Әлем • 20 Тамыз, 2019

«Жаңылмайтын жақ жоқ» десек те...

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың 47-ші вице-президенті Джо Байден Демократиялық партия­дан Д.Трампқа қарсы 2020 жылғы президенттік сайлауға түседі деген болжамдар жиі айтылуда.

«Жаңылмайтын жақ жоқ» десек те...

Өмір бойы саясатпен айналысып, соның ішінде 36 жылдай сенатор, 8 жылдай вице-президент болған Д.Байден 2020 жылы сайлауға түссе, жасы 78-де болады екен. Ал Д.Трамптың жасы ол кезде 74-те болады. Бір кезде социалистік елдер лидерлері егде тартып америкалықтар оны түрлі әңгіменің, тіпті әзіл мен әжуаның, келекенің кейіпкеріне айналдырып жүрсе, енді өздерінде де сондай жағдай болып отыр.

Әрине жасы тым үлкен адамның физио­логиялық, биологиялық қуаты қайтпаған болса, мемлекет басқаруда еш кедергісі болмайды. Керісінше, өмірлік тәжірибесі мол болғандықтан, бірден-бір дұрыс шешім қабылдай алады. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Бұқар жырау сияқты қазақтың даналары 90-нан асқан шақтарында да сөзден жаңылмай, жас адамдардың басына келмейтін даналықтарды ағын судай тасытқан...

Алайда Байден мен Трамптың сөзден жиі жаңылып, жадтарының олқылық таныта бастағаны туралы жуырда «Америка дауысы» ашық жариялады. Мәселен, жуырда Байден Айова штатына өзінің жақтастарымен бірге барып, демократиялық праймеризде (партия ішілік таңдау) жеңіп шығуға талпыныс жасау мақсатымен кездесулер өткізіп, сөз сөйлеген. Сонда Трампты мұқатпақ болған: «Біз фантастиканы емес, ғылымды таңдаймыз. Біз фактілерді емес, шындықты таңдаймыз» деген сөздері қалай түсінуді білмеген тыңдаушыларын әрі-сәрі қылған. Шынында фактілерді шындыққа қарсы қоюдың өзі оралымсыз дүние екені сөзсіз. Өзіне пайдалы мұндай сыбағаны Трамп та шап етіп ұстай алып, өзінің Туиттердегі парақшасына: «Оның ақыл-ой сапасы президенттік лауазымға лайықты екеніне әлі де сенетіндер бар ма? Біз өте үлкен және күрделі әлемде «ойнаудамыз», ал оның не екені туралы Джоның ешқандай түсінігі жоқ» деп жазды. Ал өткен жұма күні өзінің Нью-Джерсидегі гольф-курортына дем алуға ұшып бара жатып ол Байденнің «басы істейтініне күмән келтіретінін» айтып кетті.

Сөзден жаңылуға келгенде Д.Трамптың өзі де «оңып» тұрған жоқ. Өткен аптадағы 31 адамның өмірін жалмаған атыс туралы ол «Толедода құрбан болғандарға Құдайдан жеңілдік сұрап сыйынамын» деп жариялады. Ал бұл оқиға Толедода емес, Огайо штатының Дейтон қаласында болған еді. Екеуінің арасы 240 шақырым...

Осы оқиғалар туралы Д.Байденнің мәлімдемесі де қарсыласынан алысқа кетпеді. Ол алғашқы атысты Хьюстонда болды деп сөйледі, ал шын мәнінде оқиға Техас штатының Эль-Пасо қаласында болған еді. Ал екінші атысты Мичиганда болды деп мәлімдеп, оның тұрғындарына көңіл айтты. Ал оқиға Мичиганның көршісі Огайо штатында болған.

Айова штатына жасаған сапарындағы сайлаушылар алдында сөйлеген сөздерінде Д.Байден, тіпті «қатырды». Оқу, білім мәселелеріне қатысты сөйлегенде ол: «Кедей болсақ, бұл мәселені еңсере алмаймыз деп айтылатын пікірлер бар. Кедей балалар да ақ түсті балалар сияқты ақылды және талантты бола алады» деген. Бұл сөздер қара түстілердің бәрі кедей болғаны ма деген ой туғызып, сайлаушылар арасында ішінара наразылықтар туғызған... Өзінің сөзден жаңылып кеткенін ұққан Байден одан әрі: «Бай балалар сияқты қара түсті балалар да, Азиядан шыққандар да... Мен шын айтып тұрмын, сіздер біздің осы мәселе бойынша қалай ойлайтынымыз туралы ойланыңыздар» деп одан әрі шатасқан.

Әрине қалжыраған қарт адамның көп сағаттық мәлімдемелер жасап, сөз сөйлеп тұрғанында жаңылыс кетуі заңды. Бірақ бұл қарапайым адамдарға кешірімді болғанымен, елдің билігінің басына келетін адамға кешірімсіз. Д.Байден сияқты саясаткердің басқан қадамын аңдып жүретін қарсыластары қазір оның сөздерінен қателікті көп тауып, оны қуана жариялап жатыр. Бұл да сайлау алдындағы саяси технологияның бір амалы. Жуырда Демократиялық партияның әлеуетті кандидаттарының дебатында оның «Трамп тағы сайланса, билікте әлі сегіз жыл отыратын болады» деген қателігі де үлкен әңгімеге арқау болды. Дұрысы төрт жыл екенінен қарт адам жаңылып кеткен... Ол ол ма, сөзінің соңында Байден өзін қолдайтын сайлаушыларды Joe 30330 сайтына еніп, ұсыныс-пікірлерін айтуға шақырған. Сөйтсе, бұл сайт әлі ашыла қоймаған екен. Алайда оны бір пысық тезірек қолдана қойып, осы сайтты ашып жіберіп, Байден жақтастарының ой-пікірлерін жинауға жедел кіріскен... Ал шын мәнінде Байден өзінің жақтастарын 30330 нөміріне мәтіні бар хабарламалар жіберуге шақырмақ болған екен...

Осындай шалыс басулар қазір Демо­кратиялық партияның жақтастарын да ойландырып тастаған. Бұрынғы сауалнамаларда Дж.Байденнің сайлауда Трампты жеңетіні туралы жиі айтылатын еді. Қазір осы партиядан кандидатураларын ұсынуға тырысқандардың өзі оның жаңылыстарын жақтары талмай жариялап жатыр.

Қалай болғанда да, АҚШ үкіметінің басына қателеспейтін адамның келгені дұрыс-ау...