Біздің «сары жәшік» деп отырғанымыз – қазіргі заманғы ойын автоматы. Бұрынғыға қарағанда ұтыстарды қабылдап және оны теңгемен беретіндей жетілген терминал. Міне, дәл осы аппараттарға нәпақасын түгел салып жіберетін құмар ойын құрбандары аз емес. Кейбірімен сырттай таныспыз...
Жаңалық ашып отырған жоқпыз, әрине, бірақ бір отбасын ойрандап жіберетін ойын автоматтары туралы талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. «Egemen Qazaqstan» газеті де бұл туралы дүркін-дүркін мәселе көтерді...
Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын қоғамдық орындардан ойын автоматтарын алып тастаған болатын. Яғни, мұндай ойын ордаларына заңмен тыйым салынған еді. «Ойын бизнесі туралы» заңда «казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында – Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады» деп көрсетілген. Сонымен қатар осы заңда ойын мекемелерін тұрғын үй қорына жататын ғимараттарға орналастыруға тыйым салынатындығы да айтылған. Алайда көпқабатты тұрғын үйлер астынан ойын ордаларын ашып, ойына келгенін істеп, заңды белінен басып жүргендерді де бүгінде көз көріп жүр.
Бір ғана мысал. Бірде елордадағы «Астаналық» сауда үйіне қарама-қарсы тұрған көп дүңгіршектердің біріне бас сұққанымызда, самсап тұрған бірнеше «сары жәшікке» тап болдық. Ондағы жігіт біз кірген бойда-ақ қай аппарат бұл уақытқа дейін қанша ақша «жеп» үлгергенін «жіпке тізіп» берсін. Аузы-аузына жұқпайды. Кенет бірнеше жасөспірім, жастар да бұл «құтты» орынға кіре бастады. Оларға ешкім «неге келдің» деп кеудесінен итеріп жатқан жоқ. Қайта «құшақ жая» қарсы алып, оларды «үгіттеуде». «Сары терминалдың» босағанын сарыла күтіп, топырласа бастады…
Бір таңданарлығы, көз алдарында жеңіліске ұшыраған адамды көрсе де, аппаратқа телмірген жігіттердің азаятын түрі көрінбеді. Керісінше, бағын сынауға үміттенгендердің қатары барған сайын көбейіп бара ма, қалай?..
Есілдің сол жағалауындағы «Номад» тұрғын үй кешенінде орын тепкен «Дастарқан» асханасында, сондай-ақ дәл осы үйдегі «Риза» шағын маркетінде де бірнеше ай бұрын біршама «сары жәшік» тұрған-ды. Дәл сол жерден жасы 40-ты алқымдап қалған жігіт ағасын көретінмін. Сол кезде онымен бір-екі рет тілдесіп қалғанымыз да бар-тын. Есімі – Ерлан.
– Алматыда оқып жүргенімде осы құмар ойындарға қызығып, бір досымның үйретуімен ойнай бастадым, – деген ол сонда. – Алғашқыда әп-әдемі ұтыс алып жүрдім. Мәселен, 200 теңгемен келіп, 10-15 мың теңгедей «көтеріп» жүрдім. Ол кезде әжептәуір ақша ғой.
– Шамамен қай жылдары еді?
– 2000 жылдың басы болатын.
– Сонымен?..
– Сонымен сол, үйге көңілді қайтып, бала-шағамды мәз-мейрам қылатынмын. Бірақ әйеліме бұл туралы тіс жарып айтпадым. Кім біледі, тағы шу шыға ма деп ойымды бүгіп қалдым. Сөйтіп күндер өте берді. Әккіленгенім сонша, бұдан да көп ақша ұтатын болдым. Бірақ «азарт» деген бәле екен. Бара-бара айлығымды тұтас автоматқа салып жіберетін жағдайға дейін жеттім.
– Қайда жұмыс істеп едің?
– Ой, біздікі құрылыс қой. Сөйтіп ақыр аяғында үйде ұрыс-керіс жиі шығып, әйелім төркініне кетіп тынды. Бір қосылып, бір айырылысып жүріп жаттық. Бұл ойыннан біршама уақыт қол үзіп едім. Енді, міне, ойын автоматының мынадай түрі (иегімен «сары жәшікті» нұсқап) шықты.
– Сонда Алматыдан астанаға қашан келдің?
– Астанада құрылыс қызу жүріп жатқан соң, осыдан 2-3 жыл бұрын осында келдім. Қазір құрылыс фирмаларының бірінде жұмыс істеп жүрмін. Айлығым жаман емес. Тек мына бәле тағы алдымнан шықты (жымиып қойды). Сол уақыттарда әйеліммен ажыраса жаздап, шүкір, қайта қосылдық. 4 баламен қайда барар дейсің (тағы күлді). Бала-шағам қазір Алматыға жақын ауылдардың бірінде тұрады. Ара-арасында демалыс алып барып тұрамын.
– Сені осы жерден жиі көремін…
– Иә, жұмысыма жақын болған соң, қалтамда аз-маз ақша болса, ақша «көтеріп» қалам ба деген дәмемен келемін. Кейде ұтамын, кейде ұтыламын…
– Ойнамауға болмай ма? – деп сұрадым сынай қарап.
Ол ойланғандай кейіп танытып сәл бөгелді де, күліп жіберді.
– Болатын шығар… Әй, бірақ қайдам… Мәселен, кеше таза 12 мың теңгені осында (аппаратты нұсқап) жай ғана «тастап» кеттім. Әншейін ақша қалдыра берсем нем қалады? «Кто не рискует – тот не пьет шампанского» деген бар емес пе? Кешегі ақшамды қайтсем де шығарып алуым керек. Нар тәуекел!..
Иә, біз тілдескен кейіпкеріміз осылай деді. Ал мұндай ойынқұмарлар арамызда аз ба?!
Ерланмен қоштасар сәтте «сары жәшікте» жазылып тұрған телефон нөміріне хабарластым. Ойын автоматтарын орнатулары қаншалықты заңды екенін білмекке ұмтылдым. Өкінішке қарай телефон тұтқасын көтерген жігіт бұл туралы әңгіме қозғауға бейіл еместігін білдіріп, тұтқаны тастай салды…
«Бұл саланы бақылайтын жүйе жоқ, – дейді заңгер Думан Базарбеков. –Құмар ойын мекемесіне қанша жастан кіруге болатыны жайлы жұмыс уақыты ретке келтірілмеген. Олар тәулік бойы жұмыс істей береді. Сыртынан қарасаңыз, қарапайым ғана автомат. Бірақ келтіріп жатқан зияны орасан зор. Сондықтан менің ойымша, мұндай мекемелерді қала сыртына шығарған дұрыс. Заңға бағынбағандарын қатаң жазалау қажет. Көптеген мемлекет құмар ойыны бизнесін бақылауды қолға алған. Мәселен, бәрімізге белгілі Техас қаласы – тек құмар ойын мекемелерінен құрылған қала. Оны арнайы тұрғызған. Мұндай қала Біріккен Араб Әмірліктерінде де бар. Яғни, мемлекет бұл саланы бақылауға алып, заң аясында жұмыс істеуін қадағалайды. Менің ойымша, қазіргі құмар ойындарға қатысты заңға өзгерістер енгізу керек».
Интернетке жүгінсек, ойынқұмарлықты медицинада «лудомания» деп атайды екен. Бүгінде тәуелділігі жағынан нашақорлықпен тең дәрежеге жеткен лудоманиямен көбіне жастар ауыратын көрінеді. Бұл түсінікті шығар. Психолог мамандар бұл ауру үш деңгейден тұратынын айтады. Бірінші, жеңіл түрінде адам өз-өзін басқара алады. Яғни, олар әлі ойынқұмарлыққа толықтай берілмегендер. Екінші, орташа түрінде адамдар – уақытының көп бөлігін ойынқұмарлыққа арнайтындар. Үшінші, ауыр түрінде – бұлар түгелдей уақытын сонда өткізетіндер. Олардың бүкіл санасы соған ауып, одан шыға алмай қалады. Мұндайлар психикалық әлсіздік кесірінен өз-өзіне қол жұмсауға дайын тұрады екен.
Құмар ойындары үшін адамдарды өзіне магнитше тартатын аппараттарды «лотереялық терминалдар» деп атайды. Естуімізше, осындай терминалдарды жеткізіп берушілер өздерінің сайттарында сатып алушыларға өз құнын 3-4 айда ақтап шығатындығына және бизнестің кірісі бір жылда 300 пайызға дейін болатындығына «уәде» беретін көрінеді. Әрбір терминал иесінің қалауы бойынша өзінің ұтыс пайызына қарай бейімделеді екен.
Бір қызығы, бұл терминалды орнатуға аса бір рұқсат беретін құжаттар талап етілмейді. Салық органынан ақшалай лотереяны лезде өткізуге лицензия алса, жеткілікті көрінеді. Әрі қарай…
Статистика бойынша еліміздегі әрбір бесінші адам айына 2000 теңге бәс тігуге дайын екен. Бұл – әр отбасында бір адам құмар ойынның қызығына батуға әзір деген сөз.
Ойын автоматтары залынан тек жастарды ғана емес, жоғарыда атап өткен Ерлан секілді бір-бір үйдің отағаларын да көріп жүрміз. Оны айтасыз, әйел адамдардың кейбірі де бұл ойыннан бас тарта қоймайды. Нәзік жандыларды да ойын ордаларынан талай рет ұшырастырдық.
Бір қызығы, ойынқұмар жандардан жағдайын сұрай қалсаң, «ұттым» деген сөзді естімейсің. Сонда дейміз-ау, ұтылатынын біле тұра, неге мұндай қадамға барады?!
Демек, құмарпаздық деген осы!
Ал құмар ойындарға көз жұма қарауға болмайтын секілді. Мұны заңмен реттеп, ойын бизнесін қадағалаған жөн. Әйтпесе, түбі жақсылыққа апармайтыны анық.