Осылайша, «Самұрық-Энергоға» несиелік портфеліндегі валюталық қарыздарының үлесін 17%-дан 3%-ға дейін азайтып, холдингтің қаржылық көрсеткіштеріне валюта курсы құбылуының теріс әсерін азайтуға мүмкіндік туды. Валюталық қарызды мерзімінен бұрын өтеу экономиканы долларсыздандыруға, сыртқы квазимемлекеттік қарыздың деңгейін азайтуға және ұлттық компаниялар активтерінің құнын ұлғайтуға ықпал етті.
«Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 50 млн АҚШ доллары көлеміндегі корпоративтік кепілдігінің күшін жоюға, сол арқылы акционердің шартты түрдегі міндеттемелерінің сомасын төмендетуге мүмкіндік берді», деді «Самұрық-Энерго» АҚ Қазынашылық және корпоративтік қаржы департаментінің директоры Сергей Ли. Оның айтуынша, отандық қор нарығының дамуын қолдау мақсатында валюталық қарызды өтеуге керекті қаражат АХҚО халықаралық қор биржасының алаңына тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, қуаты 300 МВт болатын, О.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС-і 2012 жылы пайдалануға берілген-ді. Ол Алматы облысы Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан. Жоба Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында электр энергиясының тапшылығын азайтуға үлес қосып келеді. Станса құрылысын Қытайдың Мемлекеттік даму банкі мен Қазақстанның даму банкі бірлесіп қаржыландырған еді.
«Стансаның жабдығы пайдалануға берілгеніне 7 жыл өтті. Жоба сәтті іске асырылды деп сеніммен айта аламыз. Қытайдың Мемлекеттік даму банкі «Самұрық-Энерго» тобының қарызды қайта қаржыландыру жөніндегі бастамасына толық қолдау білдірді. Біз «Самұрық-Энерго» АҚ-ын Қазақстандағы сенімді серіктестеріміздің бірі деп білеміз және ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп үміттенеміз», деді баспасөз конференциясында Қытайдың Мемлекеттік даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің Нарықты зерттеу және бизнесті дамыту департаментінің бас менеджері Фань Сяохуэй.
2016 жылдан бастап «Самұрық-Энерго» АҚ кредиттік портфеліндегі валюталық қарыздарының үлесін белсенді түрде азайтып келеді. 2017-2018 жылдары топтың несие портфеліндегі шетел валютасымен алынған қарызы 65%-дан 17%-ға дейін азайтылды.
Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ стансасының екінші кредиторы – «Қазақстанның даму банкі» АҚ-мен ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Валюталық құбылуға ұшырауын одан әрі төмендету мақсатында қарыздың бір бөлігін АҚШ долларынан теңгеге конвертациялау жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Мәміле аяқталуының қорытындысы бойынша, валюталық міндеттемелердің үлесі 3%-дан 1,6%-ға төмендейді, сондай-ақ қамтамасыз ету базасынан Мойнақ су электр стансасының негізгі активтері босатылады.