Спорт • 16 Тамыз, 2019

Арманы алға жетелеген бала

303 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық Ник Вуй­чич атанып кеткен елорда тұрғыны Әли Тұрғанбеков Түркияның Ыстанбұл қаласында ағылшынның «Ливерпуль» мен «Челси» арасында өткен футболдан УЕФА Супер кубо­гы матчына арнайы шақы­рыл­ған қонақтардың қа­та­рынан орын алды.

Арманы алға  жетелеген бала

Қазақтың қайсар оғланы кездесуді стадионнан тамашалап қана қоймай, матч соңында УЕФА президенті Александр Чеферинмен бірге жеңімпаз командаға алтын медаль мен кубокты тапсырды.

Осындай айтулы шараға қатысқан отандасымыздың ерлігі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы өз кезе­гінде Әлиге жылы лебізін біл­дірді. «Жас қазақстандық Әли Тұрғанбеков УЕФА Супер­ ку­богы үшін «Ливерпуль» мен «Челси» арасында өткен матч­тың жеңімпазын марапаттау сал­танатына қатысты. «Әли, сенің мақсатқа жету жолындағы күш-жігерің әлемде талай адамды алға жетелейді. Барлық армандарың орындалсын!», деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.

Өмірге екі аяқсыз келген Әлидің қуанышын, ке­шегі кештен алған әсерін бөлісу мақсатында анасы Ақмаралмен тілдесудің де сәті түсті.

– Әлидің кешегі кештен ал­ған әсерін сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Баламның қуа­­ны­шын көргенде төбем көк­ке екі елі жетпей қалды. Бұл сәт ұлымның да, менің де жадым­да мәңгі бақи сақталып қала­ды. Осы орайда бізге осындай мүмкіндікті жа­саған және Ыстанбұлға баруға көмек қолын созған УЕФА басшылығы мен аталған ұйым­ның қорына, Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшысы Қай­рат Боран­баев­қа, сондай-ақ «Мейірім» балаларды оңалту орталығына ерекше алғыс айтқым келеді.

Сондай-ақ ол ұлының кубок­ты жеңімпаз командаға тапсырып тұрған сәтте өне-бойын тол­қыныс сезімі билеп, көз жасына ерік бергенін жеткізді. «Бәріңіз көргендей, УЕФА президенті Александр Чеферин мырза Әлидің қолын алып, кубокты бірге тапсырғанда көз жасыма қалай ерік бергенімді білмей қалдым. Тіпті камераны ұстай алмадым, қолдарым дірілдеп тұрды. Өйткені бұл үлкен оқиға, оны барлық адамдар, балалар, миллиондаған адам көреді. Ұлымның аяғы жоқ болса да футбол ойнау, футболды сонша жақсы көріп, арманына ұмтылу үлкен ерлік екенін түсінуіміз керек. Ол ерекше балалар мен адамдарға сенімділік ұялатып отырған менің кішкентай ғана мотиваторым», дейді Ақмарал.

 «Ливерпуль» мен «Челси» арасындағы матч алдында Әли әйгілі футболшы Мохаммед Салахпен бірге жаттығу жасап, естелік суретке де түскен болатын. Сонымен қатар ол әлемдік деңгейдегі футболшылармен бірінші рет кездесіп тұрған жоқ.

11 жастағы балақай бұған дейін аргентиналық футбол аңызы Диего Марадонна мен Лионель Месси, аустралиялық мотиватор Ник Вуйчич, 2014 жылғы «Алтын доп» иегері украиналық Андрей Шевченко мен Александр Зинченко секілді футболшылармен бірге доп тепкен. Тағы бір айта кетерлігі, Әли былтыр өзі кумир санайтын бразилиялық футболшы Неймармен кездесу үшін Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының жабық жаттығуына да қатысуға мүмкіндік алған. Осылайша Әли Тұрғанбеков тағдырға мойымай, төзімділік пен табандылықтың арқасында алға қойған мақсатына жетіп, әлемдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі мол екенін ісімен дәлелдеп жүрген бүгінгі күннің батыры.

Айта кетейік, «Ливерпуль» мен «Челси» арасында өткен матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз команда кездесу соңындағы пенальти сериясында анықталды. Бес пенальтидің бәрін сәтті орындаған «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанып, өз тарихында үшінші мәрте (1977, 2001 және 2005) УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Ал «Челси» командасы екінші рет (2012 және 2013) Суперкубокта жеңілді.