Аймақтар • 19 Тамыз, 2019

Үй гүлдерін өсірушілер клубы

1155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық кітапханадағы әуесқой гүл өсірушілер клубының мүшелері Елена Асеева, Раиса Попова, Людмила Зорина, Елена Просянниковалар үй гүлдерін өсіру, күту, бөлме өсімдіктерін жасарту және қайта отырғызу жайлы кеңестер береді.

Үй гүлдерін өсірушілер клубы

Үй гүлдерін өсірушілер 15 жыл­дан астам уақыттан бері осы кітапханада жиналады. Отырыстардың барысында алдымен гүлдер әлемінің жаңа­лықтары талқыланады. Қатысушылар гүл сұрып­тары­мен алмасады, гүл өсіру, ландшафтық дизайн бойынша жаңа кітаптармен танысып, бөлме өсімдіктерінің жаңа сұ­рып­тарын көреді.

Гүл өсіруші Елена Асеева ауырып қалған гүлдерді қалпына келтіру, гүлдер мен өсін­ділерді қайта отырғызу, сапалы топырақ таңдау, дұрыс жарық­тандыру және қалыпты суару сияқты шеберлік сыныбын және тәжірибелік сабақтар өткізеді.

Биолог мамандардың айтуынша, үй гүлдерімен жиі «сөйлесіп» жүрсе, гүлдер бізді тыңдайды, ән әуендері де ерекше әсер береді.

– Әдемі гүлдейтін шегір­гүлдер, эписциялар, жаңа гви­нея­лық бальзаминдер, «Жаңбыр әуені», «Эстель», «Рапсодия-Кора», фуксиялар, сәндік-жа­пырақты гүлдер өсірген жақсы. Қазір шеттен жеткізілетін үйде өсірілетін гүлдердің түр-түрі бар. Әр гүл­дің күтімі әр­түрлі. Бірі күн көзін жақсы көр­се, енді бірі, мысалы, драцена тек көлеңкеде өседі, – дейді «Фиалочка» әуесқой гүл өсіру­­ші­­лер клубының жетекшісі Елена Асеева.

Ал «Фиалочканың» кезекті отырысына келген әйелдерді жазғы уақытта үй гүлдерін қалай суару, қалай куту керектігі мазалайды.

– Жаз кезінде үй гүлдерін ыстықтан сақтау үшін салқын жер­ге қойған дұрыс. Бөл­мені мүм­кіндігінше салқындату қа­жет. Гүлдерді салқын сумен бүр­кіп, өсім­дік­тердің тамыр жүйесі зардап шекпеу үшін аз-аздан суару керек, – деді Елена Асеева.

 Гүл өсірушілерге «Ян менуэт», «Қар эдельвейсі», «Пират­тар қазынасы», «Тро­пикана», «Әке­сінің қызы Даша» атты жаңа фиалка сорттарын өсіруді ұсынды.

 

ПАВЛОДАР