Спорт • 19 Тамыз, 2019

Стюартты сұлатып салды

251 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы Banc of California стадионында өткен кәсіби бокс кешінде шаршы алаңға көтеріліп, канадалық Стюарт МакЛелланнан басым түсті.

Стюартты сұлатып салды

Қандасымыз бұл жекпе-жекте осы жылдың сәуір айында мексикалық бокс­шы Кристиан Оливастан (16-5, 13 КО) жеңіп алған WBO Global мен WBC Continental Americas аймақтық бел­дігін алғаш рет қорғады. Бокс мамандары мен боксшылардың өздері белдікті жеңіп алуға қарағанда, оны қорғап қалу қиын екенін жиі айтады. Енді ше, кімнің биікке шығып, төмен құлағысы келсін?! Белдік қорғап қалудың маша­қаты ауыр екенін сезінген Жәнібек бұл жекпе-жекке дайындықты ерте бастады. Кездесу уақыты шілде айының ортасында белгілі болса да, отандасымыз АҚШ-қа маусымның соңында аттанды. Бара салысымен дайындығына кірісіп, жауапты кездесуге мұқият әзірленгенін әлеуметтік желі арқылы көріп, әр қиымылын бақылап отырдық.

Жәнібектің бұл айқаста жеңілуге хақысы жоқ еді. Себебі бірінші кезекте отандасымызға жанкүйер болып отырған қалың Қазақ елінің артқан сенімін ақтау керек болатын. Екіншіден, қандасымызға қарсылас атанған канадалық боксшы күні кешеге дейін Әлімханұлын сайқымазақ Боратқа теңеп, әбден шамына тиген-ді. Қазақтың қай­сар ұлы канадалықтың бұл қылығына сабыр­мен қарап, қарымтасын сөзбен емес іспен қайтаруға бекінді әрі солай болды да. Жәнібек Әлімханұлы бес раундтың ішінде канадалық Стюарт МакЛелланді үш рет нокдаунға жіберді. Төреші араға түспегенде канадалықтың хәлі не боларын кім білсін?

Әуелде екі боксшы арасындағы жек­пе-жек 10 раундқа жоспарланған бо­ла­тын. Алайда Жәнібек кездесуді көпке соз­бай, бесінші раундта-ақ аяқтау­­ды жөн көрді. Бірінші раундтағы алғаш­қы со­ққыны қазақстандық боксшы жаса­­ғаны­­мен, Стюарт МакЛелланның бастапқы қарқыны қатты болып көрінді. Бірақ Жәнібек екінші раундта жекпе-жек тізгінін мықтап қолға алды. Жақсы соққылар жұмсап, сериямен де сәтті жұмыс істеді. Қорғаныста да сауатты болды. Кезекті бір сәтті соққы­дан ке­йін канадалық боксшы нокдаунға түсіп қалды. Басымдықты раунд сайын үдете түскен Жәнібек бесінші раундта МакЛелланді екі рет нокдаунға жіберді. Алғаш­қысында канадалық тез ес жиып, айқасты жалғастыруға тырысқанымен, отан­да­сымыздың сериялық соққы­лары­нан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Осылайша, Жәнібек белдіктерін сәтті қорғап, әлем чемпионы атағы үшін тағы бір қадам жасады. Кешегі жарқын жеңі­сінен кейін Әлімханұлы орта сал­мақт­ағы ТОП-50 боксшының қатарына кіруі тиіс. Егер жыл соңына дейін отандасымыз тағы бір-екі жекпе-жек өткізетін болса, келесі жылдан бастап төрт белдіктің бір тұжырымы бойынша чемпиондық бел­дікке таласуға толық мүмкіндік туады.

Отандасымыздың жекпе-жегін тама­шалаған америкалық Boxingnews24.com басылымының журналисі Барри Холбрук Жәнібектің жеңісін жоғары бағалады. «Орта салмақтың болашақ жұлдызы Жәнібек Әлімханұлы (7-0, 3 КО) кешегі бокс кешінде канадалық Стюарт МакЛелланды (27-4-3, 11 КО) үш рет нокдаунға жіберіп, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Осы қарқынынан таймаса, тез арада әлем чемпионы бола­тынына күмәнім жоқ» дейді ол. Отанда­сы­мыздың жекпе-жегін ESPN + телеарнасы бірінші рет тікелей эфирде көрсеткенін айта кетейік. Бұл шетелдік жанкүйерлер арасында Жәнібектің тез танылуына тағы бір мүмкіндік екені белгілі.

26 жастағы отандасымыз бір жылдың ішінде АҚШ-та бес жекпе-жек өткізіп, бесеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті.