Қумола – Кішітаудан бастауын алып, Дүйсенбай, Білеуті, өзендерімен қосылып, Арал теңізіне бет түзейтін арнасы кең, шежірелі өзен. Осындағы Қарсақбай қыратының оңтүстік беткейінде жатқан «Мыңбұлақ ойысы» теңіз деңгейінен жүз метр шамасында жоғары жатыр. Бұл өлкенің мол су қорынан хабар береді. Мұнда Жошы ханның, Кетбұға абыздың ат тұяғының ізі қалған. Жоңғар шапқыншылығында «Қалмаққырылған» шайқасын басынан өткерді. Сөйте тұра, тым қарапайым, томаға тұйық өзеннің түпкі атауы «Қумола» сөзінің мағынасы неден бастау алғаны құпия қалып келеді.
Әртүрлі жағдайда елімізге қожалар әулеті алғаш қадам басуының құрметіне – «Қожамжар», жоңғар шапқыншылығында қыршын кеткен Сәуіл батыр атымен аталып – «Қумола» атаныпты деседі. Бірақ көкейге қонарлық тұшымды жауап табылмай келеді. Ақыры көнеден күмбірлеп жеткен ғашықтар құпиясы да сыр болып шертілер кез келген сияқты.
Естеріңізде болар, 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға арнайы тәу ете келіп: «Мына қасиетті Ұлытаудың баурайында аруақты бабаларымыздың басқан ізі жатыр. Ал ұшар басынан сол кемеңгер бабаларымыздың үні естіліп барша қазақты бірлікке шақырып тұрғандай. Енді біздің сол ізден адасар еш ретіміз жоқ», деген болатын.
Содан көне аңыздардың беттері парақталды. Өйткені жұбынан айырылған аққу құстың «Қуу-у... Қуу-у...Қуу-у..»-лап сол жерден кетпейтіні шындық.
Ертағы, Кертағы өңірі жаратылғаннан бергі талай аласапыран тарих куәгері Қумола өзенінің атауына қатысты жайлар санамда сан жаңғырды. Еркін энциклопедиялық деректерде кезігетін «Ху» сөзінің тамыры көне Мысыр аңыздарында діни атаулармен астасады. Оның бұл өңірге аса кірігіңкіремейтінін ескерсек, сөз төркінін түркі әлеміне қатысты дүниелерден іздестіруге болатындай. Өйткені Сарыарқадағы Қу тауы – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Шалқия кенті маңында. Ұлытау мен Жаңарқа аралас жатқан ел.
«Казахско-русский словарь» кітабына көз жүгіртейік. (Перевод с казахского языка қу на русский): «Қу» – I. лебедь; II.1) сухой, пересохший; – сухостой; 2) трут, трутовик; – высушенный пучок травы, зажигающийся от искры; III. белый, бледный, блеклый; IV. 1) хитрец, проныра, пройдоха, ловкач; 2) перен. обманчивый, притворный, изменчивый.
Бұл да өзенге атау болуға негіз бола алмайтын тәрізді. Сол себепті, қазаққа атауы да, мінез-құлқы да үндес келетін құс – аққу жайындағы әңгімені тілге тиек етпекпін.
Аққуды «киелі құс» деп, мәрттігін бағалап, қызды аққуға теңеу бізге жат емес. Құс атаулыда жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс – аққу. Жұбынан айырылса, сыңары адамша қайғыратыны сонша, өзге аққуға қосылмайды. Қазақ: «Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын!» – деп бата берген. «Қыс жылы кезде аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында – Ақтау қаласының маңында қыстап шығады».
«Аққудың аталығын «сапар», балапанын «көгілдір» деп дәріптейді... «Аққу – құстың төресі, жалғыз жатып оттамас».
Аққу-қаздар – ежелгі түріктер мен қазақтардың тотемі болған. Аққуды олар – «Қу» деп атаған. Алтай түркілері қумандардың атамекені – «Қумания». Этникалық атауы сақталған алтайлықтар «Қу» өзені бойында өмір сүруде. Қара қудың отаны – Аустралия десек, кезінде түрік сұлтандары қара қуларды сарай хауыздарында сәндікке бәсекеге ұстапты.
Аққулардың күндіз-түні бірге жайылып, бір-біріне сүйеніп ұйықтауы – татулығы. Қос аққуға қаз-үйрек те ысырылып жол береді. Қазақ халқы ежелден: «Аққу айдынын аңсайды, Адам туған жерін аңсайды, «Аққу айдын көлде жүзеді, Ару айдын көңілде жүзеді – деп ардақтайды. Осыншалық құрметтен кейін дархан көңілді бабаларымыз сайын даладағы бір өзенге «Аққу», «Қу» атын беруге қимапты, сансыз бекет-қамалдың бірі солардың құрметіне бұйырмады деуге болар ма?!
«Қумола» сөзі – қу және мола сөзінің бірігуінен құралғаны шындыққа жанасады. «Қу» – дегені аққулар мекені және «мола» – ғұн тілінде қорған сөзінен құралады. Қорған елді-мекен екені шындыққа жанасады. Демек, «Аққулар мекендеген өзен жағасындағы қорған» болуы ықтимал.
Кертағы тауынан бастау алған арналы өзеннің сонау бір замандарда су қоры мол болғаны күмән келтіре ме? Сол өлкедегі сансыз бұлақ бүгінде қаңсып қалғанымен Кеңес кезеңіне дейін де өз бейнесін жоғалтпағаны, шегенді құдық қазсаң да ауыз су тауып ішуге боларына дәлел қажет пе? Көктемгі жойқын су тасқыны өткел бермегені, малшылар жазғытұрым тұрмақ, жаз айларында да өзен табанына киіз үйін тікпегені аян. Өйткені жауын болып кетсе, су астында қалу қаупі сақталған-ды. Өзен жағасындағы биік қамыс, су жағалай бітік өскен балғын құрақ, өзен табанындағы жасыл көкорай шалғын ұжымшар мен кеңшардың малына сақтап келді емес пе?!
Ендеше баяғы бабаларымыз өткел бермес ағыны қатты арналы өзеннің ен суын кәдеге жаратып, жағалай өскен құба тал, қамыс-қоғасын пайдаланып, мал-жанға қолайлы шабындықты даланың төсіне қорған салса, жарасымды болмаушы ма еді? Бұл ұзын аққан өзенді төмен жағалап отырса, киелі Оңтүстік өңіріне адастырмай бастап апарады.
Тағы бір көмескі аңыз нұсқасы өзен атауын жалпақ жұртшылыққа жаюға себепкер болған Сақ патшайымы Зарина заманына алып барады. Мидия мемлекеті Каспий теңізінен Парсы шығанағы аралығында орналасқандықтан, сақтармен қарым-қатынасы болған. Мидия патшасының баласы Стриангей ханзада Заринаны қолға түсірген жолы ықыласын білдіріп, елге дейін шығарып салыпты. Кейін де екі ғашық біздің өлкенің құланын бірге аулап, өзен балығынан дәм татып, иен далада кезігіп жүреді. Бірде, өткел бермей арнасынан асып маңайға кең жайылып, жарқырап жатқан мол сулы өзенді көріп:
– Мына тұстан ат жалдап өтсе, қалай болар екен? – деп сұрайды Стриангей ханзада.
– Тәкаппар өзен сенің ханзада екеніңді танымайды. Сондықтан түбіндегі иірімі тартып кетер. Сөйтіп жоқ жерде қанды қырғын етек алар. Сәл төменде өткел бар, арғы бетке өткің келсе, сол дұрысырақ, – деген Зарина атын тебініп қалды. Сөзден жеңілгісі келмей ханзада шамырқанған кейіп танытты.
– Жүр, қымбатты ханзада, бұл иірімді «Құлан өтпес» деп атайды. Бұл ара жабайы құланға да өткел бермейді. Түбіндегі тартпа – жерасты көзі елге мол суды жазы-қысы қамтамасыз етеді. Қыстың қары, көктемгі жаңбыр мерейін тасытатыны тағы бар.
– Расында да, суы мол екен, бұл өзеннің аты қалай аталады? – дегенде:
– Атауын өзің де айтып тұр емессің бе, суы мол, яғни, бұл – «Молсу» өзені, – дейді патшайым.
Мұны қалжыңға балаған ханзада Стриангей:
– Айдында жүзген аққуы көп, елінде өзіңдей еркесі бар жердің атауын «Аққулы айдын» десе жараспас па? Расында да, мына далада «Су мол, ә», айдынында қу мол, ә? – деп тақпақтатып жібереді. Сол сәт айдында жүзген аққуға елжірей қарап тұрған екі ғашық:
– Расында да, қу мол екен, ә! – деп күрсініп қалыпты.
– Қу мол, ә? – ханзада риясыз жымиды.
– Қалай дедің? – Әлдене есіне түскен Зарина ойланып қалды.
– Қу мол, ә!
– Бізде, білесің бе, мола – қорған ғой. Мына тұсқа жедел қорған орнатып, ел қоныстандыру қажет екен. Сонда мұнда жүргінші ғана емес, махаббат айдынында еркін жүзгісі келген кез келген жас арманын ашық айтар еді, шіркін!
– Махаббатқа берік, адал жастар елін, жерін ешқашан сатпайды.
– Елін, жерін сатпайтын болады дедің-ау, өте орында айттың. Түбі бұл менің де берік шешімім болар, – деді жеңіл күрсінген Зарина.
– Дұрыс-ақ, осы жерге қамал орнат, мына нөкерлеріңе қоныс болсын. Сосын оны біздің құрметімізге «Аққулар қорғаны», «Қумола», – деп атасаңшы!
Ханзада өз қиялына беріліп, заңғар көкке арманын оздырды.
– Лайым солай болса, елге де пайдасы шаш-етектен болар еді-ау!
Бірақ нақ сол сәтте, әдептен аспағанымен ғашықтық буына масайып жүріп, ауыздарынан шыққан осы дуалы сөздің кейін шындыққа айналарын олар болжаған жоқ еді. Шешімді тағдыр мен табиғат өздері таңдады, ұсынысын да өздері жасады.
Көкейіндегі күдікті сейілтпек болған Заринаның күйеуі Мөрмөр арада аз уақыт өткенде, ханзаданы қапыда қолына түсіреді, арпалыс кезінде өзі жараланып, қайтыс болады. Зарина ханзаданы еліне аттандырарда:
– Адал махаббатымыздың белгісі болсын, екі патшалықты біріктіріп, бір ел болайық, қосылайық, – дейді ханзада Стриангей, бірақ:
– Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ, – деген шешімін айтып, қара көзінен жас тамшылаған Зарина ханшайым «Қумола» қорғанын тұрғызып, өзеннің атауын тарихта қалдырыпты. Бір кездегі асау арнаның ені шағындаған тұста ағысты «Құлан өтпестің» жерасты көзі де тартылып, бергі заманда «Құлан өткен» атауын иеленіп, біздің заманға ілікті.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» – деп айтқаны түсінген жанға көп сырды жайып салады. Оны тарқату Қумола тарихы Ұлытау өңірінің, қазақ елінің кешенді бағдарламасында ойып тұрып орын алар тың деректің бірі болары анық.
Тоғанбай ҚҰЛМАНҰЛЫ,
журналист, өлкетанушы