Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

Өнер әлемінің өрісін кеңейткен

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының белді актерларының бірі – Құмарбек Қалқатаев Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты шоқ жұлдыздай ғана Жылытау ауылында туған. Кейін әкесі Мұхамедуәли іргедегі Марқакөлге қоныс аударды. Марқакөлдің көркем суреті, ғажайып бейнесі Құмарбектің қай кезде де көкірегін қоламтадай қыздырып жүретін, шалдыққанда дем беретін, қажығанда қайрат бітіретін кішкентай ғана тұмары іспеттес. Туған жері Жылытау болғанымен, оң-солын танып, ат жалын тартып мінген жанына ерекше ыстық өлкесі осы Марқакөл.

Өнер әлемінің өрісін кеңейткен

Жер бетінен екі мың метр биіктік­те жатқан кәдімгі кесе кейіп­тес тос­таған көл көрген адамның жанарын сұлулықпен суарып, айрықша сезім­ге бөлейтін. Сол табиғат Құмар­бекке де тылсым сыр сыйлап, жанын жақсылыққа баулыды. Сұлулыққа іңкәрлік, өнерге құштарлық бәлкім, содан басталған шығар. Бес жасында қолына домбыра алған. Мұны үйрететін де ешкім болмады. Жалғыз ішекті сыңар саусағымен іліп-қағып әлдебір әуенді іздейтін. Әйтеуір, талабы күшті еді. Ол тұста рес­пуб­ликалық Қазақ радиосы ән өнерінің інжу-маржаны іспетті туындыларды үзбей беріп тұратын. Соларды тың­дады. Балауса шағында құйма­құлағына құйған құнарлы әңгіменің бір парасы көнекөз ақсақалдардың сай-сүйегіңді шымырлатып, айрық­ша әсерге бөлейтін ғажайып әңгі­ме­лері. Жалғыз-ақ түсінбейтіні үлкен­дердің сол әңгімеге балаларды ортақтас­тыр­май­тындығы. Басқаны қайдам, Құмар­бектің өзі үлкендердің әңгімесін тың­дауға құмар болды.

Өнер жолына бірден келе қалған жоқ. Әуелі Өскемен қал­а­сындағы поли­техқа түс­кен, екі курсын тәмам­дады. Қатардан қалмай қал­қиып жүре берсе, ел қатарлы күрек­тей дип­ломға ие болатын­дығы талас тудыр­майтын еді. Әйтсе де жүрегің қа­ла­май­тын мамандықты игеру азап­тың азабы екен. Өнер жолына түсуі де қызық. Бірде зауытта бірге жұмыс істейтін досының тойы­­на бар­ған. Кеу-кеу әңгіме. Қызық думан. Отырғандардың біреуі Құмарбек ән салсын деген ұсынысты ортаға тас­тасын. Бұған дейін домбырасын безілдетіп, сан әуенді нәшіне келтіріп шырқайтын әнші де өзі, тыңдаушысы да өзі. Алқалы топтың алдына шыққан емес. Бүгінгі той­да бірінші рет. Әл­гінде ғана аттың басын ірікпей, күм­білдесіп отырған адуын­ды топ пы­­шақ кескендей тыйыла қалды. Шыр­қау көк­ке қал­қы­ған әннің мысы, шы­найы өнердің құдіреті бас­қан тәрізді ме, қалай?! Той­ды басқарып жүр­ген Әміре Қашаубаев атын­дағы республикалық бай­қаудың жүлдегері Төлеген Ожаев таң-тамаша қалған.

– Апыр-ай, сен мында не­ғып жүрсің? Мынандай дауыс, мынандай өнермен. Сенің ор­ның зауыт емес қой!, – деген.

Өз басы әлі шикіге санайтын өнерін Төлегендей таны­мал ағасы осы­лай баға­ла­ғанына әуелі таңғалған. Содан соң тәнті болды. Шы­найы өнер­ді тани біле­тін, қыз­ғаныштан ада, көре алмау­шылығы жоқ, таңғы шықтай мөлдіреген саф көңілге! Жал­ғыз ауыз сөз жанына медеу, көңі­ліне демеу болды. Сол қуат жетек­теп, Өскемендегі облыстық филар­монияның жанындағы «Наурыз» эс­традалық ансамбліне әкелді. Ан­самбльдің құрамында әнші болып, үлкенді-кішілі сах­наларда өнер көрсетті, тә­жі­рибе жинақтады, өзгеше ма­шық қалыптасты. Енді бұл да тарлық ете бастады. Қияға құлаш ұрған өнердің темірқанат балапаны 1991 жылы үлкен өнердің ордасы Алматы қаласындағы эс­тра­далық цирк училищесіне қанат қақты. Ұстазы Алашқа аты шыққан әнші, елге толайым танымал тамаша талант иесі Жәнібек Кәрменов еді. Ұстаздығы да, кісілігі де, адамгершілігі де айтып тіл жеткізгісіз. Тәлімін ұқты, тәр­бие­сін көрді. Әттеген-айы дәл оқуды біті­рер жылы ұс­тазы жол апатына ұшырады. Өзі үшін қымбат бір жан ұстазы өмірден өткен кезде Құмарбек тіл жеткізгісіз қорғасындай ауыр қайғыны басынан кешірді. Тіпті бес жасынан жанына серік болған домбырасын да енді қайтіп ұстағысы келмей кетті.

– Сен неге домбыраны қойып жүрсің? – деген Қай­рат ағасы. Кәдімгі Қайрат Бай­босынов. – Жәкеңнің қазасы бәріміздің де отыз омырт­қамызды опырып, қырық қа­бы­рғамызды қау­сатып кетті. Домбыра бәлкім, ұста­зың­ның саған тастап кеткен аманаты шығар. Сондықтан ақылың болса Құмарбек, аманатқа қиянат етпе.

Осыбір сөз домбыраны қолына қайта алуына әсер ет­кен. Қазіргі күні алқалы топ­тың алдына шықса, алдымен, көз алдына Жәкеңнің аяулы бейнесі қылаң беретін тәрізді. Бойын нәзік бір діріл билеп, өзін елі қалтқысыз сыйлайтын қазақ ән өнерінің хас шебері Жәнібек Кәр­менов­тің алдында емтихан тапсырып тұрған шәкіртше сезінетіні бар.

Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында Ма­ман Байсеркеновтің класын бі­т­ір­ді. Өз саласының шына­йы озығы саналатын осы бір тәлімді ұстаздың көкірегіне құйып берген білімі телегей-теңіз. 1996 жылы ежелден ән-жыр­дың алтын бесігі атан­ған көгілдір Көкшетауда тұң­ғыш рет қазақ театры ашылды. Арнайы шақырумен келген бір топ жас Сәкен сері Жүнісовтің «Ақан сері» драмасын сахналамақшы. Құмарбекке Науан Хазірет бейнесі тапсырылды. Сәкен серінің Науан Хазіреті – бөлек пішінді кейіпкер. Ол ақынның жырларын жан-дүниесімен түсінеді, арғы-бергі тарихтан хабары мол. Жал­ғыз дін ғана емес, адамзаттың руха­ни түлеуіне әсер ететін жанама күштен жақсы хабардар. Барша ілімді меңгерген, өз тұрғыластарының арасында тұлғасы он бесінде толған айдай менмұндалап тұратын, ажарына ақылы сай, болмысы бедерлі, бояуы қанық бейне. Осы бейнені сахнаға алып шығарда Құмарбек нешеме түнді ұйқысыз өткізді. Хазіреттің сабырлы да са­ли­қалы бейнесі, әр сөзді сал­мақпен, астарына атан түйеге жүк болар ой ұялатып айтатын, әр санаға жеткізетін те­геуріні. Тұла бойындағы мұн­таздай тазалық, бойдағы тазалық қана емес, ойдағы таза­лық. Соның барлығы шып-шырғасы шықпай, көрер­меннің көңіліне жетіп жатуы керек. Жалғыз сөзбен ғана емес, қимыл-қозғалыс, ишара, ыммен.

Сан түрлі талант иесі Құ­мар­бектің актерлік, әнші­лік қыры бір басқа да ком­по­зиторлығы өз алдына. Оның «Ахау, елім» әні рес­пуб­ликалық «Жас қанат» бай­қауында көкшетаулық талантты әнші Арайлым Әбді­бекованың орындауында шырқалды. Сөйтіп Гран-при сыйлығын еншіледі. Респуб­ли­калық «Шабыт» фестивалінде де Арайлым осы әнмен бірінші орынға ие болды. Бұдан басқа да сан түрлі үлкенді-кішілі сахналарда жүлдеге ие болып жүр. Ұзын-ырғасы жиырмаға таяу ән шығарған композитордың бер­генінен берері көп. Тақы­рып­тары да сан алуан. Өзі жан-тәнімен сүйетін, өміріне көрік, өміріне өріс ашқан Көк­ше­тауға да, іргедегі Қызыл­жарға да ән арнады. Негізінен, оң жамбасына патриоттық тақырыптар дөп келетінін айта кеткен жөн.

Көкшетау театрында Жібек Ба­ғысова апасының өк­­ше­сін басып келе жатқан Құ­мар­­бекке жасына орай, бар­­лық қойылымдарда ересек кейіп­керлерді сомдау бұ­йы­рып тұр. Өзінің айтуына қа­рағанда, әр кейіп­керді сахнаға шығарардың алдында талмай ізденеді. Өйткені шынайы шеберлік қажымас еңбекпен ғана дос. Маман Бай­серкенов ұстазы шә­кірт­тері­не қалыпқа түсіп кету­ден сақ­таныңдар деген. Шеберлік машық өз алдына, актер бір қалыпқа түсіп алса, сомдаған бейнелері де қойдың егіз қозысындай бір-бірінен айны­май қалмақ. Онда қасиет қаш­ты дей бер. Сол үшін әр кейіп­кердің та­би­ғатын, жан-дү­ниесін, бітім-болмысын сол қал­пында жет­кізуге барын салады.

 

Ақмола облысы