Аймақтар • 16 Тамыз, 2019

«Сарыарқа» газ құбырының 75 %-ы тартылды

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жауапкершілігі аясындағы «Сарыарқа» газ құбырының 796,6 шақырымы тартылды. Бұл айтулы жобаның желілік бөлігі құрылысының 75%-н құрайды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.

«Сарыарқа» газ құбырының 75 %-ы тартылды

«Сарыарқа» елдің энергетикалық қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, орталық және солтүстік аймақтарды көгілдір отынмен үздіксіз қамти отырып, экологиялық ахуалды жақсартуға тиіс. Болашақта жеке-меншік және шағын коммуналдық қазандықтарды, жер үйлер мен тұрғын үйлерді, жылу-электр орталықтарын біртіндеп газға ауыстыру жоспарлануда.

«ҚазМұнайГаз» жауапкершілігі шеңберіндегі құбырдың желілік бөлігін салу жұмыстарын үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін жергілікті әкімдіктер елді мекендерді, соның ішінде елорданы газбен қамтамасыз ету жұмыстарына кіріспек.

Бүгінде Қызылорда облысында дәнекерлеу-пісіру жұмыстары толықтай аяқталып, Қарағанды және Ақмола облыстарында қарқынды жүріп жатыр. Жобаны іске асыру барысында дәнекерлеу-пісірудің ең озық технологиялары қолданылуда. Озық технологиялар диаметрі 820 мм құбырды тәулігіне 6 шақырымнан аса жылдамдықпен тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде дәнекерлеу-пісіру кешендері:

- Қарағанды облысында газ құбыры жолының 794-ші шақырымында («Қарағанды» автоматты газ тарату станциясына бұру жүйесін орнату жеріне дейін 14 шақырым) және 844 шақырымында («Қарағанды» бұру жүйесін орнату жерінен кейін 36 шақырым);

- Ақмола облысында газ құбыры жолының 970-ші шақырымында (Қарағанды және Ақмола облыстарының шекарасынан солтүстікке қарай 27 шақырым) және 1056-шы шақырымында («Астана-1» автоматты газ тарату станциясына бұру жүйесін орнату жеріне дейін 5 шақырым) жұмыс істеуде.

Магистральды газ құбырының құрылыс жұмыстарына 2 мыңнан астам адам және 800 бірлік техника жұмылдырылған. Жылжымалы вахталық кенттер жұмысты тәулік бойы жүргізу үшін қажетті жабдықтармен жабдықталды. Қызметкерлер тіршілігі үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Операциялық қызметті акционерлері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ болып табылатын «АстанаГаз ҚМГ» АҚ жүзеге асырады. Құрылыстың бас мердігері болып «ҚазҚұрылысСервис» МГҚК» АҚ айқындалған.

Маңғыстау облысы