Экология • 19 Тамыз, 2019

Судағы экологиялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа ережелер кемелердің жүзуі салдарынан ластану қаупін азайту үшін теңізде жүзудің экологиялық қауіпсіздігі шараларын күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Судағы экологиялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Қазіргі уақытта Каспий теңізінің қазақстандық секторында сауда флотының 12 кемесі, жүк көтергіштігі 5-13 мың тоннаны құрайтын және мұнай кен орындарын игеру үшін теңіз операцияларын қолдау флотын қоса алғанда, қазақстан туын көтеріп жүзетін 300-ден астам кеме жұмыс істейді. Бұдан басқа, тұрақты негізде қазақстандық порттарға басқа Каспий маңы мемлекеттерінің 60-қа жуық кемелері кіреді.

Каспий теңізінің қазақстандық секторында кемелерді пайдаланудың қарқындылығын және тасымалданатын мұнай мен отынның көлемін ескере отырып, еліміздің аумақтық теңіздерінде кемелерден ластану және соған сәйкес орны толмас залал келтіру қаупі өте жоғары. 

Осыған байланысты, теңіз кемелерінен «нөлдік» сарқынды суларды шығаруды қамтамасыз ету үшін ҚР ИИДМ басшысының бұйрығымен оларды болдырмау жөніндегі ережелер бекітілді. Олар кемелерден ластануды болдырмау жөніндегі халықаралық конвенцияның (МАРПОЛ конвенциясы) техникалық талаптарын іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, теңіздің ластануына алып келетін кеме бортында операциялар жүргізу тәртібі анықталады, мысалы, кемеге отын құю, жүк бөліктерін жуу, теңізге ағызылған шаруашылық мақсаттарында жұмсалған сарқынды суларды сүзу және шығару.

Бұдан басқа, теңізге мұнай, сұйық химиялық заттарды, сарқынды сулар мен қоқыстарды шығаруды болдырмауға арналған кемелерде арнайы жабдықтар мен жүйелердің болуы және олардың атқаратын жұмысы бойынша талаптар белгіленеді.

Бұл ережелер теңіздің кемелерден ластану тәуекелін азайту жөніндегі біріздендірілген халықаралық талаптардың сақталуын және тиісінше шетелдік порттарда отандық кемелердің оларды бұзғаны үшін кідіруін болдырмауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ кеме иесі тарапынан теңіз ортасын ластау салдарын жоюға арналған шығындардың ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.