Еліміздің тау-кен өндірісі және металлургия саласының тарихы әріден басталатыны белгілі. Елбасымыз биылғы Жолдауында да тау-кен, металлургия өнімінің экспорты мен өнімін екі еселеуге тапсырма берген болатын. Бұл тау-кен өндірісінің соңғы жылдары ел экономикасының маңызды салаларына айналып отырғандығын көрсетеді. Осыған орай, 16-18 наурыз аралығында Астанадағы “Radіsson SAS” қонақүйінде “Майнекс Орталық Азия” тау-кен өндірісіне арналған 1-ші халықаралық форум болып өтті.
Жаңа технологиялық мүмкіндіктерді іс жүзіне асыруда ең алдымен Үкімет пен кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығы болса керек. Инвестиция тарту мен тау-кен, металлургия өндірісінің өнімін көбейтудің жаңа жолдарын қарастыру жөнінде ой-пікір бөліскен форумға еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты. Алдымен Mіnex өкілі Дэвид Пирс сөз алып, форум жұмысын ашты. Оның айтуынша, өткізіліп отырған шара жер қойнауын қолданудың жергілікті, аймақтық және жаһандық тенденцияларын жақсартуға, инвесторлардың қажеттілігін анықтауға септігін тигізеді. Сонымен бірге мұндай маңызды деңгейдегі салалық форум Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын мәлімдеді. Дэвид Пирстен кейін сөз алған Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасындағы тау-кен өндірісінің алар орны, атқаратын рөлі, міндеттері туралы баяндама жасады. Онда ол таяу 5 жыл ішінде Қазақстан катодты мыстың өндірісін 500 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырғандығын жеткізді. Бұл Казцинк және Қазақмыстың қосымша өндіру қуатын енгізу және барлау жұмыстарын кеңейту арқылы іске асырылмақ. Ә. Исекешевтің айтуынша, мыс қорытпалары, прокат және катанка өндірісі жолға қойылады деп күтілуде. Баяндамасын тау-кен өндірісінің бүгінгі көрсеткіштеріне негіздеген Ә.Исекешев ел өндірісінің ұстанып отырған саясаты жөнінде айтып өтті. Ресурсты сақтау (қалдықсыз өндіріс технологиясын енгізу), минералды ресурстарды кешенді қолдану және шикізатты жоғалтуды барынша қысқарту және басқалар. Сондай-ақ, қолданылатын технологиялардың энергиялық тиімділігі мен экологиялық тұрғыдан тазалығына басымдық берілмек.
Форум жұмысы отандық металлургтерге бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнімдерді шығарып қана қоймай, жаңа рыноктарға шығуға, өз бағыттарын нықтап айқындауға, ел экономикасына инвесторлар тартуға мүмкіндік беретіні шындық. Біз инвесторлардың барлығымен жұмыс істеуге дайынбыз, деді ол.
“Тау-кен Самұрық” ҰК басқарма төрағасы және Республикалық тау-кен өнеркәсіптері қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Үкіметтің бұл салада жұмыс жасап жатқан бизнесті қолдайтындығын жеткізді. Жоғары білімді кадрларды даярлау үшін көптеген жоо мен кәсіптік-техникалық училищелер қайтадан мамандандырылатын болады, деді ол.
“Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ басқарма төрағасы, форум модераторы Қайрат Келімбетов ел кәсіпорындарының өндірістің жаңа шыңдарына шығуға құлшынып отырғандығын, ал бұл талпыныс шикізаттық базасыз мүмкін еместігін айтып өтті. Қ.Келімбетовтің айтуынша, енді минералдық-шикізаттық сектордағы мемлекеттің мүдделері қорғалмақ. Оның дәлелі қорға қарасты “Тау-кен Самұрық” АҚ-тың құрылуы. Қазақстанның тау-кен индустриясындағы мемлекеттік активтер операторының басты мақсаты – тау-кен активтерінің құнын арттыруға және тау-кен саласы өнімдерін бәсекеге қабілетті етуге ықпал жасау. Компания қатты пайдалы қазбаларды өңдеу, өндіру, қайта өңдеу және қоршаған ортаны, болашақ ұрпақты қорғау бойынша жеке сектормен серіктесіп жұмыс жасайды. Компанияның жүргізген сараптамаларына сүйенсек, еліміздегі игерілмеген кеніштер тізімі – 67. Алтын, мыс, боксит, никель, кобальт, вольфрам, молибден, сирек металдар, темір, қорғасын хром секілді пайдалы қазбалардың кеніштері бос, бос еместігін, олар бойынша толық геологиялық анықтама жасалды.
Форум жұмысын қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тау-кен өндірісінің Қазақстан үшін өте маңызды сала екендігін атап айтты. Урбанизация үдерісінің жоғарылауы, жаһандық тұрғын жайдың көбеюі ресурсқа сұранысты арттыра түсуде. Осыған орай, Қазақстан ресурсқа сұраныстың артуын қанағаттандыра алатын оңтайлы жағдайда деген Үкімет басшысы аталмыш сектордың өндірістік өнім және экспорт көлемінің ІЖӨ-нің маңызды бөлігін құрайтындығын атап көрсетті. Әлемдегі ең ірі табиғи ресурстар базасының бірі – Қазақстан. Сондықтан болашақта сұраныстың жаңа талаптарына жауап бере алатын мүмкіндігі бар. Бұл тек қана өзіміздің дәстүрлі ішкі рыногымыз деген сөз емес, Азияның, Таяу Шығыстың жоғары дамып келе жатқан экономикасын да қанағаттандыратын боламыз. Біз кәсіпорындардың жұмыс жасауы үшін қолайлы жағдай туғызудамыз. Үкімет олармен серіктес ретінде жұмыс жасауда. Бұл шаралар еңбек өнімділігін арттыруға, бизнеске ұзақ мерзімді инвестициялық шешімдерге сенім туғызуға жасалып отырған мемлекет тарапынан қамқорлық деген Премьер-Министр сөзін қорытындылап, фойеде ашылған көрме жұмысымен танысты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.