Саясат • 16 Тамыз, 2019

Әлеуметтік студенттік кредит

1322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Білім және ғы­лым министрлігі мен Ақпа­рат және қоғамдық даму министрлігі арасында «Әлеуметтік сту­дент­тік кредит» жоба­сын іске асыру аясында ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. Аталған шара­ға Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова мен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысты.

Әлеуметтік  студенттік кредит

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, студенттерді әлеуметтік және қоғамдық пайдалы қызметке кеңінен тартуға бағытталған «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы басталмақ. Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады. Мәселен, күндізгі оқу нысанындағы жоға­ры оқу орындарының студенттеріне 20 сағат қызметі үшін 20 мың теңгеге, 50 сағат қызметі үшін 50 мың теңгеге дейінгі кредит ретінде әлеу­мет­тік студенттік кредит түрлері ұсынылады. Яғни студенттер волонтерлер ретінде балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетеді.

«Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске қосу 2019 жылдың қыркүйек айына жос­­­парланған, ал оның тақырыптық модулі Qazvolunteer.kz волонтерлердің бірыңғай ин­тер­­нет платформасында орналасады.

Айта кетелік, волонтерлердің Qazvolunteer.kz бірыңғай интернет платформасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Ұлттық волон­тер­лік желі» заңды тұлғалар бірлестігі бірлесіп әзірледі. Онлайн-платформа qazvolunteer.kz волонтерлік қызметке қатысушылардың өзара іс-қимыл тетіктерін құруға, Қазақстанның еріктілері мен еріктілер ұйымдарының қызметін үйлестіруге, волонтерлік жобаларды, бағдарламаларды, акцияларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Платформада кез келген адам онлайн-тіркеуден өтіп, волонтерлік қызметке қосыла алады. Қазіргі уақытта платформада 1400 ерікті, 60-тан астам еріктілер ұйымы тіркелген.