар­дың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын шекті» деп ой қорытты Бейсенбек Зиябеков. Бұл қар­жы содан бергі инфляцияны есеп­тесек, қа­зір 320 млрд долларға тең екен. Са­рап­шы­ның айтуынша, Қазақстан болашақта валю­та трейдерлеріне қатысты заңды қа­таң­датып, мемлекеттік бақылауды реттеп алғаны жөн.

АЛМАТЫ