Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білімді дамытудағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагогтарды «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс xатымен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білімді дамытудағы еңбегі және қоғамдық белсенді қызметі үшін «Құрмет» орденімен Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі физика пәнінің мұғалімі Анатолий Белиданы, Алматы облысы, Іле ауданы, М.Мақатаев атындағы №13 жалпы орта білім беру мектебі тарих пәнінің мұғалімі Гүлнәр Кәзербаеваны, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Түркістан облысы, Кентау қаласы Ахмад Югнаки атындағы жалпы орта білім беру мектебі математика пәні мұғалімі Дәнегүл Қуатбекті, Орал қаласының Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзихан Тасқаринаны, «Шапағат» медалімен Қарағанды қаласының Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты математика пәнінің мұғалімі Екатерина Непрукты марапаттады.